Өнегелі өмір

Өнегелі өмір
22.02.2017
351
Әлеумет

Өнегелі өмір

Тәубе, парасат-пайымы бөлек, ой-өлшемі ерен, әр сөзінің әрі мен нәрі терең, еліне ұйытқы, жұртына қалқан болған қара нардай ағаларымыз әлі де баршылық.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған абыройлы ақсақалдың өткен жолына, кешкен өміріне көз салсақ, көп нәрсе жібек жіптей суырылып өте береді. Оспан Әбишеұлы – Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктеріне экономиканың өркендеп өсуіне сүбелі үлесін қосып, еңбек сіңірген білікті және білімді экономист-бухгалтер мамандардың бірі. Оспан Әбишеұлының аталары сонау жылдарда Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығынан көршілес түрікмен еліне көшкен еді. Көшкен қалың елдің ішінде Ер Шотан батырдың тікелей ұрпағы Атабай, Шихы әулеттері де бар еді. Оспанның әкесі Әбише ақсақал да сол бір дүрбелеңде Түрікменстанның Ташауыз облысына барып қоныстанды. Қызыл-Шарқ елді мекенінде 1937 жылдың көктемінде Оспан Әбишеұлы дүниеге келді. Орта мектепті осы елді мекенде бітіріп, Ашхабад қаласында сауда техникумын 1957 жылы ойдағыдай бітіргеннен кейін еңбек жолын Көне Үргеніш ауданындағы райпода қатардағы есепші болып бастаған. 
1960 жылдың күзінде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, әскери борышын Ақмола (Целиноград) қаласында өтейді. 
Ата-бабаларының кіндік қаны тамған жері Маңғыстауға 1964 жылдың наурыз айында  Қызылсай ауылына қоныстанды және Өзен геологиясын барлау экспедициясына (УГРЭ) бухгалтер болып орналасады, осылай Оспан Әбишеұлының Маңғыстау байлығын игерудегі еңбек жолы басталды. 1964-1970 жылдар аралықтарында аға есепші, бас есепшінің орынбасары лауазымдарында еңбек етіп, УГРЭ, одан кейін қайтадан Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында (УУБР) өркендеп өсуіне, техникалық-экономикалық көрсеткіштерінің қалыптасуына атсалысты. 
Сол кездері Жаңаөзен қаласы екпінді құрылыс алаңы еді, көптеген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, екінші мұнай құбыры Жаңаөзен-Ақтау салынып жатқан кездер еді. Оспан Әбишеұлы өз жұмысын жетік меңгерген маман ретінде сол кездегі КСРО Мұнай өнеркәсіп министрлігіндегі бас есеп басқармасы Жаңаөзендегі трест «МНГС» қарауындағы СУ-9, СУМР, УМР мекемелерінде бас есепші болып 1970-1974 жылдары еңбек етті. 
Бұрғылау жұмыстары аумағының кеңеюі, бұл Өзен, Жетібай, Асар, Темірбаба, Тасболат, Теңге, Көкімбай және т.б. кенорындарында терең скважиналарды қазуда технологиялық бақылау күшейтіліп, өндіріс мәдениеті жаңа қырынан көріне бастады. Бұрғылау бригадасын екі станокты әдіске көшіру еңбекті ұйымдастырудағы жаңалықты енгізу ретінде маңызы аса жоғары оқиға ретінде қаралды. Бұл әдіс алғаш рет Өзен кенорнында қолданылды. Осы үлкен жауапкершілікте басқарма бухгалтериясының орны бөлек екенін біліп, «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестік басшылары білікті маман Оспан Әбишеұлын 1974-1980, 1984-1991 жылдары Өзен Бұрғылау басқармасына бас есепшінің орынбасары, бас есепші лауазымды қызметтеріне тағайындайды. «Өзен бұрғылау басқармасының» жандануына, жаңа жүйенің қалыптасуына ерекше ықпал беріп, серпін әкелді. Мұнда Оспан Әбишеұлының өлшеусіз еңбегінің үлесі бар.  
Оспан Әбишеұлы өзінің адал еңбегімен, бухгалтерия-экономика саласын жетік меңгерген ұйымдастырушылық қабілетімен Өзен бұрғылау басқармасы еңбектерінің табысты болуына, еңбекақыларының көп болуына үлкен мән берді. Нәтижесінде, Өзен мұнайшылары Отанға жылына 10-17 миллион тонна мұнай өнімін өндірді. Өзен мұнайының даңқын өсірді. Бұл жетістікте Өзен бұрғышыларының еңбегі зор. 
Оспан Әбишеұлы еңбек жолында Мектепбай Айтмағанбетов, Рзахан Сариев, Орынбай Ермеков, Қарлығаш Аленова, Римма Хайруллина, Темірхан Сарбуфин, Бақтыбай Жолмағанбетов, Биғали Тоқмурзаев сынды азаматтармен бірге жұмыс істеп, зор жетістіктерге жетті. 
Сол кезде бұрғышылардың қара шаңырағы болған Қызылсай ауылында Өзен бұрғылау басқармасының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімшесі, ауыл тұрғындарын ауыз сумен, электр тоғымен қамтамасыз ететін бөлімшелері болды. Осы елді мекенде орналасқан орта мектепке барлық кезде демеушілік көмек көрсетті. 
Сол кездерде Қызылсай ауылында балабақша, жаңа үлгідегі бу қазандық, клуб, сауда орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың басы-қасында Оспан Әбишеұлы жүрді. 
Өзен кенішінде мұнай өндірісінің өсуіне байланысты кәсіпшілікті тұрақты сапалы электр қуатымен қамту мақсатында және электр жабдықтарды жөндеу, үйлестіру жұмыстарын жүргізуде орталықтандырылған, қуатты өндірістік базасы бар арнайы мамандандырылған энергетикалық басқарма құру қажеттілігі туындады. Сол кездегі Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Бекбосыновтың тікелей қатысуымен және «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігі басшыларының қолдауымен бұл жұмыстар өз шешімін тауып, 1980 жылдың қараша айының 6-шы жұлдызында жаңа мекеме «Өзенэнергомұнай» басқармасы құрылды. Оның алғашқы басшысы Дәрмен Бекимов болды, бас есепші қызметіне Оспан Әбишеұлы тағайындалды. 
Маңғыстау мұнайшылары үшін маңызы зор бұл оқиғаның өз тарихы бар. Сексенінші жылдардың басында Өзен кенішінде Мұнай өндірудің өзіне тән қиыншылықтары болды. Электр жүйелерінде ұңғылардың мөлшерден тыс шоғырлану себепті бұл көрсеткіш бірнеше есе (40-50 ұңғыдан) артты. Бұл электр жүйелерін апаттық жағдайға әкеліп, ұңғылардың көптеп тоқтауына әкеліп соқтырды. Сонымен қатар сол кезде Одақ бойынша Өзен кенорнында бірінші болып технологиямен жер қабатына ыссы су айдау жұмыстары енгізіле бастады. Бұл процесс орасан мол электр қуатын талап етті. Электр қуатымен мұнай өндірісін үздіксіз қамтамасыздандыру тәрізді күрделі жұмыстар басқарманың құрылуымен бірден шешімін таппасы анық еді. Сол себепті Оспан Әбишеұлы өндірісті басқару, мекеме экономикасының қарқынды дамуына алыс-жақын зауыттардан құрал-саймандарға сұраныс беру және есеп-шот айырысу, жоспарлы бюджетті бекіту, оның орындалуын қадағалау, жұмысшылардың еңбекақыларын өз уақытында төлеу, әлеуметтік тұрмыстарын күннен күнге жақсартып отыруына атсалысты. «Өзенэнергомұнай» басқармасының өсіп өркендеуіне, әсіресе мұнай өндірісінің дамуы, түрлі саладағы экономикалық жетістіктері, мінсіз қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1984 жылдың қыркүйек айына дейін абыройлы қызмет атқарды. Оспан Әбишеұлы Өзен мұнайының қара шаңырағы болған «Өзеннефть» НГДУ-ға бас есепші болып 1991 жылдың қараша айында тағайындалды және де осы лауазымды жұмысын абыроймен 1996 жылдың қараша айына дейін атқарды. Сол кездері «Өзенмұнайгаз» МГӨБ өз басына дербес өндірістік бірлестік болып қара шаңырақ құрды, оны білікті мұнайшы-маман Ж.Жанғазиев басқарды.
Жаңа құрылған өндірістік бірлестікте 40-қа жуық мекемелер болды, осы мекемелердің есеп-қисаптарын, тоқсандық, жарты және жылдық есептерді Оспан Әбишеұлы қарап және де оны қабылдап отыратын. 
Қандай жұмыстарды атқарса да, өзінің бірінші қоныстанған қара шаңырағы болған Қызылсайға үлкен ықылас ниеті, құрметі зор болатын. Осы елді мекендегі Мухаммедін Шихыұлы атындағы мешіттің құрылысына, қалыптасып өсуіне көп қызмет атқарды. 
Оспан Әбишеұлы еліне сіңген ерен еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан мұнайына 100 жыл» медальдарымен, КСРО Мұнай Өнеркәсібі Министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық, қалалық әкімшіліктердің Алғыс хаттарымен марапатталды. 
Оспан Әбишеұлы 55 жыл жұптары жазылмай өмір сүрген Бөпежан жеңгеміз екеуінен өрбіген Мұхтар, Мұхит, Мұрат, Бақыт, Ылайық, Айсәуле ұл-қыздарынан 7 немере, 2 шөбере, 7 жиен тарады.

Майлыбай Өтебайұлы, Техника ғылымдарының докторы, Жаңаөзен қаласы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх