«Әйел – сұлулықтың символы». «Өзенмұнайгаз» АҚ

«Әйел – сұлулықтың символы». «Өзенмұнайгаз» АҚ
06.03.2017
606
Қызметкерлер

«Әйел – сұлулықтың символы». «Өзенмұнайгаз» АҚ

Жансая Мұқанова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, АжТБ, БӨАжА бойынша жөндеуші:

– Әрбір қазақ келіншегі ошағының отын сөндірмей, бала бағудан артық бақыт жоқ деп санайды. Қоғамда, отбасында әйел адамның өз орны бар. «Жұмақ – анаңның аяғының астында» – деген керемет хадис бар. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өндірістегі жұмысы мен ана болудан да қалмауға тырысып жүрген барлық өзенмұнайгаздық қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтай отырып, асулардан бірге асып, жетістіктерге бірге жетейік деген тілек айтамын.

Ғалия Серікбаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Кеңсе меңгерушісі:

– Аяулы да ардақты нәзік жанды әріптестерімді 8 наурыз төл мерекелерімен құттықтай отырып, жан сұлулығын тілеймін. Жан сұлулығы – бұл әйелдің ішкі дүниесі, сезім шынайылығы, мінез байлығы, пейіл кеңдігі, ар алдындағы адалдығы! Қазақ қыздары мен еліміздің қорғаны азаматтарымыз аман болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Нұржамал Минбаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Бюджеттеу және экономикалық талдау департаментінің жетекші экономисі:

– Аяулы әріптестер! Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мен Сіздердің заман талабына сай білімді пен білікті болуларыңызға тілектеспін. Өйткені, білімді адам қай жерде жүрсе де, өзін еркін сезінеді. Әрқашан компаниядағы ер-азаматтармен бірге ақыл-парасаттарыңыз таразы басында тең түсіп жатсын!
Жайнаған көктеммен бірге келген мерекеде қызғалдақтай құлпырып, бақытты өмір сүріңіздер!

Ақжан Қадымова, «Өзенмұнайгаз» АҚ бұрынғы қызметкері, зейнеткер:

– Барша ақ жаулықты аналарымызды, апа-сіңлілерімізді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Заманның өзі белсенді, өткір, өз пікірін дәлелдеп шыға алатын білімді қыздарды сахнаға шығарды. Жарты ғасырлық тарихы бар «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының өсіп-өркендеуі жолында нәзік жандылардың қосып жүрген үлесі өте зор екендігін баса айтқым келіп отыр. Мен үшін  бұл өмірде ананың айналып, толғанғанына жететін ештеңе жоқ. Аналарымыз аман болсын!

Мәрия Қойшыбаева, Шолпан Салиқова, Огланчук Багиева, Зылиха Бульбаева, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, МӨҚжТКЖБ жұмыскерлері:

– Эпостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, тарихтағы Домалақ ана, Айша бибі, Абайды туған Ұлжан ана, ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопайлардың сіңлілері мен қыздарын атаулы мерекелерімен құттықтаймыз. Айрандай ұйыған әрбір қазақтың шаңырағына бақ-береке, қуаныш, шаттық орнасын!

Рухан Турова, «Өзенмұнайгаз» АҚ бұрынғы қызметкері, зейнеткер:

– Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, әлемдегі ең ізгі әйел. Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірімді әйел. Қазақ әйелі – ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Әйел – ер азаматтың тірегі, ақылшысы, жан жолдасы! Қымбаттыларым менің! Мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін.

Клара Дүйсенова, Оңайхан Көлдеубаева, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ, №4 ҚҚСЦ, №7 ШСС машинистері:

– Әйел адамды қазақтай қадір тұтқан халық кемде-кем. Ана алақанының жылуы кез келген жан жарасын жазатын құдіретке ие. Парасатты, отбасын сақтауға дегенде шегедей берік қыз-келіншектер қауымының мерекесі берекеге ұлассын! Жүздеріңіз әрдайым жарқын болсын!

«Өзенмұнайгаз» АҚ, Сатып алу және материалдық техникалық қамтамасыздандыру департаменті қызметкерлері:

– «Қазақ әйелі – ошақтың құты» деген Мұхтар Мағауиннің сөзі бар. Қазақ әйелі қай заманда да дүниенің мұқтажын ұрпағының амандығынан төмен қояды. Ол қашанда балапандарын көзімен сүйіп, көңілімен аялайды. Бұл дүниеде шешенің жанашыр мейіріміне жетер не бар? Ұйыған отбасын сақтау үшін апта, ай, жылдар бойы төзімді жолдас ете білген аналар алдында біз өмір бойы қарыздармыз. Қадірлі аналар, апалар, сіңлілер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ақбаян Тілеуқұлова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Басқарма хатшысы:

– Қымбатты өзенмұнайгаздық мұнайшы қыз-келіншектер! Сіздерді көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізге Алла Тағала компаниямыздың өсіп-өркендеуіне еңбек етуге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр нәсіп етсін деп тілеймін!

Гауһар Сәтмағамбетова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Ресурстар мониторингі департаментінің 1 категориялы инженері:

– «Қай жерде мейлі, қай елде, Өмірдің мәні әйелде» – деп ақындар жырлағандай, қазіргі заманда қоғамның қай саласын болмасын, қыз-келіншектерсіз елестету мүмкін емес. Біле білсеңіз, жер бетіндегі бар асыл қасиет күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған. Қазақ «Әйел – үйдің алтын діңгегі» деп бекер айтпайды. Ана жүрегінің бөлшегі – перзентінің жолында жанын пида етуге бар. Асыл аналарымыздың мерекесі құтты болсын! Қуаныштары ортаймасын, қазандары оттан түспесін!

Күнсұлу Әйтешова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, №3 МГӨБ, №3 ҚҚСЦ, №3 ШСС машинисі:

– Қыз-келіншектер көңілдің де, көздің де нұры! Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы! Ең жақсы қасиеттер балаға алдымен анадан тарайды. Қыз-келіншектер қолындағы дүниенің бәрі мазмұнға толады. Біз айналамызға тыныштық пен үйлесімділік, махаббат пен бақыт сыйлаймыз! Көктемнің алғашқы айымен бірге табалдырығымыздан аттаған ортақ мерекеміз құтты болсын! Компаниямыз алға өрлей берсін!

Жанна Қуандықова, Нұрғайша Сүлейменова, Гүлжанар Мұрынова, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №2 МГӨБ, №2 ҚҚСЦ қызметкерлері:

– Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Шаңырақты еркектер көтеріп бергенмен, үйді әйелдер тігеді» – деген қанатты сөзі тегін айтылмаған. Расында да, асыл жар-есті, назды қылығымен табындыратын азамат өмірінің сәні. Отбасында әрқайсымыздың өз орнымыз бар. Сондықтан, мейлінше түсінісіп өмір сүрейік!

Жанар Мананова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Кәсіподақ бухгалтериясының маманы:

– Даналар: «Ер кісіге әрдайым әйел ең сенімді жолдас» – дейді. Отбасының дамуы, жетілуі, мықты болуы әйелге байланысты! Отбасы – мемлекеттің тірегі, жүрегі болса, отбасының ұйытқысы – әйел. Осыны ұмытпайық! Мереке тұсында қоғамның сан саласында абыройлы еңбек ете жүріп, отбасын да қатар алып жүрген қыз-келіншектерімізге қандай мақтау сөз айтсақ та жарасымды. Ардақты аналар, апалар мен бикештер! Мерекеңіз мерекеге ұлассын!

Әйгерім Өрбісінова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ, Жанар-жағар май станциясының үйлестірушісі:

– 8 наурыз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын ардақты Аналар мерекесі! Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар кемде кем. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ! «Анаңды сыйла, онан кейін анаңды сыйла, онан кейін тағы да анаңды сыйла» – дейді хадисте, ылайым, ұлт ұйытқысы алтын құрсақты аналарымыз жасасын!

Әсел Кенжебаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Құқықты қамтамасыз ету департаментінің аға заң кеңесшісі:

– Аяулы да парасатты аналар, ақылды апалар, қылықты бикештер! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. «Жақсы жар – Жаратқанның сыйлығы» – дейді Қадыр мырза-Әлі. Ерге жаққан әйел, елге де жағады. Отбасында жақсы жар, сабырлы ана, жұмыста білікті маман бола білейік! Колумбия жазушысы Габриэль Гарсиа Маркес «Не іске де әйел араласса, бәрі жақсы аяқталатынына сенімдімін» – дейді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мерекесі құтты болғай! Жарқын болашаққа бірге нық қадам басайық!

«KMG EP-Catering» ЖШС қызметкерлері:

– «АНА»! Бұл сөзде қаншама нұр, қаншама қуат бар. Ол бізді дүниеге әкелді. Бізді тербетті, көңілімізді жайлы етіп өсірді. Қолымыздан жетектеп мектепке апарды, жақсы білім алуымызды қадағалады. Әрбір сәтті қадамымызға қуанды. Ақылын айтып, бағыттап отырды. Әрбір жетістігімізге шаттанды. Бір сөзбен айтқанда, ана – таусылмайтын жыр. Мәңгілік тақырып! Қымбатты аналар, аяулы арулар, қызғалдақтай қыздар! Баршаңызды төл мерекеңізбен құттықтаймыз! Биіктен көріне беріңіздер!

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх