Наурыз құтты болсын! «Ембімұнайгаз» АҚ

Наурыз құтты болсын! «Ембімұнайгаз» АҚ
28.03.2017
424
Әлеумет

Наурыз құтты болсын! «Ембімұнайгаз» АҚ

«Ембімұнайгаз» АҚ еңбек ұжымы жылдағы дәстүр бойынша биылғы жылы да ғасырлар бойына атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі «Көрісу күнін» өткізіп, Наурыз мерекесін қуана қарсы алды.

Мұнайшыларды мерекемен құттықтау үшін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қ.Есқазиев, ҚМГ БӨ АҚ бас директорының еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және келешекте даму мәселелері жөніндегі орынбасары М.Сәлімгереев, ҚМГ БӨ АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Б.Абайылданов, ҚМГ БӨ АҚ мұнайсервис жобалары бойынша басқарушы директоры А.Шәненова,  ҚМГ БӨ АҚ Аппарат басшысы Б.Асқаров арнайы келді. Сонымен қатар, мерекелік шараға ЕМГ басшылығы, басқарма ұжымдарының өкілдері, жергілікті атқару органдарының өкілдері, еңбек сіңірген қызметкерлер мен зейнеткер-мұнайшылар қатысты. 


Биылғы Наурыз мерекесі «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты С.Балғымбаев кен алаңында өтті. Аталған шараға арнайы келген «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев мерекені кеніш басында салынатын 150 орындық асхананың алғашқы кірпішін қалаумен ашты. Бұл жұмысшылардың көптен күтіп жүрген әлеуметтік нысаны болатын, енді ол тілектері де орындалатын болды. 


Кеніш басындағы алаңда «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық мұнайгаз өндіру басқармалары мен қосалқы бөлімшелері еңбек ұжымдарының өкілдері келіп, әрқайсысы бір-бір киіз үйден тікті. Онда ұлттық жөн-жоралғылар жасалды, арқан тарту, кір тасын көтеру, басқа да спорттық сайыстар өтті. Бір-бірімен көріскен ұжымдастар, еңбек ардагерлері табысып, мәз-мәйрам болысты.


Құрманғазы Есқазиев тойға келген мұнайшылармен көрісіп, хал-жағдайларын сұрасты. Сахна төріне көтерілген ол мерекеге арналған тілегін білдірді: 
– Қадірменді мұнайшылар, әріптестер, зейнеткер аға-апалар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. «Сәлем – сөздің атасы» демекші, бүгін көрісу салтымыз басталып, бәріміз арқа-жарқа болып құшақ жая көрісіп жатырмыз. Бұл өте жақсы дәстүр деп білемін. Және жан-жүректі жадыратып, сай-саланы жаңғыртып, жылдың басы әз Наурыз да келді! Наурыз – бірліктің, ізгіліктің, татулықтың мерекесі! Жаңа жыл әр шаңыраққа қуаныш әкелсін, отбастарыңыз аман, дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болсын. Былтырғы Прорвадағы уәдеге сай биыл біз Наурыз тойын «Жайықмұнайгазда» өткізіп жатырмыз, ал келесі жылы Доссорда өткізбекшіміз. Көрісу құтты болсын, наурыздан наурызға аман жетейік!


Шара барысында Қ.Есқазиев еңбек барысында жоғары нәтиже көрсеткен көптеген мұнайшыларды «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. Марапаттау рәсімінен кейін өнер жұлдыздары Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Ақылбек Жеменей, Абай Бегей концерт қойып, мұнайшылардың көңілін көтерді. Онан кейін той қонақтары берекелі дастархан басында наурыз көжеден ауыз тиіп, ұлттық тағамдардан дәм татып, жақсы тілектер айтып, бата берді. Киіз үй ішінде дастархан басқарған жайықтық мұнайшы Қожантай Сыдиховтың суырып салма шумақтары да тыңдарман көңілін тәнті етті.

«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Прорва мұнай дайындау және айдау цехының операторы Белла Уразова мен басқарманың бухгалтері Жайлан Сүндетова:

– Көрісу салты – Батыс өңірінің өзіндік ерекше дәстүрі. Биыл да өткен жылғыдай халық көп жиналып, мереке тамаша өтіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Осылай басымыз аман қосыла берсін. Теледидардан көріп жүрген өнер саңлақтарының концерті де тамаша болды, әндері өзіне баурап алды. Еліміз тыныш, халқымыз аман, мұнайымыз көп болсын!

Қуаныш Ізбасаров, «Доссормұнайгаз» МГӨБ Ботахан мұнайгаз өндіру цехының жөндеушісі:

– Барша мұнайшыларды наурыз мерекесімен құттықтаймын. Былтырдан басталған кәсіпорынға қарасты еңбекшілер өкілдерін бір кен алаңына жинау идеясы табысты жүзеге асырылып келеді. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші көппен бірге есімім аталып, Ұлыстың ұлы күнінде марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Мереке құтты болсын, наурыздан наурызға аман жетейік!

«Ембімұнайгаз» АҚ бір топ ардагерлері:

– «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген осы ғой. Наурыз мерекесі жақсы өтті. Осындай шараға үйде жатқан біздерді – еңбек ардагерлерін шақырып, қонақ етуі, сый-құрмет көрсетуі қарт көңілді бір серпілтті. Үлкен әсер алдық, басшыларға және ардагерлер кеңесіне көп рахмет.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх