Наурыз құтты болсын! «Өзенмұнайгаз» АҚ

Наурыз құтты болсын! «Өзенмұнайгаз» АҚ
28.03.2017
525
Әлеумет

Наурыз құтты болсын! «Өзенмұнайгаз» АҚ

Биылғы Наурыз мерекесін «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік құрылымдары Бұрғылау жұмыстары басқармасы жанындағы жұмысшылар автостанциясында тойлады. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлер ұлық мейрамның мерейін асқақтатып тұрды. Ұлттық киім киіп, жасанып шыққан мұнайшылардың киім киісінде айрықша талғам байқалды.

Наурыз тойына жиналған әлеуметті «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев бастаған Компания басшылығы, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Дәулетжан Хасанов, Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов, «Өзенмұнайгаз» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы Наурыз Сақтағановтар құттықтап, бақ пен ырыс, шаңырақтарына амандық тіледі. Компания дамуы жолында тер төгіп, абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ мұнайшылар «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ «Алғыс хаты», «Құрмет грамотасымен» және қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.


Сахна төрінен мұнайшыларға әннен шашу шашқан маңғыстаулық әншілер Ақылбек Жеменей, Абай Бегей, Тамара Асарлар мереке көрігін қыздыра түсті. Жұлдыздардан соң, мұнайшы өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. №3 МГӨБ ұжымы ұсынған «Наурыз-көктем» аңызы желісінде ұсынылған көрініс өмірде бақыттың, сәттіліктің, молшылық пен табыстың болатынын паш еткендей. Ал №1 МГӨБ Совет өкіметі кезінде тыйым салынып, тәуелсіздік алғаннан соң тұғырға мініп, тойлана бастаған Наурыз мерекесі туралы көрініс ұсынып, ел рухын көтеріп тастады. Концерттік бағдарламадан соң, ұлттық киім сайысы мен ұлттық ойындарға кезек берілді. Қызғалдақтай құлпырып шыққан МӨҚжТКЖБ темір жонушысы Сәнім Мұратова бас жүлдені жеңіп алды. Сайысқа қатысқан өзге арулар да марапатсыз қалмады. Ұлттық ойындар сайысы зіл тасын көтеруден басталды. Ортаға тепсе темір үзетін жігіттер шығып, әрқайсысы 24 келі тұратын екі зіл тасын көтерді. Нәтижесінде, №4 МГӨБ жұмыскері Әлібек Әжіғалиев 53 рет, №3 МГӨБ жұмыскері Әскер Шәмшиев 50 рет жоғары көтеріп, кеулеген жұртты риза етті. «Күш атасын танымайды» деген, арқан тартудан І орынды БЖБ, ІІ орынды №1 МГӨБ, ІІІ орынды №3 МГӨБ командалары иеленді. Бұдан соң, ептілер асық атуға кірісті. Сонымен, асық атудан І орынды №2 МГӨБ жұмыскері Жексенбай Нәдірбаев, ІІ орынды №1 СҚКБ жұмыскері Тұралбек Болысов, ІІІ орынды БЖБ жұмыскері Бекжан Чалаев, ІV орынды «ӨМС» ЖШС жұмыскері Бекжан Аманқұлов иемденді. Мереке өте жоғары деңгейде өтті. Әрине, маңызды шараның өте керемет өтуіне басқармалардағы әлеуметтік сала қызметкерлерінің өлшеусіз үлес қосқандықтарын айта кеткен жөн болар. Көктемнің шуақты күнімен ілесе келген Наурыз мейрамы тыныштығымен, құтымен, дәулетімен келсін дейміз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх