Бақұл бол, Жетпісбай Есенжанұлы

Бақұл бол, Жетпісбай Есенжанұлы
28.03.2017
579
Әлеумет

Бақұл бол, Жетпісбай Есенжанұлы

2017 жылдың 6 наурызында белгілі мұнайшы, соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің өсіп-өркендеуіне, мұнайлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ардақты мұнайшы Жетпісбай Есенжанұлы өмірден өтті. 

Ол 1923 жылы 5 маусымда Атырау облысында дүниеге келген. Мұнай техникумын бітіргеннен кейін еңбек жолын Сағыз мұнай кәсіпшілігінің геологы болып бастаған. Мәскеу жоғары кәсіподақ мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанып, Берлин операциясына дейін жауынгерлік жолдан өтеді. Соғыстағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, үш Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Әскери шені – отставкадағы полковник. Бейбіт еңбектегі сіңірген  еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені мен медальдарының, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігінің Құрмет грамоталарының иегері атанды. 
1947 жылы әскерден оралған ол Атырау облысындағы Мақат аудандық партия комитетінің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Мұнай өнеркәсібі жұмысшылар кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы, Атырау қалалық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Жергілікті өнеркәсіп облыстық басқармасының бастығы, Атырау қалалық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Жаңа Өзен аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Маңғыстау газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 1988 жылдан – дербес зейнеткер, Жаңа Өзен қаласының Құрметті азаматы. 
Жетпісбай Есенжанұлы жауапты қызметтерде басшылық еткенде іске тиянақтылығымен, өзінен де өзгеден де жұмысты талап ете білетіндігімен, кадрларды іріктеп, адамдармен тіл табыса алатын қасиетімен ерекшеленді. 
«Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» Қоғамдық қорының ұжымы Жетпісбай Есенжанұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына, үзеңгілес жолдастарына қайғыларына ортақтасып  көңіл айтады. Өмірдің сан сынағынан өткен қайсар да қайратты, іскер де ізгілікті жанның, бірнеше буын шәкірттерін тәрбиелеген ұстаз мұнайшының, асыл ағаның бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады.

Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы-қоғамдық қорының» құрылтайшылары А.Құлыбаев, О.Ақшолақов, Л.Марабаева, атқарушы директоры С.Жылқайдаров

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх