Геологтардың өндірісте өз орны бар!

Геологтардың өндірісте өз орны бар!
10.04.2017
417
Өндіріс

Геологтардың өндірісте өз орны бар!

Геология саласының мұнай-газ өндірісінде алар орны бөлек. Бұл міндеті зор, жауапкершілігі жоғары қызмет. Геологтар өндірістің дамуы жолында аянбай етіп келеді. 

Геология және кен игеру бөлімінің бастығы Бағдат Ниязғалиев,
геологтар Нұрсұлу Оспанова, Гүлнафис Идрисова, Анар Халидуллина, Айдын Шабдиров, Айнұр Сағынғалиева

Бүгінгі таңда «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының 4 мұнай өндіру цехы 10 кен орнынан мұнай өндіруде. Алғашқы кезде ұңғылардың барлығы дерлік бұрқақты (фонтандық) әдіспен өнім берді, тіпті бір ұңғыдан екі қабаттағы мұнайды қатар игерген (бұрқақтық әдіспен) жылдар да болды. Сонау 1975-82 жылдары «Жайықмұнайгаз» МГӨБ  жылына екі миллион тоннаға жуық мұнай өндіріп тұрды. Сол кезде орын алған ұжымдағы табысты еңбек  бүгінгі күнге дейін сәтімен жалғасып келеді. 

Шығыс Қамысты кен орны геологтары Тұрсынай Сағынғалиева, Сандуғаш Шайхимова

«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бойынша 2016 жылғы жоспар 100,5 пайызға артығымен орындалып, жоспардан тыс қосымша 4,671 мың тонна  мұнай өндірілді. 
Жоспарлы тапсырмалардың уақтылы қамтамасыз етілуі техникалық-ұйымдастыру, геологиялық-техникалық шаралардың мерзімінде жүзеге асырылуында, жерасты жай және күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуында, қордағы ұңғылардың кідіріс мезгілін қысқартуға көңіл бөлінуі нәтижесінде мүмкін болуда. 
Соңғы жылдары технология жаңалықтарын өндіріске батыл енгізу, геологиялық-техникалық шаралардың тиімділігіне қол жеткізуге бар күш-жігер жұмылдырылуда.

С.Балғымбаев кен орны геологтары Майра Сабирова, Айгүл Жағыпашева, Надежда Сағынғалиева

Ең бастыларына тоқталар болсақ:
– 2011 жылы ТМД бойынша алғаш рет С.Балғымбаев кен орнында тораптық жетекпен жабдықталған штангалық сорап қондырғысы сынаққа қойылып, ол тиімділігін көрсеткен болатын. Содан кейін осы кен орны отыз жаңа қондырғымен жабдықталды. Күні бүгін басқармадағы төрт кен орны бойынша 78  ұңғыма штангалық сораптың тораптық жетегі жүйесіне ауыстырылып, жұмыс жасауда. Жаңа қондырғы өзінің жеңілдігімен ерекшеленіп, құрастырып, қайта жасақтауға оңтайлығын, өнімділікке қол жеткізудегі тиімділігін көрсетуде.
– Соңғы жылдары басқарма бойынша кен орындарындағы газды тауарлық жағдайға дайындап жеткізіп, оны тасымалдауға, сол арқылы өндірістік мақсатқа пайдалануға бағыт ұсталуда. Осы бағыттағы жоба бойынша басқармада газ дайындау қондырғысын салу ісі қолға алынып, ол 2014 жылы маусымда іске қосылды. Аталған қондырғы 20 млн. текше метр көлемінде тауарлы газ дайындауға есептелген. Осы жоба көлемінде С.Балғымбаев кен орны басындағы нысандарды жылытумен қатар, С.Балғымбаев-Забурын кен орындары аралығына газ құбыры тартылды. Яғни, бұдан бұрын Забурын кен орнының мұнай қыздыру пештеріне, жылыту қазандарына өндірілген ілеспе газ жетіспей, табиғи газ сатып алып пайдаланып отырсақ, ілеспе газды кәдеге жарату қондырғысы іске қосылған соң, Забурын кен орнында осы өзіміздің дайындаған тауарлы газымызды пайдаланып отырмыз және өткен жылдан бастап, осы дайындалған газды «ҚазТрансАймақ» арқылы ауданның елді мекендерін қамтудамыз.  
– Көп фазалы сорап қондырғысы – өз тиімділігін көрсетіп келе жатқан жаңа технологиялық қондырғы. Аталған қондырғының Оңтүстік Шығыс Новобогат кен орнына тоғызы қойылып, ол арқылы өндірілген мұнай газымен қоса жинақталып, газ дайындау қондырғысына айдалуда. Сонымен қатар, осындай көп фазалы қондырғыны Жаңаталап кен алаңына қою арқылы ілеспе газды тасымалдау жоспарланып, жобасы жасақталу үстінде. 
– Басқарма бойынша қолға алынған жұмыстардың бірі – полимерлік су айдау әдісін кен қабатына қолдану. Ондағы мақсат – кен қабатына полимерлік қоспаны айдау арқылы судың тұтқырлығын арттыру, сол арқылы мұнай өнімін жоғары қабатқа ығыстыру нәтижесінде өнімділікке қол жеткізу. Осы мақсатта өткен жылы Забурын кен орны таңдалып алынып, аталған жүйені іске қосу үшін шетелдік (француздық) қондырғы құрылысы салынып, ол 2014 жылғы қараша айында іске қосылды. Бүгінде «Алстрон» компаниясы мамандары №11 және №55 су айдау ұңғымаларына аталған әдісті қолданып, полимерлік ерітіндіні енгізуде. Осы әдістің нәтижесінде  бүгінгі таңда әсер ететін 16 мұнай өндіру ұңғымаларының сулану пайызы төмендегені анықталып, қазіргі уақытта полимерлік қоспаны айдау жұмыстары жалғасуда.  

Батыс Қамысты кен орнының жетекші геологы Ақсұлу Айдарова,
геологтар Қансұлу Шонаева, Алтынай Молдашева, Асқар Мұратов

2016 жылы басқармаға қарасты Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен алаңының жүргізілген сейсмикалық зерттеу жұмыстарының, жаңадан бұрғыланған барлау, игеру ұңғыларының қорытындысы бойынша жинақ қоры кері есептеліп, геологиялық қоры 126% пайыз 7,064 мың/тн өссе, алынатын қор 123,4% пайыз 1,764 мың/тн өсті.
2011-2012 жылдары жүргізілген сейсмикалық  МОГТ 3D зерттеу жұмыстарының тұжырымдамасының қорытындысы бойынша оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа қарай карниз үсті перспективалық мұнай-газ қабаттары анықталды. Кейіннен барлау – іздеу ұнғылары бұрғыланып, геофизикалық, гидродинамикалық зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша мұнай-газ қоры есептелді. Бүгінгі күні  Орталық Новобогат кен алаңының геологиялық қоры 1,482 мың/тн өссе, алынатын қор 0,391 мың/тн өсті.
– Жаңадан бұрғылау, кен алаңдарының мұнай қорларына қайта геологиялық тұрғыда талдау жүргізу жұмыстары  жалғасып келеді. 2016 жылы 19 ұңғы іске қосылса, 2017 жылы жаңадан 22 ұңғы бұрғыланады деп күтілуде.
2016 жылға жасақталған геологиялық-техникалық шарада басқарма кен орындарында 85 ұңғыға жерасты күрделі жөндеу жүргізу арқылы қосымша 23800 тонна мұнай өндіру жоспарланған болса, 85 ұңғыға жерасты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, одан қосымша 39335 тонна мұнай өндірілді.
2016 жылға 4 ұңғыға гидравликалық қысыммен жару  әдісі арқылы қосымша 3780 тонна мұнай өндіру қаралып, жыл қорытындысы бойынша 4 ұңғы арқылы 4706 тонна қосымша мұнай өндірілді.
2017 жылы 69 ұңғыға жерасты күрделі жөндеу жүргізіліп, 17060 тонна қосымша мұнай өндіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 6 ұңғыны әрекетсіздіктен іске қосу қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, 4 ұңғыға гидравликалық қысыммен жару жұмыстары жүргізіліп, 4419 тонна қосымша мұнай өндіру жоспарланып отыр.
Мұнай өндіру саласында негізгі күш геологтарға міндеттелетіні белгілі. Басқармада 10 кен орны болса, осы кен орындарында 23 геолог маман еңбек етуде. Басқармаға берілген мұнай өндіру жоспарын артығымен орындауда атқарылып жатқан геологиялық-техникалық, ұйымдастыру-техникалық шаралардың орындалуын қамтамасыз етудегі геолог мамандардың еңбектері ерекше. 
Басқармада еңбек етіп жатқан барлық геологтарды төл мерекелері – геологтар күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға береке- бірлік, еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Рүстем Абшеев, 
«Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшысының геология және мұнай-газ кен алаңдарын игеру жөніндегі орынбасары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх