Мұнайы мол Шығыс Мақат

Мұнайы мол Шығыс Мақат
10.04.2017
613
Өндіріс

Мұнайы мол Шығыс Мақат

Тарихы 1993 жылдан бастау алатын «Шығыс Мақат» кен орны – Доссор мұнайының 47 пайызын беріп отырған бұл аймақтағы ең ірі кен орны. Кен орнында үш цех бар. Олар мұнай өндіру, мұнай дайындау және айдау цехы, жер асты ұңғымаларын жай жөндеу цехы. Сонымен қатар, газды дайындау қондырғысы да осы кен алаңында. Бүгінде Шығыс Мақат мұнай-газ өндіру цехына қарасты 94 ұңғыма бар, олардың 93-і штангалы тереңдік сорап, біреуі бұрандалы сорап. Цех басшысы Хаким Омаровтың айтуынша, мұнай газ өндіру жоспары жүз пайызға орындалып келеді, ұңғымаларды күтіп-ұстау, жер астына су айдау, сораптарды жөндеу, басқа да жұмыстарды осы мамандар атқаруда. Цех ұжымы бірліктің арқасында әр кез еңбек өнімділігін арттырып келеді.

«Кен орнындағы мұнайдың бастапқы қоры 5 млн.300 мың тонна болатын, бүгінде 824 мыңдай тонна қалып отыр. Барлау жұмыстары да жүруде, тағы да қорлар қаралатын болады. Мамандарымыз толық, үш цехты қосқанда 150 жұмысшымыз бар. Геологты кен орнының жүрегі деуге болады. Өйткені, мұнай көзі анықталғаннан кейінгі барлық жұмысты атқаратын солар, ұңғымалардың жәйін, қысымдылығы мен қызметін күні-түні бақылайтын да геологтар. Олар қиындығы мен қызығы мол мамандықты игеріп, қабат-қабат жер астынан «қара алтынды» шығарғанша маңдай терін төгіп еңбек етуде. Цехта төрт геолог еңбек етуде. Мұнай қоры анықталғаннан кейінгі жұмыс – қазу. Міне, қай жерден қазу керек, одан кейінгі бұрғылау жұмыстарының барысын түгел қадағалау геологтардың жұмысыз», – дейді ол. 
«Бүгінде «Шығыс Мақат» кен алаңындағы мұнай қабаттарының тереңдігі 700 метрден 1400 метрге дейін жетеді. Мұнайшылар «қара алтынды» тұз үстінен алып жатыр», – дейді геолог Ә.Құрманқұлов. Кен орнындағы жер асты жабдықтарын жөндеу цехының да жұмысы істен шыққан ұңғы құрал-жабдықтарын дер кезінде байқап, жөндеу, ауыстыру. Цех шебері Н.Болғанбаев көп жағдайда сораптардың істен шығатындығын айтады. Оларды жөндеуге кететін уақыт сораптың қанша тереңдікте жатқандығына байланысты. Орташа есеппен, бір айда 10-15 жөндеу жұмыстары жасалады. 2016 жылы бұрғылаудан кейін 5 ұңғыма іске қосылды. 


«Жаңа технологияны пайдалануда қол жеткізген жетістігіміз, Шығыс Мақат кен алаңында тереңдік сораптарын тексеру, жөндеу және тестіден өткізу стендісі қондырылды. Сондай-ақ, ұңғымаға жиналған парафиндерді қыратын қырғыш шыбықтар, парафинді тазалайтын қуыс шыбықтар жіберілді. Жер астына су айдауға арналған 2 ендіру ұңғымасына әйнек талшықты құбырлар енгізілген. Бұл жаңа технологиялар ұңғымалардың жөндеу аралық мерзімін ұлғайту мақсатында енгізілген технологиялар болып саналады. Жылдық мұнай өндіру жоспары толықтай орындалып отыр. Бұл кеніш мамандарының біліктілігі мен жоғарыда аталып өткен жаңа әдістер мен технологияларды ұтымды пайдаланудың нәтижесі деп білдік. 40 орындық арнаулы техникаларға салынған автотұрақ та пайдалануға берілгелі автокөліктерді жөндеу жұмыстары жанданды. Ембі бойынша шешімін күткен мәселелердің бірі саналатын өндірісаралық жолдар десек, бұл орайда Ақтөбе трассасымен Шығыс Мақатқа қарай 11 шақырымдық тасжолдың салынғандығы мұнайшылар үшін үлкен жетістік.


«Мұнай қыздыру пешінің жұмысы, мұнайды газдан бөлу сепараторы жұмысы, лабораторияда мұнай құрамын анықтау, қазандардағы мұнайды айдау жұмыстары мұнайды дайындау және айдау цехы жұмысшыларының күшіменен жасалады. Шығыс Мақат, Солтүстік Жолдыбай, Уаз, Қондыбай кеніштерінің мұнайы осында келіп дайындалады да, Мақат орталық қазандарына айдалады», – дейді Мақат мұнай дайындау және айдау цехының бастығы Мұрат Тайпанов. Ал, еңбек қорғау және өрт қауіпсіздігі аға инженері Рафиль Дюсенов кеніште қауіпсіздікке баса мән берілетінін алға тартты. 
Қазіргі уақытта экономиканы дамытудың маңызды факторы ретінде ресурс үнемдейтін озық технологияларды өндіріске енгізу айрықша мәнге ие болып отыр. Соның бірі, Шығыс Мақатта 2013 жылы ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысының іске қосылуы. Қуаты 40 млн. текше метр болатын бұл шетелдік қондырғы бүгінгі күні 20 млн. текше метр газ тазалауға мүмкіндік беріп отыр. Оның 5 млн. текше метрі өңделіп, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі арқылы халыққа таратылуда. Қондырғыда ауысыммен он адам еңбек етеді. Жұмыстарының барлығы да автоматтандырылған. Жасыратыны жоқ, бұрын мұнаймен бірге шығатын газ қоршаған ортаға әсерін беретін. Бұл қондырғының іске қосылуы осы проблеманың шешілуінің бірден-бір себепшісі болды. Газды мемлекеттік стандарт бойынша коммуналдық-тұрмыстық және өндірістік қажеттілікке пайдалануға болады. Сол арқылы Шығыс Мақаттың көгілдір отынымен Мақат және Қызылқоға аудандарының елді мекендері қамтамасыз етіледі. Бір айда 1 млн. 400 мың текше метр газ өндіріледі. Жаңа қондырғыда жұмыс жасайтын мамандар әзірлеу бағытында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 23 маманы «Татнефтегазпереработка» АҚ-на арнайы жіберіліп, оқу-дайындық курсында тәжірибе жинақтап, жаңа газ жабдығында жұмыс істеуге машықтанып келді.


Шығыс Мақат кен орнының Солтүстік Жолдыбай мұнайгаз өндіру бригадасы кеніштің шығысында орналасқан. Мұнда тербелмелі станоктардан гөрі электрлі-бұрандалы сораптар басым, өйткені электр энергиясына үнем мол. Кеніште барлығы 32 ұңғыма үздіксіз мұнай беруде, сондай-ақ бұрғылау жұмыстары да жақсы жолға қойылған, жыл сайын кем дегенде бір-екі ұңғыма қазылып, олардан өнім алу көлемі ұлғайып келеді. Ал ұңғымаларды жер асты жөндеу жұмыстары бұрынғыдай жоспарлы түрде жасалмай, нормативке көшкен. Соған сәйкес жұмыс нәтижесі нақтыланып отырады. Жер астына су айдау, қабат қысымын сақтау сораптары да қалыпты жұмыс істеп тұр. Өндірілген мұнай тауарлы қазанға жиналып, құбыр арқылы 20 шақырым жердегі Ш.Мақат кен алаңына айдалады. Бригада шебері Маралбек Сатыбалдиевтің айтуынша, жоспар 100 пайыз орындалып отыр. Кен алаңы оқшау орналасқанымен, мұнда өндіріске қажетті барлық арнаулы техникалар бар. Оларға арналған автотұрақ та техникалық жөндеу жүргізуге ыңғайлы. 


Шығыс Мақат кенішінде жүзден аса жұмысшы ауысыммен, оның үстіне қосалқы қызмет, мердігер мекемелер жұмысшылары да қажетті кезінде жұмыстар жасайды. Оларға да тынығатын орын керек. Соған орай, кен орнында соңғы үлгіде салынған 50 орындық жаңа жатақхана ашылды. Бұл кен орны жұмысшыларының еңбек етіп, демалуына жасалып отырған жағдай.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх