Көлік бөлінгелі жұмыс көп жеңілдеді

Көлік бөлінгелі жұмыс көп жеңілдеді
10.04.2017
370
Өндіріс

Көлік бөлінгелі жұмыс көп жеңілдеді

Өзен кенорнындағы топтық қондырғы шеберлерін көлікпен қамтамасыз ету мәселесі көптен бері айтылып жүрген болатын. Өздерінің нысанынан бірнеше шақырым жерде орналасқан скважиналарға күнделікті жаяу барлау жасап, әрбір скважина туралы ақпаратты үйлестірушіге дер кезінде жеткізу – операторларға қиындық тудыратын еді. Мұнай өндіріп тұрған скважиналардың хал-ахуалы туралы мәліметтің жедел түрде хабарланып тұруы – мұнай өнімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосатыны айтпаса да түсінікті жайт. 

Көлікпен қамтамасыз етілген осындай топтық қондырғылардың бірі  №4 МГӨБ-на қарасты №121 топтық қондырғы шебері Хасан Мағрупов былай деп әңгімелейді: «Менің топтық қондырғымда үш оператор, екі слесарь-жөндеуші жұмыс жасайды. Өз істерінің шебері деп айтуға әбден лайық тәжірибелі операторларым Гүлжан Шәмкелова, Нұржан Аманқожиев, Бауыржан Асқанбаевқа өте ризамын. Сондай-ақ, слесарь-жөндеушілер Жоламан Демесінов, Манарбек Шәріповтерге басшы ретінде үлкен алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда тиісті территориямызда жұмыс жасап, мұнай өнімін беріп тұрған 40 скважинамыз бар. Әрбір скважинаның жай-күйімен танысып, олардың күнделікті өндіріп тұрған өнім мөлшерін анықтау, өнім түсіп кеткен жағдайда скважинаны жерасты күрделі жөндеу бригадасына өткізу, уақытында сораптарға тығырық соғу, жарылған құбырды жамау сияқты толып жатқан жұмыстар біздің күнделікті шаруамыз болып есептеледі. Күн сайын өзіміздің атқарған жұмысымыз туралы жұмыс күні соңында үйлестірушіге ақпарат беріп отырамыз. Скважиналар әр жерде шашыраңқы орналасқандықтан, олардың әрқайсысын күнделікті барлау жасау айтарлықтай қиындықтар тудырып тұрған болатын. Әсіресе, ауа райының қолайсыз кезінде тіптен қиын. Қар жауғанда немесе жауын-шашынды күндері жер лайға айналып, жаяу жүретін операторлар үшін жұмыс кішігірім проблемаға айналатын-ды. Енді осы мәселе оңынан шешіліп, қуанып отырған жайымыз бар. Таңертең скважиналарды машинамен аралау – жұмысты ұйымдастыру тиімділігін барынша арттырып отыр. Қуанышымыз ұзағынан болсын деп отырмыз». 
Мұнай саласында 11 жылдан бері тер төгіп, абыройлы еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Шәмкелова өздеріне көлік бөлінгеннен бері жұмыстарының көп жеңілдегенін айтады. «Үйге кешке аяқтарымыз салдырап ауырып әзер баратынбыз. Көліктің арқасында бұл мәселе күн тәртібінен түсті. Көлік бөлінгеннен бері барынша көп скважина тексеріліп, ақаулары дер кезінде жойылып, жұмысымыз қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстың жақсы ұйымдастырылуы – көңілімізді көтеріп, жанымызды жадыратады. Басшылар тарапынан біз сияқты қарапайым жұмыскерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлықтары үшін ұжым атынан компания басшылығына зор алғысымды білдіремін», – дейді оператор келіншек.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх