Сақтық талаптарын сақтауға міндеттісіз!

Сақтық талаптарын сақтауға міндеттісіз!
10.04.2017
457
Еңбекті қорғау

Сақтық талаптарын сақтауға міндеттісіз!

Қанша рет түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, газет, бейнероликтер арқылы насихатталып жатса да, Өзен кенорнында орны толмас өкінішке соқтырып жататын жазатайым оқиғалардың азаймауы алаңдатады. Жуырда осындай екі оқиға Бұрғылау жұмыстары басқармасы жұмыскерлерінің арасында да болды.

Атап айтатын болсақ, Камаз-43118 АЦН-10С автокөлігінің жүргізушісі Айтбай Әділов деген азамат №4 МГӨБ қарасты №4 Скважиналарды жерасты жөндеу цехына жолдама алып, №1 МГӨБ аймағындағы №91 топтық қондырғының жанындағы құлама арқылы №4 МГӨБ қарай төмен түспекші болған. Жүргізуші құлама жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан осындай әрекетке барады. Төмен түскен соң, жолдың жабық екендігіне әбден көзі жетіп, кері бұрылып түскен жолымен биіктікке қайта көтерілмекші болады. Алайда, жұмыскердің денсаулығы күрт төмендеп, абырой болғанда қол тежегішін қосып үлгереді. Дәл осы кезде жүргізуші Ильдар Кульчуков қатты ауырып, аузынан көбік ағып жатқан әріптесінің үстінен түседі. Оқыс оқиғаға тап болған Ильдар абдырап қалмай Айтбай Әділовті кабинадан шығарып, тегіс жерге шалқасынан жатқызады. Содан бірден жедел жәрдем шақырады. Тез жеткен жедел жәрдем медбикесі науқастың қысымын өлшеп, қан қысымы көрсеткішінің 240 көрсетіп тұрғанын анықтайды. Ильдар жолдасының қасында болып, қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне дейін апарысып, орналастырады. Өкінішке орай, Айтбай Әділов жан сақтау бөлімінде көп ұзамай көз жұмады.
Келесі жазатайым оқиға №8 Скважиналарды жерасты жөндеу бригасында болды. №2 МГӨБ қарасты №41 топтық қондырғысының №8443 су скважинасына көшіп келген бригаданың аға операторы А.Байдашев скважина басында мәдени үйшікті жалғайтын ток болмаған соң, 4-дәрежелі оператор Ержан Қарабаевқа мәдени үйшікті жанында тұрған №4670 скважинаға жалғауға тапсырма беріп, өзі №5630 скважинаның басына көтергіш агрегаттың машинисі О.Оңайбаевпен көтергіш агрегатын монтаждауға кіріседі. Ал Ержан Қарабаев мәдени үйшіктің тоқ кабелінің қосқышын тербелмелі қондырғының электроқозғалтқышының басқару блогындағы тетігіне қосқан кезде тоққа түседі. АЗ-8 жүргізушісі Амангелді Бөлеков №2 МГӨБ Скважиналарды жерасты жөндеу цехының 6-бригадасының жұмысын бітіріп қайтып келе жатып, тоққа түсіп жанұшыра айқайлаған Ержан Қарабаевтың даусын естіп, тез арада тоқты щиттен ажыратып, Ержанды ажал құрығынан босатып алады. Содан соң, бригаданың аға операторы мен машинисін шақырады. Үйлестіру орталығына телефон шалынып, жедел жәрдем шақырылады. Зардап шегушіге укол салынып, орталық қалалық ауруханаға жеткізіледі. Дер кезінде көмек көрсетілгендіктен жұмыскер аман қалады.


БЖБ Еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық жетекшісі Абдулла Мухаммедовтің айтуынша, бірінші жазатайым оқиғаға себеп болған жұмыскердің денсаулығының күрт нашарлауы болса, екінші жазатайым оқиғаның орын алуына себеп болған жұмыс барысында құрал-жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы екен.
«Аталған екі оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, жіті тексеріліп, қорытынды шығарылды. Орын алған екі жазатайым оқиғада да адамгершілік танытқан жұмыскерлеріміз Ильдар Кульчуков пен Амангелді Бөлековтің әрекеттеріне дән ризамыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тек жеке бастың қамын ойламай, өзге жандарға жәрдемдесуге, жақсылық жасауға тырысайық!», – дейді ол.
Еңбек және технологиялық талаптарды сақтау, жұмысты дұрыс ұйымдастыру басшыдан бастап, барлық қызметкердің бұлжымас міндеті. Десе де бұған салғырт көзқарастан әлі арылмай отырмыз. Қауіпсіз жағдайда еңбек ету, барлық сақтық шараларын сақтау – бірінші кезекте өз өміріңізге деген жанашырлық, жауаптылық. Мұны ешқашан ұмытпай, жадыңызда ұстап, орындауға тиіссіз. Әйтпесе, ештеңе де өзгермейді. Өзгерісті өзіңізден бастаңыз! 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх