Автотұрақтың көмегі көп

Автотұрақтың көмегі көп
25.04.2017
533
Өндіріс

Автотұрақтың көмегі көп

«Доссормұнайгаз» МГӨБ-на қарасты 40 көлікке арналған көлік тұрағы мұнайшылардың игілігіне берілгелі, арнаулы көлік техникаларының жұмысы біраз жақсарып қалды. Бұл туралы басқарманың арнайы техника және автокөлік колоннасының механигі Болат Нақпаев айтты. Ал көлік тұрағының жалпы көлемі 2880 шаршы метр.

Тұраққа бір мезетте 40 арнаулы техниканы орналастыруға болады. Мұнда көлік жөндеуге қажетті жаңа, соңғы үлгідегі жабдықтармен қатар әр түрлі цехтар да бар. Мәселен, электрощит, вентиляциялық камера, дәнекерлеу, вулканизация, медницкий, мотор, темір жонушылық, электр, т.б. цехтарында қажетті қондырғылар орнатылған, оларда әр түрлі мамандар жұмыс жасайды. Сонымен қатар қауіпсіздік кабинеті, жол қағазын беруші диспетчер бөлмесі, гигиеналық бөлме, душ, әжетхана да бар. Қысқасы, көлік тұрағы мен оны жөндеуге, қызметкерлерге жұмыс жасауға бар жағдай жасалып отыр. Тұрақ ішіне жылу да жүргізілген. Бұзылған көліктер осында жөнделіп, сосын қайта жолға шығады. Әрине, далада, жел өтінде жүретін, автокөліктерді әр жерде жүріп жөндейтін жүргізушілер үшін бұл тұрақтың маңызы зор. Әсіресе, арнаулы техникаларды жөндеу, қосалқы бөлшектерін ауыстыру, камера жамау сынды жұмыстар кезек күттірмейтіні рас. 
Мәселен, ЦА-320 агрегаты жер астына цемент айдау, ұңғыны жуу, ұңғыға арналған сұйық айдау жұмыстарын, АДПН – ыссы маймен құбыр ішін жуатын техника, құбыр тазалау, мұнайды қыздыру, жер астындағы парафинді еріту, АПРС – ұңғыны жерасты жөндеу, ППУ – құбыр ішіндегі парафинді бумен еріту, өңдеу жұмыстарын атқарады. Бұларсыз өндірісті алға дамыту, өркендету мүмкін емес. Мұнай өндірудегі маңызды жұмыстардың бірі осылар. Осы секілді мұнай тасымалдау көліктері, автокран, бульдозер, экскаватор, водовоз, басқа да өндіріске қажетті көліктерде керуен жігіттері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара еңбек етуде. Олардың ауысыммен жұмыс жасауы да ұзақ күндер сарылмай, денсаулықтарына күтіммен қарауға мүмкіндік туғызады. Қысы-жазы қытымыр аязда, жаздағы аптап ыстықта желдің өтінде жүріп ұзақ жылдар автокөлік жүргізу оңай шаруа емес. Оған мықты денсаулық керек. Мәселен, жүргізушілер Бақтыбаев Ізімберген, Досимов Айтқали, Жұбанов Асан көп жылдардан бері осы автоколоннада еңбек етіп келеді. Сол секілді аккумуляторшы М.Шекетасов 23 жылдан бері осы салады. Күніне 5-6 12, 24 вольтты аккумуляторды зарядтау оның күнделікті жұмысы. Ал 40 жылдан бері келе жатқан Өркешбай Бағитов дәнекерлеудің бесаспап маманы. Автоэлектрик Орынбасар Қадырғалиев генератор, стартер тексереді, жөндейді. Көлік жүргізушілері техниканы тұраққа әкеп тастап кетпейді, өздері қасында жүріп жөндеу ісіне бірге араласады. 
«Бүгінгі күнде қосалқы бөлшектер де жеткілікті, тапсырыс бойынша уақтылы жеткізіліп отырады. Соған сәйкес сұраныстары қанағаттандырылып отырады. Көліктерден ақау табылып, бөлшектердің істен шығуы жиі бола беретін нәрсе емес десек те, техниканың аты техника. Ол бұзылмай тұрмайды. Әрі кеніш аралық жолдардың да нашарлығы оған әсерін тигізетіні рас. Сондықтан автотұрақта көліктердің бірі келіп, бір жөнделіп қайта шығып жатады», – дейді Болат Нақпаев. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх