Ынтымағы жарасқан ұжым

Ынтымағы жарасқан ұжым
25.04.2017
463
Өндіріс

Ынтымағы жарасқан ұжым

«Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ, №4 ҚҚСЦ қарасты №10 Шоғырланған сораптар станциясында 24 жұмысшы еңбек етеді. Аталған цех бастығының міндетін атқарушы Аманқос Өтеев ШСС жұмыскерлерінің еңбегіне дән риза. ШСС аумағының ұзындығы 11 шақырымды алып жатыр.

«Бұл территорияда 161 су айдау скважинасы орналасқан. Соның 83-і жұмыс жасап тұр. Ұжымдағы әрбір жұмыскер өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, өзіне тапсырылған жұмысты мүлтіксіз орындауға тырысады. Жұмыстың тиімді ұйымдастырылуына ұжым шебері Орынбасар Құлбековтың зор үлесі бар екендігін атап айтқан жөн. Қабат қысымын сақтау мақсатында су айдайтын машинист-мамандарымыздың барлығы қыз-келіншектерден тұрады. Әйел адамдардың жаны жібектей нәзік екендігі бесенеден белгілі. Олардың әрқайсысымен түсінісіп жұмыс жасау үшін шеберге дипломатиялық қасиет керек. Мен Орынбасар Құлбековтың ұжым мүшелерімен ренжісіп жатқанын көрген емеспін. Өзара сыйластық бар жерде, нық сенім де болады», – дейді ол.
ШСС шебері Орынбасар Құлбеков өздерін көптен мазалап жүрген проблемасын алға тартты. «Темір екеш темір де тозады емес пе?! 30 жылдан бері пайдаланып тұрған машзалдың жағдайы бүгінгі күні еш сын көтермей тұр. Басшылар бірнеше рет келіп, машзалдың іске алғысыз хал-ахуалымен танысып, жаңасына ауыстырып беруге уәде берген болатын. Алайда, күні бүгінге дейін берілген уәде тек уәде күйінде қалып тұр. Әзірше, мәселе оң шешімін таба қоймады. Ал заманауи үлгідегі салынған мәдени үйшігімізге көңіліміз әбден толады. Әсіресе, қыстың күні скважиналарды аралап, боранмен белдесіп, аязбен алысып келген операторлар үшін жылы үйшік жанның саясы болып тұр», – дейді тәжірибелі шебер.
Ол ШСС слесарь-жөндеушісі Жолдыбай Жаңбырбаевтың еңбектегі шеберлігіне тоқтала келе, жалпы ұжым жұмыскерлерінің қай-қайсысының да жұмысқа деген ынта-жігері  зор екендігін айтып өтті.
Әңгіме барысында қос құрбы Фатима Салихова мен Аманбибі Түркешова «ырыс-береке қажырлы еңбекпен келетінін» тілге тиек етті. «Берекені көктен тілемей, еткен еңбектен тілеп» (Мұхтар Әуезов) ел ырысын еселеуде ерен еңбек етіп  жүрген әріптестерімізге табыс тілейміз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх