Қаражанбас жатақханалары жаңартылуда

Қаражанбас жатақханалары жаңартылуда
25.04.2017
519
Әлеумет

Қаражанбас жатақханалары жаңартылуда

«Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшылардың қолайлы жағдайда еңбек етуіне көп көңіл бөліп келеді. Вахталық қалашықта жұмысшылардың еңбектен тыс уақыттарында тиімді демалып, спортпен айналасуына да мүмкіндіктер жасалған. Қаражанбас кенішін-де модульдық үш вахталық шағын лагерь және бес қабатты бірнеше жатақхана бар. Жұмысшылардың барлығы осы жатақханаларда жатып жұмыс істейді.

«Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік басқарма директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Нұркен Қаражанов соңғы үш жыл ішінде кеніштегі жатақханалар жағдайын жақсартуда көп жұмыс жасалғанын айтты. «Барлық мәселе әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдан басталады. Сондықтан да мекеме басшыларымен келісіп, бірінші кезекте тұрмыстық жағдайды жақсартуды жолға қойдық. Соңғы үш жылда ауқымды жұмыс атқарылды. Кен орында көп қабатты екі жатақханаға күрделі жөндеу жасалды. Бұл нысандардың салынғанына 30 жыл уақыт болған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Екі жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы жақын. Қазіргі уақытта жалпы саны 18 подъездің 16-сының жұмысы тәмәмдалды. Міне, енді соңғы екі подъездің жұмысын бастайын деп жатырмыз. Бұл жатақханаларға пайдаланылуға берілгеннен бері әрлеу-сырлау жұмыстары ғана жасалған. Қазіргідей әр бөлме жұмысшының демалуына лайықты етіп жасақталмаған. Бөлмелердің бәрі қаладағы тұрғын үй пәтерлерінің жағдайындай етіп жасалды. Арнайы дизайн дайындалды. Бөлмелер заман талабына сай тұрмыстық жабдықтар, техника, жиһаздармен қамтылды. Телеарналар, спутниктік каналдар, ауа баптағыш жүйесі қосылды. Ыстық, суық су бар. Асханасы да заман талабына сай. Бастысы жұмысшылар риза. Компания нарықтағы мұнай бағасының құлдырап кеткеніне қарамастан жұмысшының өндірістегі тұрмыстық жағдайына зор мән беріп отыр», – дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік басқарма директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Нұркен Қаражанов.
«Қаражанбасмұнай» АҚ кенішінде мәдени орталық бар. Көрермен залында көркемдік шаралар өтіп отырады.  Спорт залында мұнайшылар жұмыстан тыс уақытта дене шынықтырумен айналысады. Ал, кітап сүйер қауымға қоры бай кітапханасы бар. Көктем келіп, қар ерігесін, сәуірдің алғашқы күндерінде жұмысшылар кеніш алаңын абаттандыруды қолға алды. Тал егіп, маңайды тазартты.  Көз қуантарлық іс көп.

Нұркен Қаражанов, 
«Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік басқарма директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх