Ақжан алған асулар

Ақжан алған асулар
25.04.2017
5239
Әлеумет

Ақжан алған асулар

Әр адам – бір-бір әлем. Әркімнің пешенесіне жазылған тағдыры бар. Әр адамның өмірде қалдырған ізі, қолтаңбасы бар.

Өзен кенорнының дамуы жолында мыңдаған азаматтар күш-жігерін, білімі мен біліктілігін сарп етті. Сондай қадірлі ардагер-мұнайшымыздың бірі, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Ақжан Қадымова. Ол Атырау өңіріндегі Нарын құмында қысы-жазы аттан түспейтін қойшының отбасында егіздің сыңары болып дүниеге келді. Анасының ауырып, өмірден ерте озуы – Ақжанның болашақта дәрігер болсам деген үмітін оятты. Жылдың төрт мезгілінде де жұмысы бітпейтін қойшы әкесінің жұмысына араласып жүрген Ақжан бала кезінен-ақ еңбек етудің өмір заңы екенін ұқты. Нан тек тер төгу арқылы келетінін білді. Тетелес апасы екеуі мал да бақты, шөп те шапты, қазан да асты. Обалы не керек, екінші анасы бұларды өз балаларындай бауырына басып, аналық мейірімін төкті. Ойлап отырса, күні кеше 92 жасқа келіп қайтыс болған анасының бетіне жел болып келіп көрмепті. Жарықтық інісіне қызылша шығып қатты ауырып жатқанда «Е, Алла, жарығымның жолына екі қыз садақа» – деп күбірлеп отырушы еді. Қазақ ер баланы ерекше қадір тұтады ғой. Жеті жасар ер баланың алдын жетпістегі кейуана кеспеген ел. Әкесі кей кездері «еркелеп» жолдастарын ертіп келіп, түннің ортасында кемпіріне қазан көтерткізгенде марқұм қабақ шытпайтын. 
Бүгінде зейнеттегі Ақжан өз өміріне көз жүгіртіп, заманның құбылуына таңқалады. «Кешегі құдірет, бүгін жай ғана сүгіретке айналып отыр. Совет өкіметі кезінде екі сөзіміздің бірі партия, съезд болушы еді. Қайда барсақ да Лениннің портреті төрімізде ілініп, сөзі жазылатын. Ал бүгінде жастарымыз Лениннің сөзі түгілі, өзін де танымайды. Біздің жас кезімізде советтік идеология жастар түгілі еңбектеген бала, еңкейген кәрінің санасына да сіңірілді. «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп әндетіп жүрдік!» – деп еске алады жастық шағын Ақжан.
Өмірде адамның қай дегені болып жатыр... Отбасы жағдайына байланысты Ақжан мединститутта оқи алмады. Апасы тұрмысқа шығып, әкесі өмірден озғанда, анасы мен інісін жеткізу үшін қаражат қажет болды. Жігерлі қыз сылақшы болып құрылысқа орналасты. Қасындағы орыстардың жарты сөзін түсінсе, жартысын түсінбеді. Сөйтіп жүріп кәсіптік училищеге құжат тапсырып, мұнай-газ өндіру операторы куәлігін алып, жолдамамен «Өзен қайдасың?» – деп тартып кетеді. «Жас келсе, іске!» – деген ғой. Жастар ол кезде жұмыс десе, ішетін астарын жерге қояды. «Тек қана алға! Партия шешімін мерзімінен бұрын орындаймыз!» – деген ұрандарды іліп тастап,  жас та жасамыс та коммунизм құруға білек сыбанып кірісіп жүрген кез. Жұмыс десе жан-тәнімен беріліп жасайтын, қоғамдық жұмысқа белсене араласатын Ақжан басшылық көзіне бірден түседі. Өзі жұмыскер, өзі жігерлі жас КПСС ХХVI съезіне делегат болып сайланады. Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевпен кездеседі. Мақтау қағаздары мен орден-медальдары да бір басына жетіп артылады. Ел үшін ерен еңбек сіңірген жан КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты да атанды. Делегат болғалы жиі-жиі Мәскеулетіп іссапардан оралған Ақжанның сенбі, жексенбі күндері жұмысқа шығып, ұжымдастарын талай қайран қалдырған кездері де болды. Жоқтан жонып, астаушалар жасатып, мәдени үйшіктің ішіне гүлдер егіп, сатып алған бояумен жұмыс орнындағы жағылады-ау деген жердің бәріне бояу жағып, жарқыратып қойғаны да бар. «Мәдени үйшігіміздің терезелерінің жарқырап тұратындығы соншалық, келген жүргізушілер талай әйнегі жоқ терезе екен деп басын сұқпақшы болып, бастарын әйнекке ұрып алатын-ды», – деп еске алады алыста қалған асыл күндерін Ақжан Қадымова.
«Ол кезде кәдімгі қарапайым үнді шайының өзі қолға түсе бермейтін-ді. Бүгінде «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген заман болды ғой» – дейді Ақжан күлімсіреп.
Совет Одағы кезінде өнер жұлдыздары мен тұлғалардың еңбек ұжымдарын аралап, сұқбаттасып, өнерін насихаттайтын жақсы дәстүрі бар еді. Өзен кенорнына келген осындай қадірлі қонақтар үлгілі жастар бригадасы Ақжан Қадымова жұмыс жасайтын №40 топтық қондырғыға келетін-ді. Совет Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов, қазақтың бұлбұлдары Роза Бағланова, Мақпал Жүнісовалар еңбекшілердің арасына келіп, көшелі әңгімелерін айтты, әсем әндерін шырқады.
«Жұмыста жүрген кішкентай марғаудан Роза Бағланованың шошып кеткеніне ұжым болып күліп алдық. Ал Талғат батыр келгенде топтық қондырғы шебері Егоровтың «үстіңе не киіп алғансың?» деген ескертпесі есімде қалыпты. Ол кезде қазіргідей арнайы киім деген болған жоқ. Қолымызға не түссе соны киіп аламыз. Аяғыма киген гетамның тілі иттің тілі ғұсап салақтап жүргені есіме түссе, әлі күнге дейін күлкім келеді. Қазіргі мұнайшыларға қарасаң, көңілің толады. Киімдері біркелкі. Сапалы. Олардың әлеуметтік жағдайының жақсарған үстіне жақсарып жатқанын құлақ естіп, көз көрді. Өндіріске заманауи технологиялардың енгізілуіне байланысты, қара күш қажет ететін жұмыстар автоматтандырылды. Солай болуға да тиіс» – дейді ардагер мұнайшы шешіле сөйлеп.
Бүкіл саналы ғұмырын Маңғыстауда өткізген Ақжан «Маңғыстау – Құдайдың нұры жауған ел ғой. Мұндай ел де, жер де еш жерде жоқ. Кіндік қаным тамған Атырауға бүйрегімнің бұратыны рас. Алайда, Атырауға барғанда мұрным пысылдап, түшкіре бастаймын. Сол кезде тумаластарым «Ақжанның мұрны Маңғыстаудың мұнайы мен газын иіскеп үйреніп қалған ғой» – деп әзілдейді. Маңғыстаудағыдай бауырмалдықты, ізеттілікті, көргенділікті мен еш жерден кездестіре алмадым. Келіндері қандай ізетті. Ат тергейтін де осы ел. Маңғыстаудың жері де, елі де киелі ғой, шіркін!» – дейді ол.
Кезінде аянбай еңбек етіп, барын қоғамнан аямаған Ақжан уақыты келгенде қайратты, білімді, алғыр жастарға жол берген дұрыс  деп есептейді. Жанашыр жан жер астынан шығып жатқан мұнайға нәрестесіне иіген ананың ақ сүтіндей сұраусыз нәрседей қарайтын көзқарастан арылуымыз керек. Мұнай елдің ырыс-несібесі. Сондықтан, ол ел игілігіне жұмсалуы тиіс екендігін айтады.
Біз компания мұнайшылары компания үшін қызмет жасап кеткен ардагер-мұнайшыларымыздың бәрін де құрметтеуіміз керек. Болашаққа бет түзеген компания керуенінің қозғаушы күші, қара нары болған еңбекқор жан Ақжанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх