Мұнай өндірісінің патриоты

Мұнай өндірісінің патриоты
12.05.2017
475
Өндіріс

Мұнай өндірісінің патриоты

Белгілі мұнайшы Бөлекбай Сағынғалиевтің туғанына 90 жыл!

Мамырдың 5-і күні Қазақ ССР-на және Қазақстанға еңбек сіңірген мұнайшы, «Теңіз кенішін алғашқы ашушы», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің (1927-2009жж.) туғанына 90 жыл толды. Саналы ғұмырын мұнай өнеркәсібінің дамуына арнаған майталман мұнайшының өнегелі өмір жолы кейінгі жас буынға зор үлгі.

Ардақты азамат еңбек жолын мұнай өндіру шеберінің көмекшісі болып бастады. Өндірісте шыңдалып, абыройлы еңбегімен биік белестерді бағындырды. «Қазақстанмұнай» ӨБ (1945 ж. «Эмбанефть» тресті «Қазақстанмұнай» ӨП болып өзгерген), Қазақстан мұнай бірлестігі бөлім басшысы, халық шаруашылығы Кеңесі мұнай бөлімінің меңгерушісі, Орталық партия комитетінде ауыр өнеркәсіпті қамтитын бөлім басшысының мұнай жөніндегі орынбасары, «Қазақстаннефть» бірлестігі бас директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, 1971-1986 жж. «Эмбанефть» ӨФ бас директоры қызметтерін атқарды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Октябрь революциясы» орденімен, мерекелік медальдармен және Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталған. ҚР Минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, Инженерлік академиясының академик-кеңесшісі.

Мұнай өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосқан, соңында жарқын істері қалған ардақты мұнайшының өнегелі еңбек жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, насихаттау – бүгінгі буынның парызы! Бұл орайда 5 мамырда қазақ мұнайының қара шаңырағы Атырау қаласында маңызды іс-шаралар өтті. Алдымен белгілі мұнайшының бұрынғы тұрған үйі – Атырау қаласындағы Уральный көшесіндегі №4 үйде Мемориалдық тақтаны ашу рәсімі болды. 
Шараға мұнайшы-ардагерлер, Қазақстан мұнайгаз өнеркәсібі саласының қызметкерлері, компания басшылары, үзеңгілес және ізбасар әріптестері, сала мамандары, мұнайшының отбасы, қала жұртшылығы қатысты. «Ембімұнайгаз»АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков салтанатты шарада Бөлекбай Сағынғалиұлының өмір жолына тоқталып, ел мұнайын еселеуге қосқан үлесін, майталман мұнайшыға қойылған осынау белгі бүкіл мұнайшылар қауымына жасалған құрмет екендігін атап өтті. 
Мемориалдық тақтаны «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы А.Жақсыбеков пен Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Сағынғалиев ашты. Тақтада «Осы үйде 1974-1986 жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО Құрметті мұнайшысы, Теңіз мұнай кенішін алғаш ашушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев тұрды» деп жазылған. Ардақты азаматтың інісі Таңқыбай Сағынғалиев аталған белгінің ағасына ғана емес, бүкіл қазақ мұнайы мен мұнайшысына көрсетілген құрмет деп бағалады. 
– Бөлекбай ағаның Ембі мұнайын өндіру ісіне қосқан үлесі, оның еңбегі мен ізгі бастамалары кезінде қолдау тауып, жүзеге асырылды. Бүгінгі ұрпақ соның зейнетін көріп отырғандығы да шындық. Ал оның есімін ұлығылау ісін қолға алған ізбасар әріптестері мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен осынау әрекеті өте құптарлық жұмыс екендігі айқын. Бұл – өнегелі іс болды. Осындай жақсы істер алдағы уақытта да жалғасын таба берсін, – деді ол. Майталман мұнайшымен қоян-қолтық еңбектес болған әріптестерінің бірі мұнайшы-геолог Мақаш Рахметов те өз лебізін білдіріп:
– Бөлекбай Сағынғалиұлы – атына заты сай, өзіндік бөлек, дара жолы бар мұнай өндіру мен дамыту ісіне үлкен еңбек сіңірген білімді азамат, білікті басшы еді. Ол бір емес, бірнеше игілікті істердің  бастамашысы болды. Оның көрегендік жолымен тұз асты қабатындағы мұнайға терең бұрғылау жүргізу жөніндегі жұмысы солардың ең бір шыңы десе болғандай. Одақ басшыларымен айтыса-тартыса жүріп, өз дегініне көндіріп, көздерін жеткізді, жеңді. Алып Теңіз кенішін ашушылардың бірі ретінде оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осындай тұлғалардың ұлығылануы өте орынды іс. Біз соған қуанып тұрмыз. Осы істің жүзеге асуына мұрындық боп жүрген барлық деңгейдегі басшыларға алғыс білдіреміз, – деді ардагер аға.
Тақта ашу рәсімінен кейін «Ембімұнайгаз»АҚ-ның кеңсесінде «Б.Сағынғалиевтің Қазақстан мұнайгаз саласының дамуына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, оған да ардагер мұнайшылар, Б.Сағынғалиевтің отбасы мүшелері мен бірге қызметтес болған әріптестері, мұнайгаз саласының көптеген мамандары қатысты. Конференцияны мұнайшы-ғалым, инженер-геолог Балтабек Қуандықов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбековке беріліп, ол ағалар салып кеткен сара жолмен жүріп келе жатқан Ембі өндірісінің бүгінгі тынысына тоқталды. 
Конференция барысында Б.Сағынғалиевтің өмір жолдарынан сыр шертетін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ демеушілігімен әзірленген «Алғашқы ашушы» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Онда Бөлекбай Сағынғалиевтің еңбек жолы мен атқарған істері көз көргендер әңгіме-пікірі арқылы шынайы берілген. Деректі фильмнің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Сергей Әзімов.


Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев облыс әкімі атынан мұнайшы-ардагердің 90 жылдығымен құттықтап, мұндай азаматтарды ардақтау парыз екендігін айтты. Жиын барысында ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов, «Казэнерджи» қауымдастығының бас директоры Б.Ақшолақов, әріптес інісі Т.Байзақов пен «Ембімұнайгаз» АҚ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сматуллин Бөлекбай Сағынғалиұлының басшы ретіндегі және адами қырларын суреттеп, оның ерен істерін ерекше атап өтті. 
– Бүгінгі даңғыл жолда дамып жатқан мұнай өнеркәсібі кешегі ардагер мұнайшы ағаларымыздың ащы маңдай тері төгіліп жеткен еңбектің жемісі. Бөлекбай Сағынғалиұлы өмірі мен еңбегін, барлық қажыр-қайратын, білімін мұнай өндірісінің дамуына, жаңа кен орындарының ашылуына, ұлттық кадрлардың қалыптасуына арнады. Ол өз мамандығын ғана емес, Отанын, туған елін ерекше сүйген патриот ретінде де тарихта қалады. Біздің әкелеріміз бен ардагер ағаларымыз еңбек еткен кезеңдер бүгінгідей техника мен технологияның дамыған уақыты болған жоқ. Олар толарсақтан саз кешіп жүріп, қиындықты жеңді, саланың серпінді жолын қалады. Өмірлері өндірісте өтті. Бөлекбай Сағынғалиұлы Ембіні 15 жыл басқарды. Өндірісті дамытып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартты. Барлау жұмыстарына көп көңіл бөлді. Оның басшылық ету тұсында мұнай өндіру екі есеге артты. «Ғасыр жобасы» атанған әлемге әйгілі «Теңіздің» тарихы Бөлекбай ағамыздың өмірін баяндайды. Ардагер ағаларымыздың осындай өнегелі өмір жолын абыройлы жалғастыру – бүгінгі біздің парызымыз! – деді М.Досмұхамбетов. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев те аталған шараның жас ұрпақ үшін маңызы зор екендігін атап өтті. 


– Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн! Мұнай тарихында мәңгілік есімі жазылған Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің туғанына 90 жыл толып отыр. Өзі ортамызда жоқ болса да, соңында жарқын ісін қалдырған майталман мұнайшының өмір жолын дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету – бүгінгі біздің парызымыз! Қазіргі дамыған өндіріс, қанатын кең жайған кеніштер – кешегі біздің осы ағаларымыздың қажыр-қайратымен жасалды. Қазақтың біртуар, талантты ұлы еліміздің мұнай саласындағы болашағын дәл болжай білді және оны сонау Совет заманында Мәскеуде табанды қорғады. Ғасыр жобасы атанған Теңіз кенішінің ашылуы – осының жарқын дәлелі! Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жасау, ұлттық кадрларды дайындау, ескі Ембі кеніштерін түлету сансыз жұмыстардың барлығын ол абыройлы атқарды. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген және КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Теңіз кен орнын бірінші ашушы Бөлекбай Сағынғалиұлының  ғибратты ғұмыры – әрбір мұнайшыға үлкен өнеге болуы тиіс. Ардагер ағаларымыздың еңбек жолын абыройлы жалғастыру – бүгінгі біздің міндетіміз, – деген ол Бөлекбай Сағынғалиұлының кейінгі ізбасарларының оның айшықты істерін лайықты жалғастырып келе жатқандығын атап өтті. 
Бөлекбай Сағынғалиұлын Теңіз кен орнын алғаш ашқандардың бірі ретінде біліп, танып келген «Теңізшевройл» компаниясы да айтулы шарадан тыс қалмады. Компанияның Бас директоры Т.Этчисон шараға үлкен жаңалығымен келген екен. 


– Бөлекбай Сағынғалиев Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлесін қосты. Оның көреген басшы ретіндегі рөлін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Оның аймақта «алып мұнайдың» бар екендігіне сенімділігі мен ұйымдастырушылық қабілеті Теңізде геологиялық-барлау жұмыстарын қаржыландыруға қол жеткізуге мықты серпін берді. Бөлекбай Сағынғалиев пен оның геолог әріптестерінің зерттеулері Қазақстанның батысында осындай бірегей мұнай кен орнының ашылуына себеп болды. Оның басшы ретіндегі дарыны осынау орасан жоба – Теңіз мұнай және газ кешенінің игерілуі мен дамуына түрткі болды. Теңіз кен орнының ашылуы Бөлекбай Сағынғалиевтің есімімен тікелей байланысты. «Теңізшевройл» өзінің зор құрметін білдіре отырып, Теңіз және Королев кен орындарының жүрегі мен жаны болып табылатын Теңіздегі Кенішті пайдалану кеңсесіне оның есімін беруді үлкен мақтаныш санайды, – дей келе, ТШО-ның Алғыс хаты мен Бөлекбай Сағынғалиевтің есімін беру жайлы сертификатты «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы А.Жақсыбековке табыстады.

 
Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Бөлекбайұлы да мінбеге көтеріліп, өз лебізін білдірді. 
– Құрметті конференцияға қатысушылар, ембілік мұнайшылар! Әкеміздің еңбегін бағалап, есімін ұлығылап, ауқымды шара ұйымдастырылғаны үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біз үшін ол үлкен мерей, зор абырой. Әкеміз бүкіл ғұмырын мұнай ісіне арнаған адам. Үйде болғанынан түзде жүргені көп азамат болды. Елі үшін тер төгіп, еңбек етті. Міне, уақыт өте келе ізгі бастамалар қолға алынып, жарасты жұмыстар жасалуда. «Ембімұнайгаз» бүгінде мықты кәсіпорынға айналды, білікті мамандарымен мақтана да алатындай дәрежеде. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін, баршаңызға рахмет, – деді ол толғана сөйлеп. 
Шара соңында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев пен «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы А.Жақсыбеков Б.Сағынғалиевтің жары Хадиша апай мен отбасы мүшелеріне қазақы дәстүрмен шапан, қамзол жауып, сый-сыяпаттар табыс етті.

  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх