«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ салауатты өмір салтын қолдайды!

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ салауатты өмір салтын қолдайды!
12.05.2017
517
Әлеумет

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ салауатты өмір салтын қолдайды!

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай Жаңаөзен қаласында тұңғыш рет Ат бәйгесі өтті. Бүкіл Маңғыстауды қамтыған ауқымды шараға «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ қаржылық демеушілік жасап, «Өзенмұнайгаз» АҚ белсенді атсалысып, ел сүйіспеншілігіне бөленді. 

8-9 мамыр күндері Құланды елді мекенінде өткен бұл ұлттық ойындар сайысына Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловтің және «Арман тұлпарлары» Жаңаөзен ұлттық ат спорты түрлері федерациясы қоғамдық бірлестігінің де ат салысқанын атап өткен ләзім. 
Бәйгенің бас төрешісі Орынбасар Құлбеков ауқымды шара туралы былай деп әңгімеледі. «Қазақтың ат жарыс десе, айықпас ауруы бар емес пе? Бәйгеге халық көп жиналды. Жанкүйерлердің қолдауы сайыстың көркін қыздырды. 24 шақырымдық «Аламан», 3 шақырымдық асыл тұқымды Тай шабысы, 6 шақырымдық Құнан шабысы, 18 шақырымдық Ұшқыр бәйге, 6 шақырымдық Адай тұқымдас тай шабысы, 9 шақырымдық Адай тұқымдас Құнан шабысында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан шабандоздар мен жүйрік аттар марапатталып, жеңімпаздар бөріктерін аспанға атып жатты.

Көпшілік бәйгеден озып келу үшін жылқы жүйрік болса болғаны деп ойлайды. Шын мәнінде жеңіс шабандоздың техникалық шеберлігіне, оның тосын жағдайға тез бейімделіп, тез шешім қабылдап, атының күшін тиімді пайдалануына да тікелей байланысты. Бапкер бәйгеге шабатын атпен қоса бәйге баланы да әзірлейді. Бәйге атын баптау жас сәбиді күтіп баққаннан да қиын. Бапкер аттың жемін, суын, шөбін екі шұқып, бір қарап дегендей әбден сүзгіден өткізеді. Оның үстіне, жылқы үй жануарларының ішіндегі өзінің асыл қасиетін ең көп сақтаған жануар. Жылқы малы судың тұнығын, шөптің шүйгінін ғана таңдайды.
Аталмыш шараға қаржылай демеушілік жасап жатқан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына бүкіл маңғыстаулықтар атынан шексіз алғысымды білдіремін. Жылқы – біздің мақтанышымыз. Бәйге – тек спорт қана емес, ол өнер, көшпенділер мәдениеті. Бәйгеде небір тұлғалар келіп, өздерінің көшелі әңгімелерін айтып жатса, домбырадан жыр мен күй төгіліп жатса, әрбір қазақтың жүрегін қозғайтын «Көк тудың желбірегені» әні шырқалып жатса, жас ұрпақтарға берілетін патриоттық тәрбиенің бір көрінісі осы емес пе?! Жеңіс күні құрметіне арналған ұлттық спорт жарысы елді бірлікке, ынтымаққа баулиды. Өскелең ұрпақтың жүрегіне жігер сыйлайды. Қазақы рухымызды оятады».


Бәйге жеңімпаздарына тоқталатын болсақ, 24 шақырымға шапқан Аламан бәйгеден І орынға қызылөзендік Батыр Аралбаев, ІІ орынға  сайындық Хамза Беймырзаев, ІІІ орынға жетібайлық Дарханбай Қонқаев ие болды.
3 шақырымдық асыл тұқымды тай шабысынан І орынға жыңғылдылық Ермек Төребаевтың Мадоннасы, ІІ орынға Сайын аулы тұрғыны Алеке Бөлтековтің Қаракөзі, ІІІ орынға бостандық Алтынбек Такеновтің Қазынасы ие болды.
6 шақырымдық Құнан шабысында оқ бойы оза шапқан Сайын аулының тұрғыны Бақберген Бөлтеков І орынға, жетібайлық Қанағат Бекмағамбетов ІІ орынға, жыңғылдылық Мерей Базарханов ІІІ орынға ие болды.
18 шақырымдық Ұшқыр бәйгеден жаңаөзендік Парахат Қалдаманов І орынға, сайындық Есенғали Сүйіндіков ІІ орынға, құландылық Берік Арыстанғалиев ІІІ орынға ие болды.
6 шақырымдық Адай тұқымдас тай жарысынан І орынға жаңаөзендік Қайырбай Орынбеков, ІІ орынға жаңаөзендік Дүйсен Өтепов, ІІІ орынға жаңаөзендік Рүстем Балиев ие болды.
9 шақырымдық Адай тұқымдас құнан бәйгесінде І орынды жаңаөзендік «Жігер» шаруа қожалығы, ІІ орынға теңгелік Асқар Бердібай, ІІІ орынға құландылық Дайрабай Жайықов ие болды.
Бәйгеден бөлек, бұл күндері қазақтың кең тараған ұлттық ойындары «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Қыз қуу», «Көкпар», «Аударыспақ» ойындарынан да сайыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды.
Сонымен, қыз қуудан І орынға Татьяна Макаркина мен Руслан Дүйсенбаев (Ақтау қаласы), ІІ орынға Дидар Төлеуғалиева мен Ерғали Еламанов (Ақжігіт аулы), ІІІ орынға Нұрлы Орынжанова мен Досан Еламан (Бейнеу) ие болды.
Сайыскерлерден мергендікті талап ететін жамбы атудан І орынға Бауыржан Бәйімбетов (Жаңаөзен), ІІ орынға Әнес Етреков, ІІІ орынға Кеңшілік Табылдиев ие болды.
Көкпарға қатысатын командаларға 80 жастағы Қайырбай Жарасов ақсақал бата беріп, көкпаршыларға жеңіс тіледі. Нәтижесінде, 12 адамнан тұратын «Адай Ата» командасы 31 келілік серкені шыбын құрлы көрмей қақпақыл ете жүріп, күш пен ептілік арқасында жүлдегер атанды.


Теңге ілуден І орынды Жасұлан Қуанышұлы, ІІ орынға Жігер Аманқос, ІІІ орынға Досан Еламан ие болды. Күшті алып та, шалып та жығады деген, аударыспақ ойнынан 50 келі салмақ бойынша І орынды Әнес Етреков, Әкімжан Дархан, Нұралы Ырысбаев, 60 келі салмақ бойынша Жасұлан Қуанышұлы, Елдос Биман, Руслан Дүйсенбай, 70 келі салмақ бойынша Әділбек Қалиев, Заманбек Әлімұлы, Марат Ыдырыс, 80 келі бойынша Өміртай Басбаев, Берекет Орынбасаров, Батырбек Рамазанов, 90 келі бойынша Жоламан Сүндетбай, Байрамтаған Жоламан, Нұртілек Оразбаев жүлделі І орынға ие болды.
Шара барысын тамашалай отырып, Асқар Сүлейменов айтпақшы, қазақта «сілтесең семсер, қорғансаң қалқан» болатын азаматтарымыздың жеткілікті екендігіне көзіміз жеткендей болды.
«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ ел рухын көтеретін ұлттық ойындарға қаржылай демеушілік жасай отырып, халық денсаулығының қадірін айрықша ұғынып, барлық игіліктен жоғары санайтындығын көрсетіп отыр. Ұлттық ойындардың кеңінен насихатталуына қолдау көрсетті. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх