«Ерлік ешқашан ұмытылмайды»

«Ерлік ешқашан ұмытылмайды»
12.05.2017
560
Әлеумет

«Ерлік ешқашан ұмытылмайды»

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 72 жыл. Біз сол сұрапыл соғыс қасіретін есімізден шығармауымыз керек, халыққа азаттық таңын сыйлап, Отан үшін, келешек ұрпақтың бейбіт аспаны үшін күресіп, жандарын қиған сарбаздарды ұмытуға қақымыз жоқ. Олардың ерлігін мәңгілік қастерлеу – қазіргі ұрпақ міндеті. 

Жеңіс күні қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ-да өткен «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоғын қою жиыны осындай құрметтің айғағы. Шараға қатысқан соғыс, тыл, еңбек және Ауған соғысы ардагерлерін, мұнайшыларды «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков құттықтап, сын сағатта ембілік мұнайшылардың қиындықты елмен бірге еңсере білгенін зор еңбекке балады. 
– Ұлы Отан соғысы кезінде ембілік мұнайшыларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Соғыстың ауыр кезеңдерінде мұнай өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеді. Ембіде өндірілген «қара алтын» бірден майданға жөнелтілді. Қиын жағдайға қарамастан жаңа мұнай кен алаңдары іске қосылып, өнім өндіру көлемі ұлғайтылған еді. Сол соғыс жылдарының өзінде өндіріс қарқыны бәсеңдемей, есесіне «Қошқар», «Комсомольск», «Жолдыбай», «Тентексор» кеніштері пайдалануға берілді. Отан үшін аянбай еңбек еткен аға буынның, аға-апаларымыздың еңбек жолдары бүгінде жалғасуда. Бұл күндері «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының әр мұнайшысы соғыс жылдарында, одан кейінгі кезеңде де аянбай еңбек еткен ардақты аға буынды ұдайы құрметтейді. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында әр кезеңдерде еңбек еткен 1889 ардагер бар. 11-і соғыс ардагері, 140 тыл еңбеккері, 18 ауған жауынгері, 2 Чернобыль және 16 Семей полигонының ардагері ортамызда. Ардагерлер Компания тарапынан әлеуметтік көмекпен толықтай қамтылған. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, еліміздегі сауықтыру орындарына тегін жолдама беріледі. Жыл сайын мемлекеттік мерекелерде және мерей жасқа толған азаматтар компания тарапынан ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жеңіс күні қастерлі мереке. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсеміз. Бүгінгі бейбіт өмір осы отырған ардагерлердің арқасы. Отан үшін от кешкен, қан майданда қасық қанын аямай жаумен шайқасқан майдангерлерге деген ықылас-ниетіміз, құрметіміз шексіз. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды! «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымы атынан баршаларыңызды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Отбастарыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Сіздер сыйлаған бейбіт өмір мәңгілік жасай берсін, – деді ол.  
Жиында Қоғам ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин соғыс, тыл және еңбек ардагерлерін, барлық шараға қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтап, бейбіт аспанымыздың мәңгілік болуын тіледі. «Шын мәнінде, бұл мерекенің маңызы зор, халықтың рухы көтеріледі, әрі келер ұрпақ соғыс зардабын ұмытпайды» деп атап өтті ардагер. Сонан кейін «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылып, барша халық ескерткішке тағзым етті. 
Шара соңынан ардагерлер Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар сарайында жайылған мерекелік дастарханда бас қосты. Мұнда да оларға қазақы дәстүрмен сый-сияпат көрсетіліп, дәм ұсынылды. Соғыс, тыл және еңбек ардагерлері «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы мен ұжымына шараға шақырып, құрмет білдіргендері үшін алғысын білдірді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх