Ратушаға ту тіккен батыр немесе берілмей қалған марапат

Ратушаға ту тіккен батыр немесе берілмей қалған марапат
29.05.2017
609
Әлеумет

Ратушаға ту тіккен батыр немесе берілмей қалған марапат

Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен танылған қазақ солдаттары аз болған жоқ. Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтен өзге де көптеген қазақ батырлары кескілескен ұрыста ерлікпен көзге түскен болатын. Осындай ерлердің бірі – жылыойлық батыр-офицер Рақметолла Қараманов еді.

Рақметолла Естебайұлы Қараманов 1909 жылы Естебай би Елемесұлының отбасында, қасиетті Жылыой жерінде дүниеге келген. Жас жігіт өзінің еңбек жолын осы 1929 жылы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастады.  Аталмыш жұмыста 1931 жылға дейін болған ол сонымен бірге үлкендердің арасында сауатсыздықты жою ісіне де үлкен үлес қосты. Бұдан кейін Рақметолла әскер қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін әскери қызметте болды. Тоғыз айлық полк мектебін бітіріп, кіші командир болған Р.Қараманов 1935-1937 жылдары КСРО-ның Моңғолиядағы сауда өкілдігінің бақылаушысы болып жұмыс жасайды. 1942 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысының майданына шақырылған Р.Қараманов 1943 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік-Батыс майданда атты әскердің қылышкерлер взводында командир санатында ерлікпен шайқасты. Өмірлік тәжірибесі мол, 1939 жылдан бастап коммунистік партия мүшесі Қараманов Рақметолла 1943 жылдың қазан айында батальондық партиялық ұйымдастырушылардың үш айлық курсына жіберіледі. Оның бұдан кейінгі өмірі 1944 жылдың қаңтар айынан бастап 1946 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта алғашқыда 3-Украина майданының, кейін 1-Беларусь майданының құрамында ерлік күрес жүргізген 266-атқыштар дивизиясының 1008-полкындағы 2-батальонның өмірімен біте қайнасты. Алғашқысында ол осы батальонның взвод командирі болып тағайындалған-ды. Ал, 1943 жылғы қазан  айындағы бір  ұрыста  батальонның  партиялық  ұйымдастырушысы қаза болады да, енді Р.Қараманов осы батальонның партиялық ұйымдастырушысы болады. Соғыстың ең қиын, кескілескен жағдайда өткен жерінің бірі сол  кездегі фашизмнің  астанасы – Берлин қаласы болғандығы тарихтан белгілі. Рейхстагтан  кейінгі маңызды екінші орын – Берлин Ратушасы еді. «Екі сағатқа созылған көше ұрысынан кейін 1008-ші атқыштар полкіндегі 1-ші батальонның екінші ротасы Ратушаға лап қойды, бірінші болып төменгі этажға қызылқоғалық Кенжебай Мәденовтің взводы енді. Бұл мекемені қорғаушылар немістердің СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты... Ратушада бір генерал, үш полковник және басқа көптеген офицерлер қолға түсті. Ратушаға ту тігілді...” деп еске алады кейін сол ұрысқа қатысып, ерлік көрсеткен политрук Р.Қараманов. Міне, тамаша ерлік осылай жасалып еді. Аталмыш ерлігі үшін Рақметолла Қараманов 1945 жылғы 10 мамыр күні Қызыл Ту орденін алды. 1946 жылы әскерден босаған майдангер Р.Қараманов туған жеріне – Жылыой ауданына оралып, абыроймен еңбек етті.
Жылдар өте келе, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Р.Қарамановты ерен ерлігі үшін марапаттау жөніндегі аса құнды құжат табылды. Ол құжатта аталған полк командирі Царев ерлік істерін баяндай келе, Р.Қарамановқа «Совет Одағының батыры» атағын, Ленин және Алтын жұлдыз орденін беру лайықтығы жөніндегі бұйрығын жариялаған. Бірақ сол кезде тек Қызыл ту орденімен шектелген, яғни жоғары басшылық ол бұйрықты «байқамаған», құжат шаң басып бір бұрышта қалған. Алайда ерлік іс қашанда ұмытылмайтыны, шындықтың беті ашылары сөзсіз. Міне, 70 жылдық қарсаңында Р.Қарамановтың 10 жасар шөбересі Алихан Жалғасов мектептен алған тапсырманы орындау мақсатында интернет желісін шарлап отырып, бабасы туралы осы құнды құжатты тауып алған. Осыдан кейін батырдың туған-туысқандары осы құжат негізінде деректер жинастырып, тарихи шындыққа көз жеткізген. Бүгінде оның жылыойлық жерлестері Ратушаны басып алуда көзсіз ерлік көрсеткен Р.Қарамановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы бастама көтеруде. Сондай шараның бірі Атырау инженерлік-гуманитарлық колледж қабырғасында өтіп, батыр есімі ұлығыланды және жоғары марапатқа ұсыну жөнінде құжат дайындалды. 
Батыр атағында спорттық шаралар да өтіп тұрады. Жуырда Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай қазақтың қаһарман ұлы, батыр перзенті, Берлин қаласында Ратушаға алғашқылар қатарында ту тіккен жерлесіміз Рақметолла Қараманов рухына арналған кіші аяқ доптан облыстық ХХ-шы ашық турнир өтті. Оған облыста белгілі 8 футбол командасы қатысып, өзара сынға түсті. Олардың ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ командасы да қатысып, бағын сынады. Ойын өте қызықты өтті, арасында төреші шешіміне келіспеген талас-тартыс та, құлаған-жығылғандар да болды. Соған қарамастан ойын тоқтаған жоқ. Нәтижесінде үшінші орынды ембілік мұнайшылар командасы иеленсе, екінші орынды «Құлагер» командасы, ал жүлделі бірінші орынды «Өмірзақ» командасы қанжығасына байлады. Батыр атындағы турнирді жыл сайын өткізу дәстүрге айналған болатын. Оның ұйымдастырушысы әрі демеушісі «Өмірзақ-Сервис» ЖШС. Жеңімпаздарға кубок пен ақшалай сыйлықты Рақметолла Қарамановтың ұлы Мақсот Рахметуллин, інілері Өтеген Нұрғалиев пен Аманғали Әміржанов табыс етті.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх