Доссорлық мұнайшылар кіші доптан сайысты

Доссорлық мұнайшылар кіші доптан сайысты
29.05.2017
493
Әлеумет

Доссорлық мұнайшылар кіші доптан сайысты

12 мамыр күні Доссор денешынықтыру сауықтыру кешенінде «Доссормұнайгаз» МГӨБ кәсіподақ комитетінің қолдауымен басқармаға қарасты цехтар мен бөлімшелер арасында Жеңіс мерекесіне орайластырылған кіші футболдан жарыс өтті. Жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру және мұнайшылар арасында спортты насихаттап, ынтымақтастықты нығайту. Мұндай жарыстар мұнайшылар арасында жиі өткізіліп тұрады, бұл жолы да әр жақта еңбек етуші цех жұмысшылары бір-бірімен кездесуге мүмкіндік алды. 

Соңғы жылдары кіші аяқ доптан жарыстар Ембіде де жақсы үрдіс алып келеді. Соның арқасында мұнайшылар арасында әуесқойлықтан бастап кәсіби шеберлікке жеткен ойыншылар да қалыптасып қалды. Олар бүгінде республикалық деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Доссорлықтардың ойыны да қызықты әрі тартысты өтті. Бір қақпадан екіншісіне доп қуалай жүгірген ойыншылар қарсыласын алдап та кетеді, алданып та қалады. Қақпашылар біресе допты дөп қақса, бірде жіберіп алады. Осының өзі ойын көрігін қыздырғаны да анық. Әр команданың жанкүйерлері де ойыншыларға дем беріп отырды. 
Ойын нәтижесінде III-IV орынды Жер асты жөндеу цехы мен «Қарсақ» мұнай өндіру цех командасы өзара бөлісіп, II орынды «Ботақан» цехының ойыншылары иеленді. Ал, I орынды Арнаулы көлік керуенінің командасы жеңіп алып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, шеберлігімен көзге түскен жекелеген ойыншылар да аталып өтті. Арнаулы көлік керуенінің автокөлік жүргізушісі Серік Бисекенов «Ең үздік қақпашы», «Ботахан» мұнай-газ өндіру цехының бастығы Бейбіт Елемесов «Ең үздік шабуылшы», «Қарсақ» мұнай өндіру цех жөндеушісі Нұрсұлтан Кубаев «Ең үздік қорғаушы» атанды. Сонымен қатар әр команда ойыншылары бағалы сыйлықтар және Алғыс хатпен, командалық жеңімпаз-жүлдегерлер диплом және естелік кубоктармен марапатталды.

Қанат Сакупов, 
«Доссормұнайгаз» МГӨБ кәсіподақ комитетінің спорттық шаралар жөніндегі ұйымдастырушысы 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх