Ембіде жас мамандар күні өтті

Ембіде жас мамандар күні өтті
16.06.2017
386
Жастар

Ембіде жас мамандар күні өтті

8, 9 маусым күндері Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобының V мерейтойлық жас мамандар күні өтті. «Ембімұнайгаз» АҚ-да өткен шараға ҚМГ БӨ-нің 12 еншілес мекемесі («Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз»АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазгермұнай»БК» ЖШС, «Argymak TransService» ЖШС, «Карповский Северный» ЖШС, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС, «СӨТБ» ЖШС, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «ҚазГӨЗ» ЖШС, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС) қатысып, оның аясында жас мамандар дайындаған инновациялық жобалар сайысы ұйымдастырылды. Ол сайысқа ҚМГ БӨ еншілес мекемелерінен 39 жас маман өзінің жобасын әріптестер талқысына салып, қорғап шықты. Жобалар жұмысы 4 секцияға бөлініп, «Геология және кен алаңдарын игеру», «Мұнай-газ өндірудің техникасы мен технологиясы», «Экономика және өндіріс», «Өндіріс процесін жақсарту, энергетика және ТПБАЖ» тақырыптарын қамтыды.

– Биылғы форумның «Ембімұнайгаз» АҚ базасында, Компанияның 95 жылдық мерей тойының қарсаңында өтіп жатқаны біз үшін маңызды. Қазақ мұнай-газ саласының болашағы білімді мамандардың қолында. Соған сәйкес, сала жұмысының заман талабына сай дамуына сіздер үлес қосасыздар. Биылғы форумның жаңалығы сол – мұнда ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, оның барысында қатысушылар жаңа технология мен перспективалы жобаларды жүзеге асыру жолдарымен таныстырады. Бұл – компаниялар  арасындағы тәжірибе алмасудың тамаша алаңы, – деп атап өтті шараның ашылу салтанатында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков. Әрине, шара аясындағы жобалар сайысын өткізудің мақсаты – мамандардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, өндіріске қажетті ұтымды идеяларды, қажетті өндірістік жаңалықтарды енгізу. Сондықтан да жобаларды саралау барысында оның бүгінгі таңдағы өзектілігі мен маңыздылығы, тиімділігі мен қолданысқа қолайлылығы ескерілді. 


– Жас мамандар – Компаниямыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Сондықтан да бұл шараның алар орны ерекше болмақ. Жыл сайын бас қосқандағы мақсат – ол жұмысшылар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, жас мамандардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасау. Соның ішінде жобалар сайысын өткізу арқылы дарынды мамандарды анықтау, олардың озық идеяларын мүмкіндігінше өндіріске қолдану. Мәселен, бұдан бұрын өткен форумдардағы жобалардың бірқатары бүгінде өндіріске енгізілсе, қазіргі таңда енгізілу барысындағылары да бар. Бұл жыл сайынғы сайыстың тектен текке өтпегендігінің айқын айғағы. Ендеше, іске сәт, барлығыңызға ақ жол тілеймін, – деді ҚМГ БӨ аппарат басшысы  Бауыржан Асқаров.

Ғылыми-практикалық конференция

Бұдан соң шараға қатысушылар секцияларға бөлініп, әрқайсысы өзінің таңдаған тақырыбы аясындағы жобасын қорғауға кірісіп кетті. Оларға толық бір күн берілді. Кешке қарай форумға қатысушылар Жайық өзенінде катермен серуендеуге мүмкіндік алды. Сонан соң олар «Амангелді» балық өңдеу зауытында болып, балықты өңдеудің алуан түрлерімен танысты. Бекіре өсіру зауытында да кішкене шабақтардың қалай өсіретілетіндігі, олардың белгілі бір уақыттан соң өзенге миллиондап жіберілетіні көрсетілді. Сондай-ақ, форумға қатысшулар «Ембімұнайгаз» АҚ Бас кеңсесіндегі УАЗ интеллектуалды кен алаңын онлайн жүйесінде көре алатын орталықта болып, кеніш жұмысымен жан-жақты танысты. Ал шараның екінші күнінде ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда 10 жоба бейнекөрсетілім арқылы бір-бірлеп таныстырылып, әр жобадан кейін 12 топқа бөлінген қатысушылар сол жобаны талқылап, жоба авторына тақырып аясындағы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Өз кезегінде, автор да толыққанды жауап беруге талпынып, жобасын қорғауды мақсат тұтты. Жалпы, конференция қызықты өткенін айта кеткен жөн, өйткені екі жақты диалог түріндегі талас-тартыс, өзара пікір алмасу алуандылығымен ерекшеленді. Мәселен, өзендік Мұрат Ақынның аз да болса өндірістік нәтиже беретін интеллектуалды тербелмелі қондырғы жобасы әлі күнге іске асырылмағаны айтылды. Ембілік Алмагүл Аманжанның Lo-cat технологиясы бойынша күкірт алу қондырғысы жобасы әлі де үйренуді, зерттей түсуді қажет етеді. Сол секілді басқа жобалар да қатысушылар тарапынан қызу талқыланып, әділ бағасы беріліп, әр түрлі ұсыныстар айтылды.

‘‘РД-студия’’

Конференциядан кейінгі орын алған қызықты шараның бірі – «РД-студия» қонағымен кездесу болды. Форумға қатысушылар «Ембімұнайгаз»АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбековпен сұхбат құрып, оның балалық шағы, ата-анасы, алғашқы еңбек жолдары, өмір мен өндірістегі ұстанымдары, басшылық қызметтегі жеке тәртібі және басқа да өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, қажетті де пайдалы ақпарат алды. Мұндай шаралар жастарға еркін түрде басшылық өкілдерімен тікелей сұхбаттасып, көкейде жүрген көп сұраққа жауап алудың тамаша сәті.
– ҚМГ БӨ-нің әр түрлі еншілес компаниялары жас мамандарының екі күн бойына бас қосып, компания жұмысының тиімділігін арттыруды көздеген жобалары қарастырылды. Конференция өтті, басқа да демалыс шаралары өтуде. Мұның бәрі Сіздердің кәсіби өсулеріңіз үшін маңызды. Инновациялық жобаларды өндіріске енгізу бүгінгі таңда өте қажетті жұмыс, әсіресе кен қоры азая келген Ембіде оның қажеттілігі айқын сезіледі. Сондықтан Сіздердің сәтті жобаларыңыз аяқсыз қалмайтынына сендіремін, – деді А.Жақсыбеков. Сұхбат барысында жастар көптеген сұрақтар қойды, оларға басшы тұщымды жауап берді. Соңынан қызықты сұрақ қойған жастарға естелік сыйлықтар берілді. Ал одан кейін ресейлік әлеуметтік кәсіпкер, бизнес-тренер Гузель Санжапова өзінің балға жеміс-жидек қосу арқылы жасаған жаңа өнімін бейне көрсетілім арқылы көрсетіп, осы бизнес жолындағы қиындықтарымен және жеткен жетістіктерімен бөлісті. Оның идеясы ешқашан жаңа істі бастауға қорықпай, батыл болу қажет дегенге саяды. Мұнда да жастар сұрақтар қойып, өзара пікір алысты.  

Гүлбану Шарафетдинова, «Ембімұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді дамыту департаментінің директоры:

– Жас мамандар күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ тарапынан бесінші мәрте өткізіліп, дәстүрге айналып отыр. Бұл әрине қуанышты жағдай. Оның әр өңірде өтуі де көп жайтты аңғартқандай. Жастардың танымы, өзара білім мен білік жарысы арқылы өсуі орын алады. Жастар ел ертеңі, өндіріс болашағы да солардың қолында. Сондықтан да «болар бала жасынан» демекші, осы күннен шыңдалып өскен жас келешекте мүдірмейді, іс тетігін таба білері анық. Инновациялық жобалар арқылы өндірістің болашағына жаңа қадамдар жасалып, тың идеялар туындайтыны анық. Жастарға тілейтінімз – ізденіс пен еңбек, алғырлық пен сәттілік!

Данияр Оралов, «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайгаз өндіру инженері: 

– Мен жастар форумына 3-ші рет қатысып отырмын. Бұл өте қажет шара, жалғасын таба берсін. Барлық әріптестеріме өмірде зор жетістіктер тілемін.

Алмагүл Аманжол, «Ембімұнайгаз» АҚ, Прорва Газ қондырғысының маманы:

– Менің еңбек өтілім бар болғаны 5 ай, сондықтан да мен үшін мұндай бас қосудан алар сабақ, көрер өнеге аз болмайды. Форум керемет өтті, көп мағлұмат, жағымды әсер алдым.

Жеңімпаздар жемісі

Сонымен жүректерді лүпіл қақтырған сәт те келіп жетті. Оларға арнайы диплом, «Сулпак» дүкендер желісіне 20 мың теңгелік сертификат және «Эйр Астана» компаниясы ұшағына 120 мың теңгелік сертификат табыс етілді. 

Ғибрат Ауғанов, «Қазгермұнай» БК» ЖШС маманы, үздік жоба авторы:

– Марапат қашан да мерей өсіреді ғой, оның үстіне жасаған еңбегіңнің жемісі көрінсе, нұр үстіне нұр. Мен өз жобамды экономика секциясы бойынша «Еңбекті нормалауды енгізу» тақырыбында қорғадым. Оған сәйкес экономикалық тиімділік пен еңбек өнімділігі артады деп күтіледі. Жоба бүгінде қолданысқа енгізілуде. Барлық қатысушыларды форуммен құттықтаймын. Шара тамаша өтті, екі-үш күн бойына еш зеріккен жоқпын, қайта жақсы демалдық.

Дархан Жаңабаев, «Ембімұнайгаз» АҚ маманы, үздік жоба авторы:

– Энергетика секциясы бойынша екі адамның жобасы үздік деп танылды. Менің тақырыбым «Резервуарлардың сұйықтық деңгейін электронды жылжымалы өлшеуді енгізу». Өндірістік процестерді жеделдетуде пайдасы тиеді деп сенемін. Өндіріс бір орында тұрмайды, үнемі жаңаруды талап етеді. Сондықтан тиімді жобаларға Ембіде жол ашық деп білемін. Осындай шараның жыл сайынғы ұйымдастырылуы басшылық тарапынан жастарға деген оң көзқарас, кең қолдау деп түсінемін. 

Руслан Ақмұқанов, «Қаражанбасмұнай» АҚ маманы, үздік жоба авторы:

– Жас мамандар күнінде жақсы нәтижеге жеткеніме қуаныштымын. Мен «мұнайгаз өндіруде шыбықты тиімді пайдалану, бұзылмауға қарсы әрекет» тақырыбында жоба дайындаған болатынмын. Қазылар алқасы оң баға беріпті. Бәріміз де өз жобамыздың бір тиімділігі болады деген оймен қатыстық. Сол ойымыз орындалса, үміттің ақталғаны ғой. Биылғы форум керемет өтті, қаншама жағымды эмоциялар алдық, әр шара өз өзгешелігімен ерекшеленді. Басшылыққа осындай шара үшін мың алғыс!

Бекназар Таласбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ маманы, үздік жоба авторы:

– Мен жобамды Энергетика секциясы бойынша «Жер асты жөндеу жұмыстарын оңтайландыру» бойынша қорғап шықтым. Жер асты жөндеу жұмысы қиын да қауіпті сала екенін бәрі біледі, сондықтан оның тиімділігін арттыру жұмыстары үнемі жетілдіріліп тұруы тиіс. Менің де көздеген мақсатым сол. Жалпы, мен 10 жылдан астам еңбек өтілімде талай сайыстарды көріп келемін, бірақ жастар форумы өзінше бір ерекше шара. Онда аларың, үйренерің көп болады.

Жарас Исламбердиев, «Қаражанбасмұнай» АҚ маманы, үздік жоба авторы:

– Менің қорғаған тақырыбым – «Кольматациямен тиімді күрес әдісі», геология мен кен орындарын игеру секциясы бойынша. Жобаның мәні ұңғы бойындағы балшық, шайыр, т.б. зиянды заттармен күрес. Мен форумға бірінші рет қатысып отырмын. Көптеген жобалармен танысып, білім мен білігімізді, ой-санамызды өсірдік, қаншама жаңалық-ақпараттарды алдық. Форум өте тамаша өтті. 

Сонымен, екі күнге созылған жас мамандар күні де  өз мәресіне келіп жетті. Шараға қатысқан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Өндіріс және кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директоры Қуанышбай Нұрғалиев ҚМГ БӨ бас директоры Қ.Есқазиевтің жастарға арналған жылы лебізін жеткізіп, игі тілегін білдірді. «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы да жастарға зор жетістіктер, кәсіби шеберлікті шыңдау жолында талмас ізденісті тіледі. Әрине, жас мамандар алдында әлі де талай бел-белестер, алып асулар тұрғаны ақиқат. Жастарға сәттілік әрдайым серік болсын!

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх