Экологияға ұқыпты көзқарас

Экологияға ұқыпты көзқарас
16.06.2017
387
Қызметкерлер

Экологияға ұқыпты көзқарас

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

Табиғатты қорғау және экологиялық таза өнімдерді тұтыну қашан да маңызды. «Ембімұнайгаз» АҚ Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін биылғы жылы жаңаша бастамамен бастады. Атап айтқанда, Қоғамның қоршаған ортаны қорғау департаментінің мамандары бас кеңсені аралап, басшылардан бастап, барлық қызметкерлерге жапырақ түстес экологиялық таза пакетті табыс етті. Өйткені, халық көп тұтынатын полиэтилен пакеттердің адам ағзасына зияндылығы бар, ал матадан жасалған табиғи таза пакет өзінің экологиялық тұрғыда тазалығымен және беріктігімен ерекшеленеді. Пакет сыртында «Таза өнімді пайдалан» деген жазу бар. Бұл халықты зиянсыз өнімді қолдануға насихаттайды.  
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай облыста өткен жиында облыс әкімі Н.Ноғаев қазақ халқының әлімсақтан табиғатпен үйлесімде өмір сүріп, оның бар ерекшелігіне құрметпен қарап келгенін айтып, бүгінгі күнгі табиғат пайдаланушылардың сол ата-баба ұстанымын жалғастыруы тиіс екендігін, сол бағытта өңірдің экологиялық мәселесіне жанашырлықпен қарау қажеттігін атап өтті. Шара барысында өңірде қоршаған ортаны қорғау бағытында еңбек етіп келе жатқан көптеген мамандар облыс басшылығының марапатына ие болды. Соның ішінде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ қоршаған ортаны қорғау бөлім басшысы Галя Бекешева осы саладағы елеулі еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен, департаменттің аға инженер-экологі Б.Қанатбаев және «Қайнармұнайгаз» МГӨБ инженер-экологі С.Өтегенов «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды. 
«Ембімұнайгаз» АҚ өзінің негізгі міндеті мұнай және газ өндірумен қоса, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне де аса көңіл бөледі. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуы үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-да ілеспе газды жою бойынша бірқатар шаралар дайындалып, бекітілген. Ондағы мақсат – кен орындарындағы алауларда ілеспе мұнай газын жағуды азайту және 100% жою болып табылады. Аталған бағдарламаларға сәйкес, «Ембімұнайгаз» АҚ-да бірқатар маңызды жобалар іске асуда, оған Прорва тобы кен орындарындағы ілеспе газды залалсыздандыру қондырғысын іске қосу көптеген экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді: атмосфералық ауаға шығатын ластауыш заттардың және парниктік газдың көлемдері азаюымен қатар, тазартылған газды тұрғындар қажетілігіне беру. 
Қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау облыстық әкімдігі арасында жасалған Атырау облысының халқына тауарлы газ беру жөніндегі ынтымақтастық Меморандумына сәйкес, 2014 жылдан бастап «ҚазТрансГаз-Аймақ» арқылы жыл сайын 7 млн. м3 тазартылған газ Мақат ауданындағы Сағыз поселкесіне, Исатай ауданының Исатай және Забурунье поселкелеріне берілуде. Қоғам 2013 жылдан бастап тарихи ластанған жерлердің қоршаған ортаға техногендік әсерін азайтумен қатар, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бағытында экологиялық талаптарға сай, микробиологиялық (биоремедиациялық) әдіспен тазалау жұмыстарын жүргізуде. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның тау-кен бөліміндегі тарихи мұнай өнімдерімен ластанған жерді тазарту жұмыстарын толықтай аяқтау көзделген. 
«Ембімұнайгаз» АҚ жыл сайын зиянды қалдықтардың сақталу көлемін қысқарту және қоқыс жинағыштарда жиналған мұнай қалдықтарын өңдеу арқылы қоршаған ортаға техногенді зиянын азайту шараларын биоремедиация әдісімен, яғни биологиялық әдіспен және KASC-30 қондырғысымен жыл басынан 6-7 мың тонна майланған топырақ өңделуде. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх