Табиғатты таза сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз!

Табиғатты таза сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз!
16.06.2017
345
Қызметкерлер

Табиғатты таза сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз!

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

«Өзенмұнайгаз» АҚ экологтарын төл мерекелерімен құттықтай отырып, Қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік департаментінің жұмысына қысқаша шолу жасап өтуді жөн санадым.

Бүгінгі күні Өзен кенорнында ауаға және жерге зиянын келтіретін радиациялық қалдықтардың көп мөлшерде көбейіп кетуіне жол бермеуде қоғамның қоршаған ортаны қорғау бойынша мамандары өз үлестерін қосып жүр.  
Біздің департаменттің негізгі жұмысы-мұнай өндіру кезінде пайда болған ластанулар мен қалдықтарды дер кезінде жою болып табылады. Аталған жұмыс, үздіксіз кезең-кезеңімен жүзеге асырылып отыр.
Соңғы жылдары өндірістегі қоршаған ортаны анағұрлым жақсарту мақсатында, Өзен кенорны аумақтарына инновациялық технологияны енгізу арқылы жаппай көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. Көгалдандыру арқылы біз өндірістің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген еңбек адамының тынығуына эстетикалық қолайлы орта жасау, аймақтың микроклиматын жақсарту, желден қорғану, шуды азайту, өндірістік қалдықтардың зияндылығын барынша азайтуға жұмыстанып жатырмыз. Сонымен бірге аймақтың табиғи ортасын атмосфералық ауамен жасанды жолмен қанықтыруды (аэрация) және жерге түсетін күн сәулесі мен жер бетіне келіп жететін күн энергиясының мөлшерін қолайлы деңгейде ұстау мақсатында (инсоляция) аталған жобаны сәтті жүзеге асыруға күш салудамыз.
Жобаның мақсаты – экологиялық таза өндірісті ұйымдастыру арқылы келешек ұрпаққа таза табиғи байлықты аманат ету. Қазіргі таңда біз қоршаған ортаны қорғау бойынша бірқатар іс-шаралар атқарып, өндірістегі экологиялық хал-ахуалды жақсарту жолында айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Дегенмен алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге тиіспіз.
Қоршаған ортаны қорғау, тек осы сала мамандарының міндеті деген сыңаржақ пікірден арылсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Ендеше, қоршаған ортаны қорғауға бәріміз бір кісідей атсалысайық!

Қарлығаш Құдайбергенова, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, Қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік департаменті директоры

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх