ҚМГ БӨ үш меморандумға қол қойды

ҚМГ БӨ үш меморандумға қол қойды
27.06.2017
330
Жаңалықтар

ҚМГ БӨ үш меморандумға қол қойды

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ кеніштер болашағын кемелді ету, өндірістік қызметті одан әрі дамыту, мұнайшылардың білімі мен біліктілігін арттыру, жаңа технологиялар жетістіктерін кен орындарына енгізуге бағытталған маңызды қадамдар жасап отыр.

Маусым айында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында ҚМГ БӨ үш Меморандумға қол қойды. Ретімен тоқталсақ, маусымның 19-ы күні Компания және И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев және И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор Мартынов қол қойды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы С.Мыңбаев және Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі А.Коропченко салтанатты рәсімнің құрметті қонағы ретінде  қатысты.  
Меморандум геологиялық барлау және өндіру саласындағы жобалардың әлеуетін дамыту мүмкіндігін зерттеудегі ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Өзен және Қарамандыбас кен орындарын дамыту тұжырымдамасының жобасын іске асырудағы, Өзен және Қарамандыбас кен орындарына жақын маңдағы аумақта 3D ЖТНӘ сейсмобарлау деректерін кешенді түсіндірудегі ынтымақтастық қаралады.
Салтанатты рәсімнен соң сөйлеген сөзінде ҚМГ БӨ басшысы Қ.Есқазиев бүгінде компания игеріп жатқан кен орындарының көбісі өзінің кемелді өндіру шағынан өткенін, мұнай өндіруді тұрақтандыру және өсіру үшін игеріліп жатқан негізгі кен орындарын дамыту Тұжырымдамасын дайындау және ғылыми терең талдау мәселесі өткір тұрғанын атап айтты. 
И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор Мартынов өз сөзінде белгілі оқу орнының Қазақстан мұнайшыларының келесі кезегін де алдыңғы буыннан кем емес етіп дайындайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ ол кеніштерге жаңа технологияларды енгізу мәселесі бойынша да тоқталып өтті. 
«Қазақстан кен орындары игерудің соңғы сатысында. Біразы 50-60 жылдан бері, кейбірі 100 жылдан бері игерілуде. Кеніштер ескі, сулануы жоғары. Сондықтан біз бірлесіп талдау жұмыстарын жүргіземіз, проблеманы кешенді қарап, мәселені шешуге тырысамыз. Пайдалы боламыз деп ойлаймыз», – деді В.Мартынов. 
Аталған университет Ресейде мұнай-газ бойынша білім беру жүйесіндегі басты жоғары оқу орны болып табылады. «Ембімұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» компанияларының 115 қызметкері Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде геология, геофизика, кен орындарын игеру, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу бағыттары бойынша оқытылатын болады. Бұл оқыту бағдарламасы 2017-2018 жылдарға есептелген. Бұдан басқа, ҚМГ БӨ тікелей университетпен оқыту бағдарламасын іске асыруда, оған сәйкес қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» Қ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 5 қызметкері «Мұнай-газ ісі» магистрлік бағдарламасы бойынша осы оқу орнында күндізгі бөлімде оқып жатыр. Қызметкерлердің жұмыс орындары мен лауазымдары сақталған.   

ҚМГ БӨ әлемдік мұнай компанияларымен өзара ынтымақтастықта!  

Маусымның 22-і күні «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ екі Меморандумға қол қойды. Кезек кезегімен өткен салтанатты шараның алғашқысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында Италия Республикасының павильонында – «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның «Эни СпА» компаниясымен аффилирленген «Аджип Қарашығанақ Б.В.» компаниясымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі болды. Құжатқа ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиев және «Аджип Қарашығанақ Б.В.»-дан сенімхат негізінде «Эни СпА» барлау және өндіру бойынша бас директор Антонио Велла қол қойды. Бұл құжат бойынша тараптар барлау және көмірсутегін өндіру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті. 


Тараптар озық тәжірибе және ноу-хау алмасуды қоса алғанда, геологиялық барлау және көмірсутек өндіру саласы бойынша технологиялық ынтымақтастықта болмақ. Осы мақсатта тараптар геологиялық және өндірістік процестерді талдау мен зерттеулердің нәтижелерін зерттеуге   бағытталған консультациялар жүргізуге ниетті.
Меморандум бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндігін зерттеуді қарастырады. Сондай-ақ, құжаттағы маңызды тармақтың бірі ҚМГ БӨ компаниялар тобының жұмыскерлері үшін тренингтер бағдарламаларын жүзеге асыру болып табылады. Атап айтқанда, Эни СпА «Қызметке кіріспе, барлау және өндіру саласындағы Эни СпА үздік тәжірибесі» дайындалған бағдарламасына сәйкес оқыту курстарын ұйымдастыруға көмектеседі. Эни және ҚМГ БӨ өзара ынтымақтастық қарым-қатынасы туралы біз бұған дейін де жазған болатынбыз. Нақты атқарылған іс-шаралар да аз емес. Соның бір дәлелі ретінде 5 маусым күні Милан қаласында«Өзенмұнайгаз» АҚ 12 инженеріне «Эни» корпоративтік университетінде тренинг-оқудың бірінші кезеңін аяқтағаны туралы сертификаттар табысталғанын айтуға болады. Мұндай игі іс «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ және Италияның «Эни» мұнай-газ компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асып отыр. «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшылары жарты жыл бойы геология мен геофизика, қауіпсіздік техникасы, экология, мұнай кен орындарын игеру салалары бойынша білімдері мен біліктіліктерін нығайтты. Қызметкерлер өндірістік оқумен қатар ағылшын тілін де үйренді.  Оқу бағдарламасының теориялық бөлігін меңгерген мамандар енді «Эни» корпорациясының өндірістік нысандарында екі ай тәжірибелік тағылымдамадан өтетін болады. Өндіріс кілтін ұстаған мамандарымыз озық технология мен тәжірибені меңгеруде. Бұл мамандарды, адам капиталын дамытуға деген компанияның үлкен қолдауы, дәйекті жұмысы деуге болады.  Меморандумға қол қою рәсімінен соң сөйлеген сөзінде ҚМГ БӨ бас директоры Қ.Есқазиев Эни компаниясының атқарушы директоры Клаудио Дескальци мен барлау және өндіру бойынша бас директор Антонио Веллаға жеке алғысын білдірді. Компания мамандарды қайта даярлап, оқытумен қатар, Энидің жетекші технологияларын Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы мұнай игеріп жатқан компанияларына енгізу мақсатын көздеп отыр. 
Журналистерге берген сұхбатында Эни компаниясының атқарушы директоры Клаудио Дескальци Энидің өзі қызметін жүргізіп отырған елдердің барлығында жаңа технологияларды қолданатындығын атап айтты. Бұл орайда бұрғылау саласындағы технологияларымен белгілі екендігіне айрықша тоқталды. Сондай-ақ, Эни компаниясының қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарын қолданатынын атап өтті. 
22 маусым күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аумағында «Шелл» концерні павильонында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Шелл Қазақстан Б.В.» және «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойды.   


Құжатқа ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиев, Апстрим вице-президенті мен «Шелл» концернінің Қазақстандағы Төрағасы Данкан ван Берген және ӨБТ ҒЗИ Бас директорының бірінші орынбасары Дэвид Джон Сзабо қол қойды. 
Меморандум шеңберінде ҚМГ БӨ және «Шелл» мұнай-газ саласындағы түрлі бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастықты дамытып, нығайтуға ниетті. Компаниялар ҚМГ БӨ компаниялары тобы алдында тұрған стратегиялық міндеттерді шешуге жәрдемдесу мақсатында мұнай-газ саласындағы бірқатар бастамаларды зерттеп, мүмкіндігінше оларды іске асыруға ниет білдіреді.  Бұл ретте, ӨБТ ҒЗИ осы бастамаларды іске асырудың мүмкіндіктерін талқылау барысында консультациялық қолдауды қамтамасыз ете алады.   
Атап айтқанда, ҚМГ БӨ және «Шелл» ҚМГ БӨ компаниялары тобының таңдалған кен орындарында мұнайдың берілуін, өндірістің тиімділігін арттыру бойынша тәсілдерді жүзеге асыру мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеуге ниетті. Сондай-ақ, бұл ҚМГ БӨ-нің кейбір жобаларына техникалық-экономикалық бағалау жүргізу кезінде қолдау көрсетуге де байланысты.  
Меморандум шеңберінде ҚМГ БӨ компаниялары тобының қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу, оқыту курстары мен түрлі тағылымдамалар ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар әзірлеу де қарастырылады.
ҚМГ БӨ-нің әлемнің ірі мұнай-газ компанияларымен ынтымақтастық қарым-қатынасы саланың дамуына септігін тигізбек.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх