Бастысы – бала денсаулығы!

Бастысы – бала денсаулығы!
27.06.2017
434
Әлеумет

Бастысы – бала денсаулығы!

Маусымның 15-17 маусым күндері Маңғыстау облысының 4 арнайы білім беру мектептері заманауи құралдармен жабдықталды. Мектептерді арнайы құралдармен жабдықтандыру іс-шарасы «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобымен іске асырылуда. «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2016 жылдың соңында басталған. Бағдарламаның үйлестірушісі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. 

Жаңаөзен қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін арнайы жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйымға сенсорлық бөлім, жұмсақ бөлім, логопедтік тренажерлар, арнайы оқу материалдары, массаж жасауға арналған зондтар табысталды.
Салтанатты шараға қатысқан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің аға маманы Мұратбек Маханов өз сөзінде «Мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатқан бұл мекемеге біз алып беріп жатқан құралдардың орасан көмегі тиетініне сеніміміз мол. Біз аталған қормен бірлесе отырып, компаниялар орналасқан өңірдегі өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін жобаларды алдағы уақытта да іске асыратын боламыз», – деді.
Мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатқан интернаттың бұрынғы басшысы, бүгінде зейнеткер Рабиға Қайырлиева «Көңілдегі жадаулықты жанға медет жылы сөз, жылы мейірім айықтырады. Жарылқаушы айда балаларға жасап жатқан жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын» – дей келе, осы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды болашақта компания басшылығы ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсынысын да жеткізді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекеме директоры Ақсәуле Жалмұқанова ұжым атынан мұқтаж жандарға қамқорлық жасаған ел азаматтарына шексіз алғысын білдірді. «Мүмкіндігі шектеулі балаларға аялы алақаныңызды тосып, жүрек жылуын ұсынып, сауабы мол іске атсалысып жүрген өздеріңіздей азаматтарға балалардың атынан, олардың әке-шешелерінің атынан риясыз алғысымды білдіремін. Қанша жылдан бері армандап жүрген дүниелерімізге қол жеткізуге жағдай жасаған Сіздерге Алланың нұры жаусын!» – деді. 
Осы арнайы мектепте тәрбиеленіп жатқан Фариза Өтемісованың анасы Роза Өтемісова азаматтарға барлық ата-аналар атынан алғыс айтты. «Балалар – ата-ананың басты үміті ғой. Бұл дүниенің бар бақыты он екі мүшеңнің саулығында екен. Балаларымыздың денсаулығының анағұрлым жақсарып, ел қатарына қосылуына жәрдемдесіп жатқан азаматтарға ризамыз. Балапандарымыздың дертіне Алла шипасын берсін!» – деп аналық тілегін жеткізді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх