Әлеуметтік сала – ұдайы назарда!

Әлеуметтік сала – ұдайы назарда!
27.06.2017
408
Әлеумет

Әлеуметтік сала – ұдайы назарда!

«Ембімұнайгаз» АҚ өңірдің экономикалық дамуына қуатты серпін берумен қатар, әлеуметтік саланың өркендеуіне де жыл сайын қомақты үлес қосып келеді. Өткен 2016 жылы осы үрдіс жалғасын тауып, бекітілген бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылды, оған бөлінген қомақты қаржы толықтай игерілді. Ұжымдық шарт талаптарын орындау бағытында өткен жылы Акционерлік қоғам 338 млн. теңге бөлді. Ол қызметкерлердің мерей жасқа толуы, сәбилі болуы, еңбек демалысына шығуы кезінде қаржылай көмек ретінде жұмсалды. 

Сонымен қатар, Ережеге сәйкес жұмысшыларға материалдық көмек көрсету, сондай-ақ мүгедектер күні мен Отан қорғаушылар күніне біржолғы төлем жүзеге асырылды. Компания жұмысшылардың денсаулығына да ерекше мән беріп, олардың еліміздің емдеу-сауықтыру орындарында демалуына жағдай жасап отыр. Мәселен, былтырғы жылы 1600 адам осындай қамқорлыққа қол жеткізді. Сондай-ақ, компанияның қолдауымен жұмысшылардың балалары да жыл сайын Республика көлеміндегі жазғы демалыс орындарына жіберіліп келсе, 2016 жылы 1500 мұнайшының баласы еркін демалды.


– Биылдан бастап балаларды жазғы лагерлерге жіберу тәртібі өзгергенін айтқым келеді, – дейді әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Калидуллин. – Бұрын жолдама ақысы мен демалыс орындарына дейінгі жолақысы да төленетін. Бірақ бұл бағытта балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаушылық туғызған бірнеше себептердің бар екенін атауымыз керек. Мысалы, автобуспен тасымалдау кезінде болуы мүмкін жол көлік оқиғалары, балалардың алыс жолды көтере алмауы, ұшу кезіндегі қауіптілік, басқа да келеңсіз жағдайлардың болуы әбден мүмкін. Әлемде болып жатқан сан қилы оқиғаларды ескермеуге тағы болмайды ғой. Сондай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында 2017 жылдан бастап балалар демалысын ұйымдастыру бағдарламасын өзгерттік. Енді лагерге жолдама орнына 7 жастан 14 жасқа дейінгі балалары бар қызметкерге әр балаға 150 мың теңге көлемінде қаражат бөлінетін болды. Бұл мүмкіндік бір отбасындағы екі балаға дейін берілмек. Ата-аналар өз балалары үшін қауіпсіз, жайлы демалыстар таңдап және оны ұйымдастыруға үлкен мүмкіншілік алып отыр, – дейді әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Калидуллин. 
Жұмысшыларды тамақтандыру – әлеуметтік саясат департаменті мамандары алдындағы әрі жауапты, әрі маңызды жұмыс. Бұл бағытта да кешенді бағдарлама жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды ортада жұмыс жасайтын жұмысшыларға берілетін арнайы сүт орнына сүт өнімдерінен жасалған тағамдар беріліп келеді. Оның басты себебі, мұнайшылардың сүт өнімдерін күнделікті пайдалануына жағдай жасап, денсаулықтарына зиян келтірмеу болып есептеледі. Бұл жерде осыған дейін мұнайшылар тек сүтпен қамтамасыз етіліп келсе, енді сүт өнімдерінің басқа түрлерімен, атап айтар болсақ қаймақ, айран, сүзбе, йогурт пайдалануы қарастырылды. Өткен жылдың үлесінде қол жеткен тағы бір жетістік операторлар үшін кен орындарына мобилді вагонның 5 данасы алынып, пайдалануға берілді. 
Соңғы жылдары өндіріс алаңдарындағы әлеуметтік нысандарға жәй және күрделі жөндеулер жүргізіліп, оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп келгенімен, қай басқармада да қажеттіліктер туындап отырды. 2016 жылы департамент мамандарының жасаған нақты зерттеулері мен сараптаулары негізінде мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсу үшін акционерлік қоғамның «2017-2020 жылдарға арналған әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағдарламасы» жасақталып, бекітілді. Онда жаңа жатақхана мен асханалар салу, жиҺаз жабдықтарын жаңалау, тоңазытқыш, салқындатқыш, теледидар секілді тұрмыстық техникалар, төсек-орындарды жаңарту сияқты т.б.шаралар қаралған. 2017 жылы С.Балғымбаев кен орнында 150 орындық, Қисымбай кен орнында 50 орындық асхана, Кенбай кен орнында 100 орындық жатақхана салу, Құлсары өнеркәсіптік аймағындағы жатақхананы қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, біраз әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізу көзделуде. 


«Ембімұнайгаз» АҚ демеушілік және қайырымдылық көмек беруден қол үзіп көрген емес. Жыл сайын бұл бағытта 280 млн. теңге көлемінде қаражат қаралса, олар спортты дамытуға, қоғамдық ұйымдар мен балалар үйлеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында бөлінеді. Облыстық бюджетке де қаражат аударылып, аудан, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымдарын жаңалау мен жөндеу жұмыстарына бөлініп келеді. 2016 жылы Мақат аудандық туберкулез ауруханасы аумағын қоршауға қаржы бөлінді, Қызылқоға ауданында 2 пәтерлік 15 тұрғын үй, Исатай ауданы Жанбай селосында 200 орындық Мәдениет үйі, Доссор поселкесінде 300 орындық мектеп құрылысын аяқтауға, Қызылқоға ауданы Жантерек селосында 60 орындық бастауыш мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын жасауға барлығы 599 млн. теңге бөлінді. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын тауып, Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға келісім-шарт міндеттемелері аясында 840 млн. теңге бөлінді. 
Қоғамның жұмыс жасамайтын зейнеткерлері де назардан тыс қалған емес. Жыл сайын олардың денсаулығын сауықтыруға, емделу және дәрі-дәрмек алуға, мерекелік және мерей жасқа толу шараларына орташа есеппен 306 млн. теңге бөлінеді.
«Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік саясат департаменті мамандары осындай ауқымды бағдарламаларды іске асыруда іскерлік пен тәжірибе қалыптастырып, жүйелі жұмыс жүргізуді жолға қойды. Тың идеялар тауып, жаңа жобаларды іске асыруды мақсат тұтқан мамандар енді өздері секілді өндірістегі әріптестерімен байланыс орнатуды, олардағы атқарылған істер мен оның жолдарымен танысу үшін тәжірибе алмасу сапарына шығуды жоспарлады. Бұл орайда Ембімұнайгаз басшылығы бастаманы қолдап, орталық аппарат мамандары мен өндірістік құрылым бөлімшелеріндегі әлеуметтік сала жетекшілерінен құралған топты іс-сапарға аттандырды. Басты мақсат етіп Маңғыстаудағы «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамдары, «KMG Catering» ЖШС-і, Қызылордадағы «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорны ұжымдары таңдалды. Алдын ала іс-сапар бағдарламасы дайындалып, аталған компаниялардан келісімдер алынды. «Жүз естігеннен, бір көрген жақсы», – деген кімнің болса да ойында өз саласы бойынша басқа компаниялардың жұмысын көріп, танысу ниеті болатыны белгілі. 
– «Ембімұнайгаз» АҚ-да 22 жылдай жұмыс жасаған уақытта тәжірибе алмасу бағытында іс-сапарда болмаған екенмін. Бұл сапар мен үшін өте әсерлі болды, – дейді «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Мәлік Өскенбай. «Кейде маған, «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» болмаса «Қазгермұнай» компанияларында әлеуметтік сала жұмысы қандай деңгейге қойылған деген ой келетін. Бәрін көзбен көргесін, көңілім орнына түскендей болды. Бұл тұрғыдан алғанда, менің ембілік әріптестерімнің акционерлік қоғам немесе өндірістік құрылымдық бөлімшелер басшылықтарымен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарына көңілің марқаяды. Жатақханаларда, асханаларда, демалыс орындарында, медициналық орталықтарында, спорт залдарында болып, өз көзімізбен көріп таныстық. Жаңалыққа жаны құмар әріптестерім үлкен құлшыныспен оралғандай. Ендеше, алға қарай  тек сәттіліктер бола бергей демекпін, – дейді Мәлік Қатпаұлы.
Қайнарлық әріптесінің сөзін жалғастырған «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ы әлеуметтік бөлім басшысы Садырғали Адилов әріптестердегі жетістіктерді өзімізге қабылдасақ, біз де осылай жұмыс жасасақ, тиімсіз болмас еді деп, оларды тізбектей жөнелді. «Бір байқағаным, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының басқармаларын аралаған кезде арнаулы техника гаражына салынған жүргізушілердің жұмысқа келген кезде арнайы киімдерін киетін, тынығатын, медициналық тексеруден өтетін қазіргі заманның талабына сай тұрмыстық-шаруашылық кешені мұнайшылар үшін өте қажетті нысан деп есептеймін. Тағы бір ерекше тоқталғым келгені, Қазгермұнайда әлеуметтік саладағы нысандарға, ондағы дәліздерге, дәрігерлік пункттерге, дене шынықтыру кешендерінде тәртіпті бақылау ерекше жолға қойылған, күзет қызметкерлерімен жеткілікті қамтамасыз етіліп, бейнекамералармен толықтырылған. Ол сөз жоқ, ішкі тәртіпті  арттырары сөзсіз».
Әріптестерімізден үйренеріміз аз емес екен деген ойын «Жайықмұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік қамту бөлімі бастығының орынбасары Ботагөз Құлғалиева да ойын ортаға салды. «Мәселен, Өзенмұнайгаздың өндірістік ғимараттарында ауыз су қазандары жаңаланып, толықтай ауыстырылған және судың қыста қатпайтын және жазда ысып кетпейтін жолын тапқан. Біздің басқармадағы кейбір ауыз су қазандарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру мақсатында ауыстыру үшін жұмыстар атқарылып жатыр. «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай» компаниялары асханаларының тамақ сақтау бөлмелері, мұздатқыш, салқындатқыш камералары, жалпы тамақ пісіру залдары барлығы дерлік қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, санитарлық талапқа сай салынған», – деді. 
Іс-сапар қорытындысымен ойларын жарыса бөліскен мамандар пікірі бір арнаға түйіседі. Ол – ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, өндіріс басында ел қазынасын еселеп өндіріп жүрген мұнайшыларымыздың тұрмысын көтеріп, сапасын арттыру. Ембіліктер сол үшін де тынымсыз ізденіс үстінде. Өйткені, «Ембімұнайгаз» АҚ әлемдік нарықта мұнай бағасының тұрақсызданып тұрғанына қарамастан, қаражат көзін тауып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасауға бар мүмкіндікті қарастыра бермек.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх