ЭКСПО-2017. «Ембімұнайгаз» АҚ

ЭКСПО-2017. «Ембімұнайгаз» АҚ
27.06.2017
364
Жаңалықтар

ЭКСПО-2017. «Ембімұнайгаз» АҚ

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалаған мұнайшылар пікірлері:

Қуандық Қонанов, «Доссормұнайгаз» МГӨБ мұнай дайындау және айдау операторы:

– Компанияның мұнайшыларды ЭКСПО көрмесіне жіберіп, оны тамашалауға мүмкіндік жасағаны өте қуанышты жағдай. Мен Астанада бірінші рет болып тұрмын, бұрын бұл өңірге келіп көрмеген едім. Әуежайда ұшақтан түскеннен автобуста келе жатып, Астананың көркіне таңдана қараумен болдым. Өте әдемі қала, өзіндік ерекшелігі көп. ЭКСПО-да көптеген елдердің павильонын араладым, «Болашақтың энергиясы» үшін қамданып жатқан елдердің талпынысына тәнті болдым.

Мейрамгүл Қабиева, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ іс жүргізушісі:

– «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, ЭКСПО көрмесін аралап, әр елдің жаңашыл жетістіктерін көрдік. Бір елден бір елге сапар шеккендей әсерде боласың. Жалпы ғимараттардың ішкі-сыртқы көріністері де көзтартарлық әдемі, мазмұнды екен.

Хайридин Жанғалиев, «Ембімұнайгаз» АҚ, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің аға инженері:

– Халықаралық көрмеге қатысушы елдер болашақта адамзат энергия көзін қайдан алады деген сұраққа жауап ретінде өз ғылыми жетістіктерін ала келіпті. Соның ішінде Жапонияның сутегі арқылы автомобиль жүргізіп, ұшақ ұшыруды ойлап қойғаны таң қалдырады. Жалпы, Жапония өз елінің де, өзгенің де ұлттық құндылықтарын қатты бағалайтынын барлық жұмыстарын қазақ тілінде жүргізуінен анық байқауға болады. Ол павильонда қазақ тілі шынымен де мемлекеттік мәртебеге ие болып тұр. Ал елдің техника мен технологиясы тіптен тамаша. «Әр елдің салты басқа» дегендей, басқа елдер де өзіндік ерекшелігімен келіпті. Үйренер, әсер алар нәрсе көп.   

Әсембек Сатыбалдиев, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ құрылыс учаскесінің шебері:

– Халықаралық мамандандырылған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болғандықтан да көрмеге қатысушы барлық елдер тақырып аясында мықты дайындалып, өз ізденістерінің нәтижесін ала келген екен. Үйренер нәрсе көп.

Тарғын Досыбеков, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ мұнай дайындау және айдау операторы:

– Көрме де, Астана да қатты ұнады. Көрмеде әр елдің өзіндік ерекшелігі білініп тұр. Жақсы әсер алдық. 

Бір топ ембілік мұнайшылар:
– Әр павильонды бірінен соң біріне кіріп аралап келеміз. Бұған дейінгі көрмелер тарихы қойылған ғимараттан шықтық. Ең алғаш Лондонда, кейін Парижде өткен, басқа да көрмелер тарихымен танысып, бірқатар мәліметке қанықтық. ЭКСПО-17 көрмесіне қатысушы қай елдің де өзіндік ерекшелігі айқын білініп тұр. Кейбір шетелдіктермен суретке де түстік. Мұнайшылар үшін осындай мүмкіндік жасаған Компанияға алғысымызды білдіреміз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх