Азаматтарға алғысымыз шексіз

Азаматтарға алғысымыз шексіз
27.06.2017
385
Әлеумет

Азаматтарға алғысымыз шексіз

Жаңаөзен қаласындағы «Алға» мүгедектер спорт клубының іргетасы 1990 жылы құрылған болатын. Клуб көптеген кембағал жандардың өмірге деген кұлшынысын арттырып, мүмкіндігін кеңейтті.

Аталған клубтың төрағасы Құралбек Сейдов 2016 жылдың желтоқсан айында өздеріне күрделі жөндеуден өткізіліп берілген спорт залы туралы қуанышымен бөлісті.
«Мені «Алға» мүгедектер клубындағы волейболдан отырып ойнау командасы жігіттерінің өмірге деген құлшыныстары таңқалдырады. Қазіргі таңда клубқа белсенді түрде келіп жүрген 70-ке жуық жігіттер мен қыздар бар. Клубта барлық жағдай жасалған. Әрине, біріншіден, қала әкімі Елубай Әбіловке шексіз алғысымды білдіремін. Өзіміздің тұрақты спорт залымыздың болмауы бізді қатты қынжылтып жүрген болатын. Осы клубтың төрағасы ретінде әкімшілікке, қаламыздағы үлкен компания «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға бірнеше рет хатпен шығып, өзіміздің жетістіктеріміз бен проблемамызды жазып, көмек сұраған болатынбыз. Біздің проблемамызға құлақ түріп, алғашқы болып қол созып қаржылай көмектескен БЖБ жігіттеріне Алланың нұры жаусын! БЖБ Кәсіподақ төрағасы Марат Жүсіпбаев біздер үшін қала әкімінің қабылдауына кіріп, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, Қазақстанның намысын қорғап жүрген команданың тұрақты айналысатын залының болмауы – елдігімізге сын екендігін қала басшысына жеткізді. Қазақтың «жыртық үйдің Құдайы бар» дегені осындайда айтылған болса керек. «Алға» мүгедектер клубының жігіттері спортпен айналысу арқылы өмірдің мәнін тапқандай болды. Біз бар күш-жігерімізді спортқа арнадық. Өзгелерге өзімізді дәлелдеу үшін Ресей, Германия, Польша, Финляндия, Голландия, Словакия, Анталия, Грузия, Түрікменстан, Малайзия елдерінде өткен мүгедектер арасындағы спорт сайыстарына қатысып, жетістіктерге жеттік. Командамыз спортпен айналысатын тұрақты спорт зал таба алмай жүрген кезде, көмек қолын созған бокс жаттықтырушысы Жеңіс Жарылғаповқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Асыл азамат біздерді қанатының астына алып, 2 жыл бойы өрт сөндіру мекемесінің спорт залын алаңсыз пайдалануымызға мүмкіндік жасады. Қиын кезде қолдаған Жәкеңнің бұл жақсылығы Алладан қайтсын! «Алға» мүгедектер клубына қатысып жүрген қыз-жігіттер танысып, өзара табысып, алты жұп отбасын құрды. Бұл да қуантарлық жай. Қазіргі қоғамда мүгедектер түгілі он екі мүшесі сау адамға да өмір сүру оңай болып тұрған жоқ. Бір қызығы, кембағал жандар дені сау адамдарға қарағанда тәубашыл, мейірімді, қанағатшыл келетін сияқты. Спорт деген тылсым әлем мүгедектердің көкірегіне үміт отын жақты, олардың шетелдерге шығып, жетістіктерге қол жеткізуі – өздеріне деген сенімдерін нығайтты, өмірге деген көзқарастарын түбегейлі өзгертті. Көбісі Алласын танып, намазға жығылды. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Ақыл бәріне берілгенмен, жүрек бәріне берілмейді» деген сөзі Марат Жүсіпбаев, Жеңіс Жарылғапов, Нұрсейіт Союнов ағаларымызға арналғандай. Адам баласының өмір сүруі үшін қуаныш пен үміт ауадай қажет. Кембағал жандарға қуаныш пен үміт сыйлаған жоғарыда аттары аталған азаматтар аман болсын» – дейді ол.
Күрделі жөндеуден өткізілген клубта бассейн, спорт жабдықтарымен қамтылған зал, монша бар екен. Сондай-ақ, массаж жасайтын креслолар мен үстел теннисі де көзге жылыұшырайды. Қазіргі таңда, олар спорттың волейбол, теннис, қол күрес, қазақша күрес, арбамен жүгіру, жүзу, диск пен ядро лақтыру, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарымен айналысуда. 
Болашақта өтетін Қазақстан кубогі, ҚР чемпионатына қызу дайындалып жатқан жігіттер жүлде алудан үмітті екендіктерін де жасырмады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Адамдардың жақсысы-өзгелерге пайдасын тигізгендер» деген. Қайырымдылық бар жерде береке бар. Мейірімділіктің әлемді құтқаратынын ұмытпайық, бір-бірімізге мейірімді болайық!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх