Дуалды оқыту жүйесі – жас түлектерге жол ашады

Дуалды оқыту жүйесі – жас түлектерге жол ашады
11.07.2017
370
Жастар

Дуалды оқыту жүйесі – жас түлектерге жол ашады

Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі іс жүзінде дәлелденген, ол қазіргі дүниежүзілік тәжірибеде бар дүние. Бұл жүйе отандық компанияларда да қолданысқа енгізіліп, солардың ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ алғашқылардың бірі болып жобаны табысты іске асырғанын жазған едік. Соның нәтижесінде былтырғы жылы 4 түлек компанияда жұмыс жасауға мүмкіндік алып, олар бүгінде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де табысты еңбек етуде.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, 2015 жылдың күзіне қарай «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай және газ институты және «АРЕС Petrotechnic» Жоғарғы техникалық мектебімен бірігіп, студенттерді дуалды оқыту бойынша пилотты жобаны іске қосқан болатын. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобы компанияларына мамандар даярлау талабынан туындап отыр. Компания өзінің келісім-шарттық міндеттемелері аясында қазақстандық мамандарды дайындауға ауқымды қаражат бөліп отыр. Отандық мамандарды дайындауда үш бағыт бойынша, атап айтқанда, дуалдық оқыту жүйесі, шәкіртақылы бағдарлама және студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру бойынша еліміздің жоғары және орта-арнаулы оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатты. Пилотты жобаға 3-4 курстың 34 студенті қатысты. Жарты айда студенттер оқу орындарында білім алып, ал келесі жарты айда вахталық әдіспен «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік бөлімшелерінің – «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз» және «Қайнармұнайгаз» МГӨБ кеніштерінде практикалық тәжірибе алды. Тәжірибеден бөлек студенттер табыс табу мүмкіндігіне ие болып, 60 мың теңге көлеміндегі жалақы мен жаңа оқыту әдісін ұйымдастыру жөніндегі бүкіл қалған шығындарды «Ембімұнайгаз» АҚ өз мойнына алды. 
«Ембімұнайгаз» АҚ 2016-2017 оқу жылында да дуалдық оқыту жобасын одан әрі жалғастырып отыр. Атырау облыстық драма театрының залында Атырау мұнай және газ университетін бітірушілерге диплом тапсыру салтанатты шарасы өтті. Диплом тапсыру шарасына Компания басшылығы да қатысты. Жоғарыда атап өткеніміздей, ЕМГ 2015 жылдан бастап Атырау мұнай және газ университеті мен APEC Petrotecnic жоғары техникалық мектептің студенттері үшін дуалдық оқыту бағдарламасын іске қосқан болатын. Биыл  Атырау мұнай және газ университетінің 19 студенті Компания базасында  бағдарламаны аяқтады. 
– Бүгінгі күннің сіздер үшін маңызы зор. Сіздер үлкен өмірге тек теориялық біліммен ғана емес, жұмысшы маман деген лауазыммен қадам жасап отырсыздар. Білім мен мұнай өндірісінде алған тәжірибе жаңа өмірде сіздерге үлкен жетістік боларына сенімдімін. Өткен жылы біз тесттік жүйенің қорытындысында 4 түлекті жұмысқа қабылдадық. Биыл Компания қорытынды тест сынағында жоғары балл жинаған 8 жасты жұмысқа шақырып отыр, – деп атап өтті жастарға аттестатпен қоса еңбек кітапшасын табыстаған «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков. 
19 бітірушінің 10-ы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, 9-ы «Жылыоймұнайгаз» бен «Жайықмұнайгаз» басқармасының базасында дуалдық бағдарламадан өтті. Өндірістік оқу мен практикадан кейін студенттер квалификациялық емтихан тапсырды. Қорытындысында «Ұңғымаларды зерттеу операторы» және «Сусыздандыру мен тұссыздандыру қондырғысының операторы» мамандықтары берілді. Дуалдық оқыту жүйесімен оқыған студенттер ЕМГ өндірістік құрылымдарына бөлініп, 14/14 күннен ауысымдық әдіспен тәулігіне 11 сағат жұмыс істеді. Өндірістік практиканың соңында студенттер емтихан тапсырып, қорытындысында еңбек кітапшаларында мамандық біліктілігі жазылды. 

Саламат Сансызбаев, Атырау мұнай және газ университетінің түлегі:

– Мен дуалдық оқыту жүйесі бойынша Прорва тобы кен орындарында өндірістік тәжірибеден өттім. Өндіріске алғашқы күннен-ақ қызыға кірістік. Теорияны білгенмен, іс жүзінде жасаған бөлек болды. Ең бастысы қауіпсіздік екенін түсіндік. Өз жұмысымызды да терең меңгергендейміз. Оған қоса өндірістегі басқа да маңызды бағыттарды үйрендік. Білім алған соң, оның жемісін де көрген жақсы ғой. Сол бағытта бізге дуалдық оқыту жүйесі көп көмек болды. Оған ұстаздарымыз да, өндірістегі тәлімгерлеріміз де біраз тер төкті. Нәтижесінде еңбек кітапшасын алдық. Енді «Ембімұнайгаз» АҚ-да тестілеуден өткен соң, жұмысқа алынсам деген үмітім бар.

Айгүл Майдырова, Атырау мұнай және газ университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Біз, университет басшылығы, «Ембімұнайгаз» АҚ-на, оның басшысы Ануар Жақсыбековке және мамандарды басқару және дамыту департаменті директоры Гүлбану Шарафетдиноваға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені, олар о бастан-ақ дуалдық жүйенің енгізілуіне мұрындық болып қана қоймай, мамандарды дайындауға және болашақта жұмысқа қабылдауға мүдделі болды. Біз өз түлектеріміздің әрқайсысы мамандығына сәйкес жұмысқа орналасқанына қуанамыз. Ал, ЕМГ осы қуанышымызды арттыра түсті, жыл сайын түлектерімізді жұмысқа алып жатыр. Мамандарымыздың қазақ мұнайының қара шаңырағында жұмыс жасауы біз үшін де зор абырой.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх