Майталман мамандар – компания мақтанышы!

Майталман мамандар – компания мақтанышы!
11.07.2017
523
Өндіріс

Майталман мамандар – компания мақтанышы!

«Ембімұнайгаз» АҚ мұнайгаз өндіру басқармалары мен қосалқы бөлімшелері қызметкерлері арасындағы «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы 29, 30 маусым күндері «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының С.Балғымбаев кен алаңындағы арнайы оқу-жаттығу полигонында өтті. Байқауға «Жылыоймұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармалары мен «Ембімұнайэнерго» және «ӨТҚжЖК» басқармасынан барлығы 80 қызметкер қатысып, 13 мамандық бойынша өз біліктіліктерін сынға салды. 

Мұнайшылар арасындағы «Үздік маман – 2017» байқауының ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Ембімұнайгаз» АҚ» Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Ғабдуллин Ембі өндірісі үшін де, мамандардың біліктілігі үшін де маңызды бұл шараның берері мол екендігін атап өтті. «Биылғы үздік мамандар сайысы біздің компанияның 95 жылдығымен тұспа тұс келіп тұр. Бүгін сіздердің сынға түскелі тұрған сәттеріңіз. Байқау бірінші рет емес, бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Мұнда мамандар біліктілігін шыңдап, жарысу арқылы бір-бірінен үйреніп, тәжірибе жинақтауға септік етеді. Барлығыңызға сайыста сәттілік тілеймін», – деді ол. Айта кетерлігі, биылғы жылы оқу-жаттығу полигоны жақсы жарақтандырылған. Яғни, мұнай өндірудің барлық сатысына қатысты жабдықтар рет-ретімен қойылып, барлық процесс көз алдыңда өтіп жатқандай әсер береді.  «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшысы Мәлік Жүнісовтің айтуынша, алдағы уақытта бұдан да мол жабдықтау жоспары бар. 


Сайысқа қатысушылар дәрігерлік тексерістен соң, техникалық қауіпсіздік нұсқамасынан өтті. Байқау 13 мамандық бойынша жүзеге асырылды. Әр мамандық бойынша комиссия құрылып, оның мүшелері тапсырмалардың қауіпсіздікке аса мән бере отырып, орындалуын қатаң қадағалады. Жіберілген кемшіліктер де сол жерде айтылып отырды. Сайыстың теориялық бөлімі де өз тәртібімен өтті. 


Сөйтіп, екі күн бойына өткен сайыс өз мәресіне келіп жетті. Он үш аталым бойынша озаттардың аты аталып, марапаттары табыс етілді. Байқауда бірінші орынды иеленген мамандарды атап өтер болсақ, мұнай-газ өндіру операторы мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру операторы Н.Бектұрғанов иеленді. Сондай-ақ, «Ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы» бойынша да «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Е.Қарабаев, М.Сәуенов, Ж.Уахитов бригадасы озып шықты, олар былтырғы сайыста да осы номинацияда жүлделі бірінші орынды иеленген болатын. «Ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша «Жылыоймұнайгаз» операторы Р.Теміров; «Мұнай дайындау (тауарлы) операторы)» бойынша «Доссормұнайгаз» операторы Қ.Қонанов; «Сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы» бойынша «Қайнармұнайгаз» маманы М.Қосыбаев, «Жер қабаты қысымын сақтау операторы» мамандығы бойынша «Доссормұнайгаз» операторы Ә.Ғабдулғазиев; «Мұнайға химиялық талдау жасау лаборанты» бойынша «Жайықмұнайгаз» операторы Ә.Ахметова, «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандыгы бойынша «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ маманы А.Табынбаев; «Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу слесарі» бойынша «Доссормұнайгаз» жөндеушісі А.Танашев; «Темір жонушы» мамандығы бойынша «Жайықмұнайгаз» маманы Б.Калиев; «ЦА-320» машинисі мамандығы бойынша «Доссормұнайгаз» МГӨБ жұмыскері А.Рахманов; «Жүк таситын көлік жүргізушісі» мамандығы бойынша «Жайықмұнайгаз» МГӨБ С.Құрман, «Электромонтер» мамандығы бойынша «Ембімұнайэнерго» басқармасының Қайнар аудандык электр торабының мамандары М.Үткелбаев, К.Имашев, Д.Берниязов жүлделі бірінші орынды иеленді. 1-ші, 2-ші, 3-ші орын алып және ынталандыру сыйлығына ие болғандар сәйкесті диплом, ақшалай сыйлық және имидждік сыйлықпен марапатталды. Бірінші орынды иеленген қызметкерлерге ұялы телефон табысталды. Сайыс қорытындысы бойынша командалык жүлделі орындар да белгіленді. 1-орынды «Доссормұнайгаз», 2-орынды «Қайнармұнайгаз»,  3-орынды «Жайықмұнайгаз» басқармасы жеңіп алды. 


– Биыл біздің компаниямызға 95 жыл толып отырған мерейлі жылы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды «Доссормұнайгаздың» иеленуінің мәні ерекше. Мұнайдың ірі кен орны «Доссор» сонау 1911 жылы ашылған болатын. Өзінің жеңісімен басқарма ұжымы Ембінің алғашқы мұнайшыларына деген биік құрметін көрсетті. Сондай-ақ, тұтастай алғанда, барлық сайысқа қатысушылар Компанияның кәсіби тұрғыда дамуы мен мұнайшы мамандығы мәртебесінің өсуіне үлкен үлес қосты. Сайыстың өтуі жыл сайын сапалық жағынан жақсарып отыр. Бұл ретте «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшылығы мен ұжымына шараны ұйымдастыруға зор еңбек сіңіргені үшін алғыс білдіремін, – деді сайысқа қатысушыларды құттықтау рәсімінде ЕМГ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Ғабдуллин.

Жүк таситын көлік жүргізушілері:

– Мұнай өндіру саласында әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі, орны бар. Соның ішінде жүргізушілердің де қызметі зор. Өндіріске қажетті жүктерді, басқа да қажетті заттарды тиянақты жеткізу тіптен маңызды. Мұнда ептілік те, дәлдік те, сақтық та қажет. Сондықтан аталған сайыс жауапкершілікті жүктей түседі, әрі шеберлігің шыңдалады.

Нұрбек Бектұрғанов, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру операторы, үздік маман:

– Сайыста ең бастысы орын алу емес, қатысу, тәжірибе алмасу. Сонымен қатар сайыс маманды алға жетелеп, жігерлендіреді, ынталандырады. Ол да адамға қажет қасиет. Өзіңнің шамаңды байқайсың, біліктілігіңді жетілдіресің. Теориялық білімді өндірістегі еңбекпен ұштастыра білудің маңызы зор, екеуі ұштасқанда ісің алға жүреді. Соның нәтижесін көргеніме қуаныштымын. 

Әлібек Ғабдулғазиев, «Доссормұнайгаз» МГӨБ жерасты қысымын сақтау операторы, үздік маман:

– «Үздік маман» сайысының жылда өткізілетіні қуантады. Маман соған қатыссам деп жыл бойына талпынады, ізденеді дегендей. Былтырғы сайыста да бірінші орынға қол жеткізсем, биыл да асығым алшысынан түсті. Өте қуаныштымын. Жыл сайын тәжірибем де толығып келеді. Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, сол үшін де басшылыққа және жайықтықтарға рахмет! 

Әсия Ахметова, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ мұнайға химия-лық талдау жасау лаборанты, үздік маман:

– Жалпы мұнай саласында 13 жылдан бері жұмыс жасап келемін, соның ішінде 8 жыл қазіргі жұмыс орнымда, яғни зертханада еңбек етемін. Біраз жылдық еңбек өтілім болса да, мұндай сайыстың өтуін үнемі қолдаймын. Маман шыңдала беруі тиіс. Ал, жеңімпаз атану адамды қанаттандырады. Сондықтан, байқаудың берері көп. Оның үстіне өзімнің еңбек ететін орнымда өтіп жатқан сайыстан орын алмау да сын болар деп талпынамын.  

Аслан Табынбаев, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ электргазбен дәнекерлеуші, үздік маман:

– Біздің қызметіміз жөндеу жұмысына қатысты болғандықтан, дәнекерлеушінің де өз міндеті бар. Аса күрделі мамандықтардың бірі. Сол бағытта жоғары біліктілік талап етіледі. Сайыс талабын орындап, жүлделі орынды иеленгеніме қуаныштымын. Қолымызға дерт бермесін, әлі талай жұмыстарды жасаймыз ғой. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх