Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда!

Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда!
26.07.2017
1155
Еңбекті қорғау

Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда!

Кез келген компания үшін қызметкерінің қауіпсіздігі маңызды. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігімен қамтамасыз ету оң жолға қойылған. Өндірістегі қауіпсіздік қандай жағдайда да бұзылмауы тиіс.

Жұмыскерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында өндіріске бірқатар жаңа жүйелерді енгізіп жатырмыз. Бұның бәрі компания жұмыскерлерінің қауіпсіздігі мақсатында жасалынып отыр. Соның бірі – «Алтын ережелер» деп аталатын ерекше нұсқама. «Алтын ережелер» – өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға арналған қарапайым қағидаттар топтамасы. Бұл қағидатта көлік жүргізу немесе  тоқпен жұмыс жасағанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау т.б. ережелер жазылған. Шағын ғана жинаққа жазылған маңызды қағидаттар әрбір жұмыскердің қалтасына салып жүруге өте ыңғайлы. Бұл ережелер тіпті әрбір жұмыскер кабинетінің төрінде де ілулі тұр. 
Ережелерді оқу, үнемі көру санаға тез сіңірілетін әдіс екендігін біз жақсы білеміз. Кабинеттегі айналарға қауіпсіздікті еске салу сөзі ілінген. Шашына немесе бет-әлпетіне қараған жұмыскер еріксіз қауіпсіздік ережесін де оқып шығады. Бірнеше жылдардан бері билбордтарға есте қалатын суреттер іліп, әсерлі сөздермен өндіріс аймағындағы жол жиектеріне орналастырдық. Еңбек қауіпсіздігі жайында түсірілген бейне-роликтерді түскі ас кезінде асханалардағы теледидардан үздіксіз көрсетіп отыруды қолға алдық. 
Түптеп келгенде, бұл шаралардың барлығы компания жұмыскерлерінің қауіпсіздігі үшін жасалынып отыр.
Соңғы кезде қауіптілігі жоғары жұмыс орындарында оқыс оқиғалардың алдын алу үшін «ЛОТО» бағдарламасын енгізген болатынбыз. Жаңа жоба өзінің тиімділігін көрсете бастады. Осы жоба аясында сатып алынған кішкентай алқалардың жұмысы ауқымды-ақ. Қанша адам бригадада жұмыс жасайтын болса, сонша алқа қойылады. Барлық бригада мүшелері алқаны шешіп алмайынша, жұмыс басталмайды. Бұл дегеніңіз – өзара бақылауды күшейту деген сөз.
Сондай-ақ, «Іс-әрекетті бақылау» бағдарламасы да іске қосылды. Бағдарлама негізінде қызметкерлердің жұмыс барысында жіберген қателігін өздерімен әңгімелесе отырып, талқылау жүзеге асырылады. Бұған басқарма директоры, бас инженер, техникалық қауіпсіздік инженерлері түгел қатысады. Негізгі шарты – қауіпті іс қимылдардың жолын кесу. Бұл бағдарлама біреуді жазалау үшін емес, әңгімелесу, ақыл-кеңес беру арқылы, әріптестер арасында өзара ынтымақ пен түсіністікті арттыруды көздейді. 
Өндіріс аймағында жұмыс жасайтын әрбір жұмыскерге сауысқанның сақтығы керек. Ойланбай жасаған әрекеттің опық жегізетініне көзіміз жетті. Қауіпсіздік шаралары бірнеше бағытта жасалады. Өрт, өнеркәсіп қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс және еңбекті қорғау. Жоспар бойынша әр мұнай-газ өндіру басқармасына скважиналарды техника қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіру тапсырылады.
«Өзенмұнайгаз» АҚ жұмыс жасайтын мыңдаған адамның қауіпсіздік техникасы бойынша сауатын арттыру және білімін тексеру үшін корпоративтік оқу орталығы жұмыс істейді. Алдымен қызметкерлер оқытылады, одан соң емтихан тапсырып, жұмысқа жарамдылығы бойынша рұқсат алады. Биыл  оқу орталығында  жаңалық көп. Компания қызметкерлері бұрын азаматтық заң бойынша оқытылатын, биылдан бастап бөлек бағдарлама жасадық. Әр маман иесін жеке-жеке оқыту үшін әдістемеліктер шығарылды. 
Сонымен қатар, «Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты барлық басқармаларында орнатылған автоматтандырылған өрт сөндіру құралдарын мердігер мекеме үнемі тексеріп тұрады. Жазатайым «тілсіз жау» қылаң бергенде құралдар жылдам іске қосылып, қызметкерлерді хабардар етеді. 
Сонымен бірге, өндірісте орын алған ұсақ жарақаттардан бастап ірі оқиғаларға дейін ескерусіз қалмайды. «КИСУД» бағдарламасы қауіпсіздік мәселесі бойынша барлық мәліметті тіркейді. Сол арқылы басшылық, акционерлер – барлығы хабардар болып отырады. 
Қызметкерлердің жеке қорғану құралдарында да өзгеріс бар. Жұмысшылардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, енді жаңа үлгідегі арнайы күртешелер шыға бастайды. Онда белдегі резеңке алып тасталып, ұзартылып тігілетін болады. «Өзенмұнайгазда» еңбек және өндіріс қауіпсіздігін арттыру шаралары еселене түсуде.
GPS жүйесімен белгіленген жылдамдықты асыра жүргізу фактілерін анықтау және сол фактілер бойынша шара қолдану жұмыстары бойынша Транспорт департаментінен апталық ақпарат алынып, бірлесе қадағаланып келеді. Анықталған фактілер бойынша жылдамдықты асырған жұмыскерлерге әртүрлі деңгейде шара қолданылды. 
Болашақта да Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті компаниядағы еңбек тәртібін және өндірісте еңбек қауіпсіздігін күшейту үшін тынымсыз жұмыс жүргізе беретін болады.

Өсербай Тұрсабеков, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік департаменті директоры

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх