«Ақбөбектегі» қызықты күндер

«Ақбөбектегі» қызықты күндер
26.07.2017
8188
Әлеумет

«Ақбөбектегі» қызықты күндер

«Кендірлі» демалыс аймағында орналасқан «Ақбөбек» балалар лагерінде мұнайшылардың 285 баласы демалып жатыр. Лагерьдің директоры Юсуп Құдайбергеновтің айтуынша, мұндағы 7-10 жас аралығындағы балалардың жақсы тынығуына барлық жағдай жасалған. Мұнда жұмыс жасап жатқан тәрбиешілердің барлығы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының тәжірибесінен өтіп, маман ретінде қалыптасқан.

Қазіргі таңда «Ақбөбек» лагерінде 17 үйірме жұмыс жасап тұр. «Алтын дауыс», «Жас ақын», «Жас актер», «Жайдарман», «Гитара», «Ермексаз», «Қолөнер», «Жас медик», «Шаш өру», «Футбол ойнағым келеді», «Би», «Домбыра», «Ағылшынша сөйлеп үйренейік», «Хип-хоп», «Сурет әлемі», «Шынықсаң – шымыр боласың» т.б. үйірмелеріне балалардың қабілет-қарымы мен қызығушылығы ескеріле отырып, іріктеліп алынады.
Лагерь мейірбикесі Айсұлу Бегимова балалар денсаулығының жіті қадағаланатындығын айтты. Ол тіпті балалар суға түсетін кезде теңіз суының температурасын да тексереді екен.
Ақбөбекте демалып жатқан 4-сынып оқушысы Нұрқат Тілеулиев «Маған асхананың тамағы қатты ұнап жүр. Аспаздар ас мәзірін жиі-жиі өзгертіп тұрады. Тамақтары өте дәмді», – дейді. «Ас – адамның арқауы» – деп қазақ тегін айтпайды. Дені сау ұлттың болашағы зор болмақ!
Ал, Айназ Қаржау болса, Ұлболсын Жұмаева жетекшілік етіп жүрген «Шаш өру» үйірмесіне қатысып, шаш өрудің шаңырақ, алты өрім, жылан өрім деген түрлерін өріп үйренгенін мақтанышпен айтып жатты.
Ақбөбектің аға ұйымдастырушысы Ислам Әміров баланың өз бетінше өсіп-жетіле бермейтінін айтады. «Қазіргі заманда өкінішке орай, балаларды ата-ана емес, теледидар мен компьютерлер тәрбиелеуде. Біз тәрбиешілер ұжымы болып осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатқан жайымыз бар. Мәселен, Жапонияда мектепке барғанша баланың бетінен қақпайды. Біз де балалармен барынша жылы сөйлесіп, ортақ тіл табысуға ұмтылып отырмыз. Лагерьде демалып жатқан балаларымыздың қандай фильмдер көретінін қатаң қадағалаймыз. Психологтардың айтуынша, шетелдік дүдәмәл кейіпкерлі мультфильмдер жеңіл ойлауға жетелейді. Бір «Спанч Бобтың» өзі неге тұрады, қолындағы асты төге салады, лақтырады, ойға сыймайтын қылықтарға барады. Жас бала солардың жүгенсіз қылықтарын қайталауға үйренеді. Сондықтан, ересектер тарапынан баланың көретін, тыңдайтын нәрселерін електен өткізіп, қатаң қадағалап отырған жөн деп есептеймін», – дейді.
Балалар тамақтанатын асхана меңгеруші Жаңыл Шырақбаева балаларды өзінің немерелеріндей көретінін айтады. «Жазғы мезгіл болғандықтан балалар тамағына аса сақтықпен қарап отырмыз. Бас аспазым Есен Алдамжаров бірнеше жылдан бері кеме аспазы болған, аса тәжірибелі маман. Біз мұнайшыларымыз бен балаларымызды тамақтану мәдениетіне баулып отырмыз. Өздеріңіз байқасаңыз, даяшыларымыздың бәрі қолдарына бір реттік қолғап, бастарына қалпақ киіп алған. Бұл біздің гигиеналық талаптарды орындауға барынша мән беріп отырғанымызды көрсетеді. Қабырғаларға тамақтанушылардың эстетикалық талғамын өсіру үшін картиналар іліп, гүлдер өсіріп қойдық. Жайқалып өскен гүлдер тамақтанушылардың көңіл-күйін көтереді. Мына алғыс дәптеріне демалушылар «дән ризамыз» деп жазып кетті. Алғыс адамды қанаттандырады» – дейді ол ағынан жарылып. «Ақбөбек» лагеріндегі тәрбиешілер мен балалардың көңіл-күйі көтеріңкі. Балалардың жазғы демалыста тамаша тынығып қайтатындарына күмән жоқ.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх