Цифрлық технологияны енгізу – өндіріс үшін маңызды

Цифрлық технологияны енгізу – өндіріс үшін маңызды
15.09.2017
551
Трансформация

Цифрлық технологияны енгізу – өндіріс үшін маңызды

Қыркүйектің 13-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес өтті. Кеңеске мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың жетекшілері, Парламент депутаттары, шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Шараны Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ ұйымдастырды.

Елбасы іс-шара алдында түрлі бағыттар бойынша 30-дан астам ІТ-жобалар қойылған арнайы әзірленген көрмені аралап көрді. Көрмеде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ активтерінде 2016 жылдан бастап енгізіле бастаған «Цифрлық кен орны» бағдарламасы пилоттық жобасы туралы таныстырды.  
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның Уаз кен орнында «Цифрлық кен орны» жобасы 2015 жылы қолға алынып, 2016 жылдың басында іске қосылды. Бүгінде осы кен орындағы игеруді Атыраудағы технологиялық процестерді басқару орталығынан 350 шақырымнан астам қашықтықтан басқару мен бақылауға болады. Цифрлық технологияларды енгізу нәтижесінде өндіріс оңтайландырылды, ұңғымалардың өнімділігі артты және кен орынның игерілуін басқару жақсарды. Жобаны енгізу өз тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде кен орындағы қосымша мұнай өндіру 3%-ға ұлғайды, ұңғыманың жұмысын қалпына келтіру уақыты 15%-ға қысқарды. Ал, ұңғымалардың жөндеуаралық кезеңі 15%-ға ұлғайып, электр энергиясын үнемдеу 20%-ға артты. Ұңғымаларды жөндеуге жұмсалған шығындар 10%-ға азайды. 
«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ кен орындарында «Цифрлық кен орны» бағдарламасын енгізуді іске асыру аясында ҚМГ БӨ бойынша жалпы жылдық деңгейде мұнай өндіру 80% құрайтын 14 кен орнына тарату жоспарлануда. Жобаны енгізудегі мақсат – кенорынды игеруге онлайн режимінде мониторинг жасау, интеллектуалды технологияны қолдану есебінен кәсіпшілік жабдықтар жұмысын оңтайландыру, операциялық шығындарды қысқарту, онлайн режиміндегі деректер негізінде мұнай есебінің жүйесін құру болып отыр. 5 жыл ішінде интеллектуалды басқару станцияларын «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобында 6 мыңға жуық ұңғымаға енгізу жоспарлануда. 
Алғашқы енгізу «Ембімұнайгаз» АҚ және «Қазгермұнай» БК» ЖШС кен орындарында жүзеге асырылады, сонымен қатар «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Қаражанбасмұнай»АҚ кенорындарына тарату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, онлайн режимінде мұнай өндіру және тасымалдау барысына бақылау жүргізуге және дерек алуға мүмкіндік беретін визуализациялық орталық жабдықталатын болады. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ келешегі бар негізгі 14 кен орнына «Цифрлық кен орны» бағдарламасын тарату ұңғымалардағы табиғи төмендеу коэффициентін қысқартуға және мұнай өндіруді тұрақтандыруға мүмкіндік береді. 
Жиында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар саласындағы сарапшылар баяндама жасады.
Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын таныстыру барысында айтылған мәліметтерді ескеріп, еліміздің экономикасын дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
– Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізгі басымдықтарының бірі – цифрландыру болып табылады, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтты.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх