Мұнайшылар спорт додасына қатысты

Мұнайшылар спорт додасына қатысты
15.09.2017
434
Әлеумет

Мұнайшылар спорт додасына қатысты

Тамыздың соңғы күндерінде Ақмола облысының Зеренді ауылындағы «Сұңқар» сауықтыру кешені аумағында мұнайгаз өнеркәсібі қызметкерлері күні құрметіне орай «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының Екінші Спартакиадасының ақтық бәсекелері өтті. Оған ҚМГ компаниялар тобының 30 ұйымынан 300 қызметкер қатысты. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері де жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

Спорт додасында сала қызметкерлері шағын футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, жүзу, армрестлинг, үстел теннисі түрлері бойынша сайысқа түсті. Салауатты өмір салтын насихаттау, спорт пен дене шынықтыруға адамдарды тарту, еншілес ұйымдар қызметкерлері арасында коммуникациялық байланыс орнату мақсатында ҚМГ былтырдан бастап еншілес ұйымдардың қатысуымен екі кезеңді Спартакиада өткізуге шешім қабылдаған болатын.
Сондықтан да Спартакиаданың биылғы ақтық бәсекесіне 7 топтың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары жиналды. Іріктеу ойындарына жалпы саны 2500 адам болатын ҚМГ-нің Барлау-өндіру, Мұнай тасымалдау және газ маркетингі, Мұнай өңдеу және маркетинг, Мұнайсервис, Бұрғылау және сервистік жобалар бизнес бағыттары бойынша 50-ге жуық ұйым қатысты.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев жарысқа қатысушыларға арнаған сөзінде «Спорттық шаралар «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы өміріне бұрыннан берік орныққан. Спортпен белсенді түрде айналысатын ҚМГ-ның жиырма мыңнан астам жұмысшысы арасында жоғары деңгейдегі спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне кандидаттар аз емес. Көптеген еншілес компанияларда жыл сайынғы спартакиадалар өткізіліп жүр. Мұндай корпоративтік шараларды қолдау – ҚМГ басшылығының принципті ұстанымы», – деді.
Үш күн бойы қызметкерлер спорттық доданың көркін қыздырды. Спорттық шараның жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау салтанатты жағдайда жүргізілді.

«Сіздер баршаға үш күндік мереке сыйладыңыздар, «ҚазМұнайГаз» қызметкерлерінің қандай болатынын көрсете білдіңіздер. Ең бастысы, ұжымдарды жақындастырып, қарым-қатынасын, байланысын нығайтсақ деген ниетіміз ақталды. Ойындар кезінде барлық спорт алаңдарында достық пен әріптестік рухы салтанат құрды», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов шараның жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде. Мұнайгаз кешені қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасы Сұлтан Қалиев кейбір спортшыларға кәсіподақтың арнаулы сыйлықтарын тапсырды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен дипломдар табыс етілді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх