Спорт ойындары тартысты өтті

Спорт ойындары тартысты өтті
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның 95 жылдығына арналған бағдарламаға сай бірқатар спорттық сайыстар өтті. Спорттық шаралар легі шағын футболдан басталды. Оған сегіз команда: Басқару аппараты, «Жайықмұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, «Ембімұнайэнерго», «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» басқармалары мен «KMG EP-Catering» ЖШС қатысып, өзара бақ сынасты. Жеребеге сәйкес бастапқы ойынды Басқарма аппараты мен «Қайнармұнайгаз» командалары бастап, қайнарлықтар басым түсті. Сегіз команда арасындағы тартысты өткен ойын нәтижесінде 1-ші орынды «Жайықмұнайгаз», 2-ші орынды «Қайнармұнайгаз» және 3-ші орынды «Жылыоймұнайгаз» командасы иеленді. Сондай-ақ, Ж.Берденов «Үздік қақпашы», Н.Ищанов «Үздік қорғаушы», Ж.Шуақбаев «Үздік шабуылшы», А.Өтешов «Үздік бомбардир» номинацияларын иеленді.
Волейболдан жарыс та қызықты, талас-тартысты өтті. Мұнда командада ерлер 3 ойыншы және әйелдер 3 ойыншы болып аралас бір команда болып сайысты. Жайықтықтар бұл спорт түрінен де басқалардан оқ бойы озық түсе шеберлік көрсетіп, жүлделі 1-ші орынды иеленді. 2-ші орын жүлдесін доссорлықтар қанжығасына байласа, 3-ші орынды энергетиктер иеленді. Ж.Хасанова, М.Идрисов, А.Есенбаев, С.Исқараев волейбол бойынша үздік ойыншылар деп танылды.
Бильярд ойыны бойынша 1-ші орынды «Жылыоймұнайгаз» командасынан Қ.Жанадилов, 2-ші орынды Басқару аппаратынан Ж.Ильясов, 3-ші орынды «KMG EP-Catering» Атырау филиалы басшысы Э.Хисметуллин жеңіп алды. Жеңіске деген құштарлығы үшін А.Дюсегалиев, Г.Шанканов, Б.Ерекешов, Т.Тажиев арнайы марапатқа ие болды. Спорттың үш түрінен де барлық жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.