Ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарына 45 жыл!

Ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарына 45 жыл!
28.09.2017
685
Өндіріс

Ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарына 45 жыл!

Биыл «ӨзенМұнайСервис» ЖШС үшін ерекше жыл. Мұнай өндірісінде бұл компания атқарып отырған қызметтің маңызы зор.  Кәсіпорынның өндіріс үшін көрсететін қызметінің тарихы тереңде, әріден басталады. 

Қасиетті Маңғыстау түбегіндегі «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарына ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарына биыл 45 жыл толып отыр. Деректерге тоқталсақ, 1972 жылы “Мангышлакнефть” Өндірістік бірлестігінің №134 3/УП-72 жылғы бұйрығы негізінде, «Узеньнефть» мұнайгаз өндіру басқармасының құрамында «Қабаттардың мұнай өнімділігін арттыру және скважиналарды күрделі жөндеу» басқармасы ашылып, іске қосылды. Ал, 1998 жылдың тамызында «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамын қайта құрылымдау кезінде, «Жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. 1997 жылдың қазан айында «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының жанынан «КРУЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Мақсаты ұңғыларды күрделі жөндеу үшін алынған қуатты шетелдік жаңа «КРЕМКО-80 Д» мобильді қондырғыларды іске қосу болды.
Ал, 2016 жылдың маусым айында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен ҚМГ БӨ еншілес компаниялары «Жөндеу» ЖШС және «КРУЗ» ЖШС-ы «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-ына біріктіріліп, ірілендірілген болатын. Ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеу саласында ұқсас қызметтер жүргізетін еншілес кәсіпорындарды біріктіру қосымша жұмыс көлемін алуға және компанияның нарықтағы ұстанымын нығайтуға септік етеді. 
Бүгінде «ӨзенМұнайСервис» компаниясы ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарының өнімділігін және сапасын арттыру жолында қажырлы еңбек етуде. Компания сервистік қызмет көрсету саласында бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жаңа технологияларды өндіріске енгізу жұмыстарын қолға алуда. Жаңа жабдықтау базасының құрылысын салу қарастырылған, бұл база жұмысшылардың еңбек жағдайлары мен еңбек сапасын жақсартады, жұмысты орындау мерзімін ұлғайтады және еңбек қауіпсіздігін жақсартуға, өндіріс мәдениетін көтеруге мүмкіндік ашады.
Компанияның қызметін бұдан әрі жетілдіру жөніндегі іс-шараларды анықтау мақсатында Даму концепциясы әзірленді. Оның аясында 2017 жылдың ішінде күрделі салымдардың көлемін ұлғайту қарастырылды. Бірқатар құрал-жабдықтар сатып алынады, атап айтқанда, 7 дана заманауи көтергіш қондырғы. Бұл қондырғылар ұңғыны жөндеудің тиімділігін арттыруға және бос тұрыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа механикалық роторлар, сондай-ақ жөндеу жұмыстарының қауіпсіз жүргізу мақсатында жаңа технологиялық сорапты-компрессорлық құбырлар сатып алынады.  Сонымен қатар, Даму концепциясы аясында ресейлік және шетелдік өндірушілердің жаңа үздік технологияларын өндіріске енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұңғымаларды күрделі жөндеу шеберлері мен инженерлік құрамға арналған модульдік оқыту жүргізіліп, арнайы сертификаттар табысталды. Мұнай сервистік еншілес кәсіпорындармен бірлесе отырып, заманауи әдіспен дәнекерлеушілер дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары одан әрі жалғаса береді.  
«ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарқынды даму жолында болашаққа нық бағыт ұстанған компания. Озық технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударып отыр. «Бірлік – біздің туымыз!» деген мақсатқа жұмылған ұжымның алдағы уақытта алар асулары мен бағындырар белестері жетерлік. Жетістіктерге қол жеткізу үшін ұжымның ауызбіршілігі арқасында «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып» жұмыла еңбек етуіміз керек.

Өткен күнде белгі бар...

Арада өткен 45 жыл аз уақыт емес. Сонау жарты ғасырға таяу уақыт бұрын  елсіз, сусыз аймақтағы табиғаттың барлық қаталдығына төзіп, еңбек еткен Өзен кеншілерінің еңбегі ерлікпен тең. Бүгінгі өндіріс кешегі ардагер мұнайшылардың ерен еңбегімен салып кеткен даңғыл жолдың жалғасы. Бүгінгі буын оны лайықты жалғастыруда. Жұмысшылар өндірісті білектің күшімен, қайтпас қайсар-жігермен көтерді. Олар бүгінгідей еңбекке қолайлы жағдайды көрген жоқ. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туралы айтудың өзі артық. Десе де жарқын еңбектің үлгісін көрсетті. 


Ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарын, атап айтқанда, суланған қабатты оқшаулау, пайдалану колоннасының ақауын бекітудің барлық түрлері, колонна сыртындағы цемент сапасын жақсарту, апаттың барлық түрлерін шығару, ұңғы бойын, түбін тазалау, жоғарғы қабатқа оралу, қабаттың мұнай және су қабылдауын арттыру, апаттың алдын алу жұмыстары және т.б. жұмыстарды қажырлы еңбекпен атқарды. «Жөндеу» және «КРУЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мамандарының ерен еңбектері еленіп, марапат-құрметке бөленді. 
1972 жылы «Мангышлакнефть» Бірлестігінің №134 3/УП-72 жылғы бұйрығына және Еңбек Қызыл Ту  орденді Советтер Одағы коммунистік партиясының XXIII съезд атындағы «Узеннефть» Мұнайгаз өндіру басқармасының 1972 жылдың 21 шілдесіндегі №97 бұйрығы негізінде, 1972 жылдың 1 шілдесінен бастап «Қабаттардың мұнай өнімділігін арттыру және скважиналарды күрделі жөндеу» басқармасы іске қосылды. Сол жылы басқарма бастығы болып Коротинский Юрий тағайындалды.


Алдымен Узень учаскесі, Жетібай учаскесі және Узень учаскесінің өндірісті қамту базасы болып құрылды.
Узень учаскесінің 13 (он үш) скважиналарды күрделі жөндеу бригадаларымен жұмыс бастады. Алғашқы скважиналарды күрделі жөндеу бригадасының шеберлері: К.Минбаев, А.Айтмуханбетов, А.Н.Лифоренко, М.К.Карабалин, А.Б.Киримов, И.А.Перевозников, Н.Константинов, В.Топчиев, Е.Никулушкин, П.Кочергин, В.Богуславский.
1995 жылдың 26 желтоқсанында, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің 1995 жылдың 20 желтоқсанындағы №587 бұйрығы негізінде «Жөндеу-дайындау» цехы, 1995 жылдың 20 желтоқсандағы №403 бұйрығы негізінде «Ер-Қосай» цехы «Өзен бұрғылау жұмыстары» басқармасы құрамынан шығарылып, «Қабаттардың мұнай өнімділігін арттыру және скважиналарды күрделі жөндеу» басқармасына берілді.
1998 жылдың 1 тамызынан бастап «Қабаттардың мұнай өнімділігін арттыру және скважиналарды күрделі жөндеу» басқармасы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының «Жөндеу» жауапкершілігі шектеулі еншілес серіктестігі болып қайта құрылды. Сол жылдың 26 тамызынан бастап «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының СҚКБ-1-ден ауыстыру арқылы серіктестіктің «Автотізбек» цехы ашылды. «Жөндеу» жауапкершілігі шектеулі еншілес серіктестігінің бастығы болып Садыков Марат тағайындалды.
1997 жылы «Өзенмұнайгаз» бірлестігінің жанынан құрылған «КРУЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ұңғыларды күрделі жөндеу үшін алынған қуатты шетелдік жаңа «КРЕМКО-80 Д» мобильді қондырғыларды іске қосты. Серіктестіктің директоры болып тәжірибесі мол, Өзен кенорнына еңбегі сіңген майталман мұнайшы Орынбек Абишаев тағайындалды. 
Алдымен тек қана ұңғымаларды күрделі жөндеу бойынша екі-ақ бригада жұмысын бастады. Сол кездегі КРУЗ-1 бригадасының аға шебері марқұм Сарсенбаев Мұса және көмекші шебер Сарыбаев Руслан және де КРУЗ-2 бригадасының аға шебері марқұм Сабиев Махы мен көмекші шебер Ұзақбаев Рамазан тағайындалды. Марқұм болған екі азамат та Сарсенбаев Мұса мен Сабиев Махы өз ісінің шебері, ойлаған мақсаттарына жетпей тынбайтын еңбекқор азамат жігіттер болды.
1998 жылдың қаңтар айынан  бастап КРУЗ-3 бригадасы іске қосылды.  
Сол кездегі КРУЗ-3 бригадасының аға шебері Муфтахов Хайрош және көмекші шебер Абишаев Сағидолла тағайындалған болатын.
Күрделі жөндеу бригадаларында екі шеберден тағайындаудың басты мақсаты – жүргізіліп жатқан әрбір жұмыстарды технологиялық жүйеде жіті бақылау еді. Аға шебер Сарсенбаев Мұса басқарған КРУЗ-1 бригадасының ең алғаш № 5652 скважинасында 53 күн тұрып ақыры скважинаны күрделі жөндеуден алғаш шетелдік техникасымен ойдағыдай аяқтап бітіріп шықты. Қыстың суығына қарамай қайсарлықпен, шыдамдылық таныта отырып,  өздерінің білікті маман екендіктерін дәлелдеді.
Мекеме бастапқы кезде 3 күрделі жөндеу бригадасымен үш дана «КРЕМКО-80 Д» қондырғыларымен іске қосылса, 1998 жылы 8 күрделі жөндеу бригадалары, ал 1999 жылы күрделі жөндеу бригадаларының саны 13-ке жетті. 2013 жылдан  2016 жылдың қазан айына дейін 18 күрделі жөндеу бригадаларымен жұмыс жасады. 
Қазіргі таңда екі серіктестіктің бірігуінің арқасында скважиналарды күрделі жөндеумен айналысатын «ӨзенМұнайСервис» серіктестігі болып құрылып, күрделі жөндеу бригадаларының саны  45-ке жетті, барлығы да отандық ПАП-60/80 және ПАП 80/100 көтергіш қондырғыларымен жабдықталған.

Жаңа тарих. Жаңа белестер. Жаңа жетістіктер...

Бүгінгі күні «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қызметін сәтті жалғастыруда. 
Мекеменің негізгі қызметі ұңғыларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Яғни, бұрынғы қос қарлығаштай болған екі мекеменің ортақ ісін заңды түрде жалғастыру. «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры болып Союнов Нұрсейіт тағайындалды. Серіктестіктің скважиналарды күрделі жөндеу бригадалары ПАП-60/80, ПАП-100, УБП-100 көтергіш қондырғыларымен және қосымша техникалар Трал, АНРВ, КМУ, ПАРМ, су және жанар-жағармай техникаларымен қамтылған. Сонымен қатар скважиналарды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бригадалар солақай-оңқай бұрғылау құбырларымен, техникалық құбырлармен, ДЭЛ-140 бақылау өлшеу аспаптарымен, гранит-65 гидравликалық кілттермен және де ауырлатылған бұрғылау құбырларымен, әртүрлі жаңа үлгідегі аулау, фрезерлеу құралдарымен және т.б. жабдықтармен, сонымен қатар GPS, ДУТ құрылғыларымен жабдықталған. 


Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық талаптарды сақтау мақсатында барлық бригадалар май тоғансыз әдіспен 2013 жылдан бастап жұмыс жасауда. Серіктестік автотізбегінде агрегат және қозғалтқыштарды жөндейтін, желімдеу, аккумулятор, аппарат және радиатор оңдайтын учаскелері бар.  


«ӨзенМұнайСервис» ЖШС құрылғаннан кейін бұрынғы қос мекемеде болған, өндіріске кері әсерін тигізген кейбір мәселелер жойылып, есесіне өндірістік көрсеткіштер біршама артты. Бірікпес бұрын екі серіктестік бөлек жұмыс істейтін, дегенмен, тауарды сатып алу, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бірдей болатын, бірақ, баға айырмашылығы байқалатын еді. Енді барлығы орталықтандырылды. Қаржылық жоспар ортақ болған соң, уақыт пен қаражат үнемділігі де байқала бастады. 


Көптеген бригадалар бұрғылау құбырларымен және экологиялық сыйымдылықтармен қамтылды. 2016 жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда, 2017 жылы жөнделген ұңғымалар саны арта түсті, сонымен бірге бір скважинаға жұмсалатын жөндеу жұмысының орташа саны артты. 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында бір ұңғымаға жөндеу жұмысының орташа саны 2,57 жөндеу болса, 2017 жылы 2,96 жөндеуді көрсетті. 


Мекеменің негізгі құндылығы – қызметкерлері! Еңбек адамына жағдай жасау, әлеуметтік қорғау жұмыстарын компания ұдайы назарда ұстайды. 

Мақалаға «ӨзенМұнайСервис» ЖШС суреттері және материалдары пайдаланылды

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх