«Бір минутта жеңіске жет». «Қаражанбасмұнай» АҚ

«Бір минутта жеңіске жет». «Қаражанбасмұнай» АҚ
28.09.2017
490
Қызметкерлер

«Бір минутта жеңіске жет». «Қаражанбасмұнай» АҚ

Вахталық ауысымда жұмыс істейтін мұнайшылар арасында түрлі сайыстар өткізіп тұру үзілмейтін үрдіске айналған. Спорттық сайыстармен қатар зияткерлік бәсекелер де еңбеккерлердің ізденуіне, танымына, өзара қарым-қатынастарын нығайтуға септігін тигізіп отыр.

Қ аражанбас кен орнында өткен «Бір минутта жеңіске жет» сайысы қызу тартысқа толы болды. 14 қатысушы арасындағы бәсеке көрермен қошеметіне бөленді. Жұмысшылардың бос уақытын көңілді өткізуге бағытталған шараның негізгі мақсаты – үздік ойыншыны анықтау. Сайыс барысында қатысушыларға он түрлі ерекше тапсырмалар берілді. Нақтырақ айтқанда, олар он сынақтан күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген қарапайым құралдардың көмегімен өтуі тиіс болды. Ептілік пен жылдамдық сынға түскен бәсекеде әр ойыншыға небары бір минут қана уақыт беріледі. Сонымен қатар, қосымша үш мүмкіндік те қарастырылды. Мәселен, ойыншы сынақтан межелі уақыттың ішінде өте алмаған жағдайда берілген бір мүмкіндігінен айрылады. Үш мүмкіндікті де пайдалана алмаған жағдайда қатысушы үшін ойын аяқталған болып саналады. Ойынды әрі қарай жалғастырамын десе, әрине, өз еркі, алайда, шарт бойынша ол қатысушы жүлдеден тыс қалады. Сынақтан толық өткен жеңімпазға 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілетіні алдын ала хабарланды. Ойыншылардың тартысқа толы сайысында олардың ептілігімен қатар шыдамдылығы пен жылдамдықтары да сыналды. Сондай-ақ, тез ойланып, шұғыл шешім қабылдай білу қабілеттері де ескерілді. Сайыс қызығын Таңат Әбдин, Ерлан Батиханов (ӨАЦ), Елдос Әбдікерімов, Егор Миненко (ЭлЦех), Біржан Мүсімқұлов (№1 МӨЦ), Жанар Юсупова (БМТС), Мақсат Тоқсанбаев, Берік Сыдықов (№2 МӨЦ), Ерлан Машырықов, Ербол Қарасаев (БӨЦ), Болат Басбаев (МДжАЦ), Қазидолла Оразов, Ғани Нұрымов (ЖПжИЦ), Әскер Бектілиев (ҚЖЦ) секілді жұмыскерлер қыздырды. Олардың арасынан Егор Миненко, Берік Сыдықов және Біржан Мүсімқұлов бес тапсырмадан соң сүрінсе де, сыйлық емес намыс үшін тырысып, ойынды одан әрі жалғастырды. Көп арасынан сегізінші тапсырмаға дейін жеткен Мақсат Тоқсанбаев өзінің жеңіске деген ерік-жігерін дәлелдей білді. Өкінішке қарай, Мақсат тоғызыншы тапсырмаға өте алмады. Осылайшы, қатысушылар арасынан барлық кезеңнен өткен ойыншы болмағандықтан, жеңімпаз анықталған жоқ. Қоғамдық шараға белсене қатысып, сайыстың қызықты өтуіне ат салысқан әріптестерге алғыс айтылды.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх