Өндірістік қауіпсіздікті сақтау – өз өміріңнің кепілі!

Өндірістік қауіпсіздікті сақтау – өз өміріңнің кепілі!
11.10.2017
3181
Еңбекті қорғау

Өндірістік қауіпсіздікті сақтау – өз өміріңнің кепілі!

Қыркүйектің 27-і күні Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес және қарасты компанияларының, құрылымдық бөлімшелерінің өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған кеңейтілген жиыны өтті. 

Алқалы жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмуханбетова, мемлекеттік бақылаушы органдардың жетекшілері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» еңбек және қоршаған ортаны қорғау бойынша вице-президенті Винсент Спинелли, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай», «ӨзенМұнайСервис», «ArgymakTransService», «Кен-Құрылыс-Сервис», ҚазГӨЗ мекемелерінің басшылары қатысты. Жиында аталған саладағы бірлескен жұмыстың қорытындылары сөз болып, осы қызметтегі нәтижелер және туындаған мәселелер талқыланып, алдағы мақсат-міндеттер белгіленді. Мұндай форматтағы мәжіліс соңғы алты жыл көлемінде алғаш рет өткізіліп отыр. 
Жиналысты ашқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев алдымен Компанияның өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінің осы жылдың 8 айындағы қорытындысына тоқталды. «Компания еліміздегі ірі өндірістік кәсіпорын бола отырып, қауіпсіз еңбек ету жағдайын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің және өндірістік нысандар аумағына жақын маңайда орналасқан халықтың денсаулығына, сондай-ақ қолайлы қоршаған орта жағдайын сақтауға үлкен көңіл бөледі. ҚМГ БӨ қолданыстағы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласын басқару жүйесін айтарлықтай жетілдіру жұмысын жүргізді. Бұл саланың басымдылығы ескеріліп, Компанияда еңбекті және қоршаған ортаны қорғау блогы құрылды. Бұл бағыттағы қызметке бас директордың орынбасары Мәлік Сәлімгереев жетекшілік етеді. Сондай-ақ, осы саладағы жұмысты жақсарту үшін еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директор лауазымы енгізіліп, бұл қызметке Медет Кәрім тағайындалды. Бұл құрылымдық өзгерістер өндірістік циклға оң ықпалын тигізеді деп үміттенемін», – деді сөзінің басында Қ.Есқазиев.

Өткен жылы «Ембімұнайгазда» осы бағыттағы қызметті жақсарту және нығайту шаралары жасалып, техника қауіпсіздігі бойынша мамандар саны ұлғайды. Бұрын 33 кенішті игеріп жатқан ЕМГ-де 5 мыңнан астам жұмыскеріне техника қауіпсіздігі бойынша 27 маман болған. Шамамен 200 адамға техника қауіпсіздігі бойынша бір адамнан келген. Нәтижесінде мамандар саны бүгінгі күні 64-ке дейін көбейген. Осылайша, техника қауіпсіздігі бойынша бір маманға енді 80 жұмыскерден келеді. Бұл өндірістік жарақат көрсеткішінен де көрініс тауып, бастысы жағдай жақсы жағына қарай өзгерген. Қ.Есқазиев жұмысшылардың жалпы санын ұлғайтпай, техника қауіпсіздігі бойынша мамандар санын көбейту жұмыстары  барлық еншілес компанияларда кезеңмен, әсіресе ӨМГ-да жүргізілуі керектігін атады. Бұл арада сапалы мамандарды іріктеуге баса назар аударды. «Оң нәтижелерге қол жеткізу үшін бұл процеске ерекше көңіл бөлуді, тиісті мамандық иелерінің кәсіби біліктілігін көтеруге назар аударуды сұраймын. Мысалы, біздің Компания мен Эни арасында бекітілген өзара ынтымақтастық және әріптестік Меморандумы аясында  ҚМГ БӨ компаниялар тобының қызметкерлері үшін тренинг бағдарламалары жүргізілді. Осылайша, «Өзенмұнайгаз»-дың 12 жұмысшысы, оның 2-і еңбек қорғау саласының мамандары М.Күшбаев, Ж.Қойлыбаев және қоршаған ортаны қорғау бойынша 2 маман Ә.Сабыров пен Е.Әбішев Миланда Эни корпоративтік университетінде тренинг-оқудан өтті. Біздің Эни және Шелл компанияларымен ынтымақтастық аясында ҚМГ БӨ компаниялар тобы қызметкерлері үшін тренинг бағдарламаларды жалғастыру ниетіміз бар. Басқа да оқу топтары болатыны жоспарлануда. Бұдан басқа, біз техника қауіпсіздігі мамандарының мәртебесін көтеруіміз және оларға тиісінше өкілеттік беруіміз керек, бұл өндірісте бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Қ.Есқазиев.

ҚМГ БӨ бас директоры «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Компания активтерінде 2016 жылдан бастап енгізіле бастаған «Цифрлы кен орын» пилоттық бағдарламасы туралы да тоқталып өтті. Жобаның алғашқы алаңы ретінде таңдалып алынған ЕМГ Уаз кенішінде оң көрсеткіштер бар. «Кен орында қосымша өндіру 3%-ға жуықтады, ұңғымалар жұмысын қалыпқа келтіру уақыты 15%-дан астамға қысқарды, электр қуатын үнемдеу 20%-ға артты, ұңғымаларды жөндеуге үлестік шығындар 10%-ға азайды, ұңғымаларды жөндеу аралық кезең 15%-ға ұлғайды. Соңғы көрсеткіш, жалпы «Цифрлы кен орын» бағдарламасының барлық процесі өндірістік жарақатты азайтуға тікелей әсер етеді. Өйткені, өндірісті автоматтандыру процесі аз шығынмен ұңғымалардың өнімділігін арттыруға, қашықтан мониторинг жасау есебінен операциялық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру қатері қысқарды», – деді ҚМГ БӨ бас директоры. 

Қ.Есқазиевтің айтуынша, биылғы жылдан бастап Жобаның оң тәжірибесі компаниялар тобының басқа кен орындарына таратыла бастайды. Интеллектуалды кен орын оң тәжірибесін Өзен, Қаражанбас, Ақшабұлақ, Прорва кен орындары тобы сияқты 14 кенішке тарату жоспарлануда. Сондай-ақ, интеллектуалды кен орынның ағымдағы конфигурациясын одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. 

Еңбек өнімділігін ұлғайту және еңбек ету жағдайын жақсарту үшін жыл сайын кезеңмен арнайы техника және технологиялық жабдықтар жаңартылуда. Мысалы, Өзенмұнайгазда 5 жыл ішінде 650-ге дейін арнайы техника мен технологиялық транспортты жаңарту жоспарланып отыр. Бұдан басқа «1000 арнайы техникаға қызмет көрсету бойынша сервистік орталық» салу жоспарлануда. Бұл бірінші кезекте қызметкерлерге еңбекке жайлы жағдай жасайды. Сапалы қызмет көрсету есебінен барлық автотранспорт паркінің тиімділігі қамтамасыз етіледі, ал бұл жол қозғалысындағы қауіпсіздікке оң әсер етеді. «Біз автожол құрылысының көлемін ұлғайттық, бұл жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септік етеді. Мұның барлығы өндірістің барлық процестерінде тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қауіпсіздік кепілі және жалпы біздің компанияның бәсекеге қабілеттілігінің ажырамас шарты. Бірақ, қабылданып жатқан шараларға қарамастан біздің өндірістік нысандарда жазатайым оқиғаларға әлі де жол берілуде. 

Биылғы жылдың 8 айындағы жағдай өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, еншілес кәсіпорындар бойынша қайғылы оқиғалар 15-тен 18-ге дейін ұлғайғанын көрсетті. Оның 2-і кісі өлімімен аяқталды. Тексерулер қорытындысында көп жағдайда барлық техникалық қауіпсіздік талаптарын ескермей, жұмысты ұйымдастырған тікелей басшылардың кінәсі анықталды. Жұмысшылар тарапынан да еңбек тәртібінің сақталмағанын атап айту керек. Әрине, негізгі міндет – өндіру бойынша жоспарды орындау. Бірақ оны қандай бағамен? Біздің қаза болған әріптестеріміз отбасының қандай күйде болатынын ойлаңыздар. Олардың балалары бар, ол жайында ойладыңыздар ма? Соңғы үш жыл ішінде кісі өлімімен аяқталған қайғылы оқиғалардың ақыры 25 баланы жетім етті. 

Олардың отбасылары асыраушысынан айырылды. Сонымен қатар мұндай жағдайлар еңбек ұжымының тұрақтылығына әсер етеді. Бұл орайда  біздің Компанияның барлық еншілес және қарасты ұйымдар басшыларының өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне айқын түсінік қажет екендігіне баса назар аударғым келеді.Бұл әрдайым бірінші кезектегі мәселе!», – деді ҚМГ БӨ басшысы Қ.Есқазиев.  

Жиында экология мәселелері де кеңінен айтылды. Компания экологиялық мәселелерді шешуде соңғы жылдарда бірқатар нәтижелерге қол жеткізген. Қазақстанның «жасыл» экономика даму тұжырымдамасында бұл басты бағыт болып саналады. Бүгінгі күні айыппұл санкциялары азайған. Бұл экология мәселесіне және анықталған кемшіліктерді мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынаста жоюға деген Компания еншілес кәсіпорындарындағы оң өзгерісті байқатқан. Дегенмен, бүгінгі күні өндірістік жұмыс кезінде мұнаймен ластануға жол беріліп отырғаны да аталды. «Мұндай олқылықтар ұңғымаларға күрделі және жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде болады. Бұл өндірістік қызметкердің жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қарапайым технологиялық тәртіпті сақтамауынан, нақтырақ айтқанда, ұңғыманы сапасыз бастырудан. Бастыру үшін сұйықтықты таңдау кезінде технологиялық тәсілдің болмауынан, соның ішінде сұйықтық көлемі және қажетті үлес салмақ есебі МГӨБ технологтары тарапынан орындалмайды. Біздің жауапты жұмыскерлеріміздің осындай енжарлығынан, жаңадан ластанған кенорындары пайда болады. Оларды жою және мемлекеттік органдар салатын айыппұл санкциялары үлкен экономикалық шығындарға алып келуі мүмкін. Сонымен бірге, қалдықтарды жою бойынша жұмыстарды сапалы орындау үшін қалдықтарды жоюдың толық циклін қамтамасыз ететін мейілінше тиімді технологияны таңдау қажет», – деді ҚМГ БӨ бас директоры. 

Сегіз ережені мүлтіксіз орындау керек!
Еншілес және қарасты кәсіпорындардағы өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша ҚМГ БӨ бас директорының еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және келешекті даму жөніндегі орынбасары Мәлік Сәлімгереев кеңінен баяндады. 

«Қоғамның негізгі қағидаттарының бірі – жұмыс орындарында салауатты өмір салтын ұстану, сондай-ақ қызметкерлердің денсаулығына өндірістегі жұмыстардың қандай да бір кері әсерінің болмауын қамтамасыз ету. Осы аталған қағидаттарды тұрақты сақтау үшін біз, бірінші кезекте, «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы С.Мыңбаевтың шешімімен бекітілген Алтын ережелерді басшылыққа алуымыз қажет. Алтын ережелер – бұл өндірістік қауіп-қатердің алдын алу үшін қарапайым, баршаға түсінікті және сенімді тәсіл. Біз қарқынды дамып, өндірістік жарақаттанудың алдын алғымыз келсе, осы ережелерді ұстанып, оларды үнемі қолдануымыз керек. 

Бұл ережелер он жылдан астам уақыт ішінде өндірісте болған жазатайым оқиларға жүргізілген талдаудың негізінде әзірленді. Жазатайым оқиғалар қауіпсіздіктің қарапайым бірнеше ережелерін бұзу салдарынан орын алды.   

Небәрі сегіз ғана алтын ереже бар, біріншісі – жұмысқа дайындық, екіншісі – көлік жүргізу кезіндегі қауіпсіздік, үшіншісі – жұмыстарға рұқсат-нарядын алу, төртінші – энергия көздерін оқшаулау, бесіншісі – тұйық кеңістіктегі жұмыстар, алтыншы – биіктікте жұмыс жасау, жетінші – қозғалатын жабдық және қысым үстіндегі жабдық және сегізінші ереже – жүк көтеру операциялары.   

Осыған байланысты, біздің барлық еншілес және тәуелді ұйымдардың басшылары, сол ұйымдардағы құрылымдық бөлімшелердің басшылары Алтын ережелердің талаптарын ұстану мен орындалуына жауапты болып табылады, сондай-ақ мердігерлік ұйымдардан осы ережелердің сақталуын талап етулері тиіс», – деді М. Сәлімгереев. «ҚМГ компаниялары тобында қауіпсіздік мәдениетін жетілдіру жоспарларын талқылау туралы жиындар өтіп отырады.Онда қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірісте жарақат алу деңгейін төмендету – бұл әрбір басшының бірінші кезектегі міндеті екені ұдайы айтылады. Еншілес компанияларда да арнайы жиындар өтеді. Бірақ өкінішке орай, көптеген еншілес және тәуелді ұйымдардың бірінші басшылары тарапынан мұндай жиындар идеяларын түсіндіру жұмыстары лайықты түрде өткізілген жоқ және сәйкесінше еңбек ұжымдарының назарына жеткізілмеді. 

Барлық деңгейдегі басшылар қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып, өздері үлгі болуы тиіс. Сонда ғана біз жалпы қауіпсіздіктің үздік көрсеткіштеріне жете аламыз», – деді М.Сәлімгереев.   

Өндірістік жарақаттардан неге сабақ алмаймыз?  
Жазатайым оқиғалар бойынша былтырғы жылы сияқты биыл да «Өзенмұнайгаз» көш бастап тұр, осы жылы жағдай біраз жақсарды, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар санының азаюы байқалады, дегенмен көрсеткіштерді жақсарту үшін әлі де атқаратын жұмыс жеткілікті болып отыр. 

Өзенмұнайсервисте 2016 жылы 7 жазатайым оқиға орын алса, есептік кезеңнің қорытындысы бойынша 6 жазатайым оқиға болды. 

«Осы жылдың өткен 8 айының қорытындысы бойынша өндірістік нысандарда 18 жазатайым оқиға болып, 19 қызметкер зардап шекті (2016 жылдың 8 айында – 15/17), бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда үш оқиғаға көп. Орын алған 18 жазатайым оқиға кезінде екеуі өліммен аяқталды, тағы да екеуінде адамдар ауыр жарақат алды, ал қалған 14 жағдайда жеңіл жарақат алды. 

Жарақаттардың ауырлығы: зардап шеккен 19 қызметкердің 14-і жұмысқа шықты, 3-еуі амбулаторлық ем алып жатыр, екі жұмысшы қаза тапты.   

Еншілес және тәуелді ұйымдар бойынша зардап шеккендердің саны: «Өзенмұнайгаз» АҚ-да 6 адам, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-де 6 адам жарақат алды, «Ембімұнайгаз» АҚ-да 3 адам, «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС-де 2 адам және «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Қазгермұнай» БК» ЖШС-де бір-бір адамнан жарақат алды.Өздеріңізге белгілі, өткен жылы «Өзенмұнайгаз» жылды өндірістік жарақат алудың нашар көрсеткіштерімен аяқтады, 18 жазатайым оқиға болды, соның ішінде екі оқиға адам өліміне әкеліп, 3 қызметкеріміз қайтыс болды. Биылғы жылдың 8 айы ішінде «Өзенмұнайгазда» жарақат алудың төмендегені байқалады, алайда 6 жазатайым оқиға орын алып, оның біреуінде адам өлімі болды. Яғни, «Өзенмұнайгаз» АҚ-да құрылымдық бөлімшелердің басшылары бұрын болған жазатайым оқиғалардан сабақ алған жоқ және жағдайды түзету үшін жеткілікті деңгейде жұмыс істеген жоқ», – деді ҚМГ БӨ бас директорының еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және келешекті даму жөніндегі орынбасары  Мәлік Сәлімгереев. 

Тәртіпке бағыну – ауыр қазаның, жарақаттың алдын алады...
Осындайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзі ойға оралады. 
Қойылған тәртіпті орындау – бірінші міндет. Ол алдымен адамның өзінің амандығы, қауіпсіздігі! Өндіріс, бұл аты айтып тұрғандай қауіпті сала. Десе де олқылықтар, адам өмірін үзуге әкеліп соқтырған оқиғалар әлі бар. Мұның барлығы жауапсыздықтан туындайды. 

Осы жылдың 10 сәуір күні Өзенмұнайгаздың бұрғылау жұмыстары басқармасында жазатайым оқиға болды. Арнайы техниканың моторисі Әділов ауысымаралық демалыста жүріп, базаға (гараж) келіп, күзетшіге қарсы күш қолданып, арнайы техниканы айдап әкеткен. Одан кейін УАЗ автокөлігімен жол-көлік оқиғасына тап болды. Нәтижесінде, еш кінәсі жоқ қызметкер Джанаев Ренат қаза тапты.  

М.Сәлімгереевтің айтуынша, бұл оқиға қызметкерлерде еңбек тәртібінің мүлдем жоқтығын және құрылымдық бөлімшелердің басшылары тарапынан бақылаудың болмағанын көрсетеді. «Келешекте жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша әзірлеген іс-шаралар сапасыз және дер кезінде орындалмай жатыр. Сіздер аталған іс-шаралардың орындалғаны туралы ақпарат бересіз, бірақ одан кейін олардың мүлдем орындалмағаны немесе тиісті деңгейде орындалмағаны анықталып жатады. 

Мысалы, тамыз айында Өзенмұнайгазда арнайы тексеру өтіп, әзірленген іс-шаралардың орындалу барысы тексерілді.Тексеру барысында жұмыстарды жүргізу үшін технологиялық регламенттер әлі күнге дейін әзірленбегені, рұқсат-нарядтар толтырылмайтыны немесе немқұрайлы толтырылатыны, берілген рұқсат-наряд бойынша нұсқаулықтар сапасыз жүргізілетіні анықталды, ал қауіп-қатерлерді бағалау жұмыстары мүлдем жүргізілмейді екен. Сонда Сіздер еңбек қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қалай жетпексіздер? Әрбір басшы қызметкерлерінің денсаулығын және жұмыс орындардағы қауіпсіздігінің қамын ойлауға міндетті.  

Жұмыс уақыты басталғанға дейін жұмыс орындарында қауіп-қатерді бағалау үшін негізгі жауапкершілік тікелей жұмыстардың басшысына жүктелуі тиіс. Сонымен қатар, қатерлерді бағалауға қызметкерлердің өздерін тарту керек, өйткені олар тап болуы мүмкін жағдайлар бағаланады. Қауіп-қатерлерді бағалау кезінде жұмыскерлердің пікірін ескеру қажет, осылайша қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне жұмыскерлерді қатыстыру барлық кезеңдерде байқалуы тиіс. Сонда ғана біз рұқсат-нарядтарды ресімдеу кезіндегі қауіп-қатерді бағалау мақсатына қол жеткіземіз – ол өндірістегі еңбек қауіпсіздігінің деңгейін арттыру», – деді жиында сөйлеген сөзінде М.Сәлімгереев. «Сақтансаң, сақтайды» деген мақал бекерге айтылған жоқ. Бірақ оның ескеріле бермейті өкінішті. Әрбір жарақат алған немесе қайтыс болған адамның отбасы, балалары, жақындары үшін бұл өте ауыр жағдай. Компанияға да оңай соқпайды. 

2016 жылы Өзенмұнайгазда болған қайығылы оқиға салдарынан екі қызметкер қайтыс болған, электромонтерлар Тулебаев Қайрат және Қонарбаев Мақсат, оқиғаның себебі – қауіптілігі жоғары жұмыстардың өндірісіне бақылаудың жоқтығы және рұқсат-нарядта көрсетілген талаптардың орындалмауы болған. ЕМГ «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-де осы жылдың сәуір айында 5-ші разрядтағы ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы Жұмағазиев Азидолла қайтыс болған қайғылы оқиға жұмыстардың тікелей жетекшісінің, нақтырақ айтқанда, бригада шеберінің адамдарды басқара алмайтындығын көрсеткен. Яғни, бригада мүшелері жұмыстарды тоқтату туралы тапсырманы алса да, шебердің тапсырмасын орындамай, істен шыққан жылтыратылған штокты өздері бұрап алып шығуға әрекет жасаған және олар тыйым салынған әдісті қолданған, яғни жылтыратылған штокқа айналмалы кілтті орнатқан, одан кейін қосымша күш беру үшін сүймен пайдаланған. Олар істен шыққан штокты айналдыра бастайды, кезек-кезек бір-біріне сүйменді береді. А.Жұмағазиев сүйменді қолында ұстап тұрған кезде «Қашыңдар!» деп айқайлаған.  Комиссияның болжамы бойынша бригада мүшелері жан-жаққа қашқан кезде А.Жұмағазиев сүйменді жібере салады, ал ол кері инерция бойынша А.Жұмағазиевтің желке жағынан ұрады.  

«Тергеу нәтижелері бойынша, негізінен көп жағдайларда қауіпсіздік техникасының барлық талаптарын елеп-ескермей, жұмысты ұйымдастыратын тікелей басшыларының кінәсі анықталады. Менің пайымдауымша, бұның барлығы жауапты тұлғалардың тарапынан бақылаудың болмауынан және олардың жауапсыздықтарынан орын алады. Еңбекті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің басшыларына және өндіріс мәселелеріне тікелей жетекшілік ететін олардың мамандарына жүктелетінін ерекше атап айтқым келеді.

Негізінен технологиялық регламенттің талаптарын сақтамау салдарынан жарақат алу жағдайларында, апаттар мен мұнайдың төгілуі кезінде еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мамандары ғана кінәлі деген пікірге жол беруге болмайды деп санаймын.  

Жаңа технологияларды енгізу арқылы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жабдықтарды жарамды күйде сақтау, жөндеу және алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізу – бұл әрбір тікелей басшының лауазымдық міндеті екенін ұмытпауларыңыз керек», – деді М.Сәлімгереев.  

ҚМГ БӨ бас директорының еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және келешекті даму жөніндегі орынбасары  Мәлік Сәлімгереевтің айтуынша, 2015 жылы барлық автокөлік құралдарына қауіпсіздік белбеулерін орнату бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. Осы мақсаттарға 30 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалып, 8 586 қауіпсіздік белбеулері орнатылған. «Ал бүгінде қызметкерлер сол орнатылған қауіпсіздік белбеулерін тақпайтынын көріп отырмыз, әсіресе мұндай жағдай Жаңаөзен қаласында орналасқан еншілес ұйымдарда байқалады.Неге!? Өйткені Сіздер, басшылар, оны талап етпейсіздер, басқасын айтпағанда, ең қарапайым қауіпсіздік талабына осылайша салғырт қарайсыздар. Өкінішке орай, бұл жәйтті мен Сіздерге осы жерде айтуға мәжбүрмін! Тағы бір мысал, осы жылы маусымның 8-і күні Ембімұнайгаздың басқару аппаратының қызметкерлері Қалидуллин Қуандық, Нұрмұханов Талап және Нысанбаев Болат «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-не бара жатып, Атырау қаласынан шығар кезде Атырау-Астрахань автожолында жол-көлік оқиғасына ұшырады. Жеке меншік автокөлік қарсы жолаққа шығып, біздің қызметкерлер отырған машинамен соқтығысады. Белбеулерін тағып, алдыңғы жақта отырған жүргізуші және Қуандық Қалидуллин тиісінше, жарақат алған жоқ. Ал артқы жақта отырған жолаушылар Нұрмұханов пен Нысанбаев белбеу тақпаған, нәтижесінде олар түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Ал жеке меншік автокөлікте болған 5 адам, соның ішінде бір бала қайтыс болып кетті. Содан бері 3 ай өтсе де, осы жол апатын тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ», – деді М.Сәлімгереев. 

Жол үстінде жылдамдық режимін бұзу мәселесі де айтылды. Негізінен бұл мәселе Өзенмұнайгазда өзекті болып тұрғаны байқалады. Жылдамдықты асыру бұзушылықтары көбіне технологиялық көлік басқармасы мен бұрғылау жұмыстары басқармасына тиесілі болып отыр. Қалыптасқан жағдайдың шешімін табу үшін сәуір айында Өзенмұнайгаздың барлық көлік басқармаларының басшыларымен ҚМГ БӨ бас директорының еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және келешекті даму жөніндегі орынбасары кездесу өткізіп, нақты тапсырмалар берген. Технологиялық көлік басқармасында жағдай біршама жақсарған, қолданған шаралардан кейін жылдамдық режимін бұзудың саны 18 есеге азайған, ал бұрғылау жұмыстары басқармасында жағдай өзгермеген. 

Қауіпсіздік мәдениетін арттыру – өзекті міндет!
Бұл бағытта басшылық пен қызметкерлерді қауіпсіздік және еңбекті қорғау процестеріне барынша қатыстыру мақсатында «Қауіпсіздік бойынша жұмысшының қауіпсіз іс-әрекетін бақылау» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама өндірістік жарақат алудың көрсеткіштерін жақсарту үшін маңызды құралдарының бірі, сондай-ақ басшылардың тиімді басқара білуіне, адамдардың ықтимал қатерлер мен оқиғаларды болжай және ескере алуына негізделген қауіпсіз іс-әрекет мәдениетін дамыту үшін маңызды қадам болып табылады.  

«Жұмыстар наурыз айында басталып кетті, содан бері біз оң нәтижелерге қол жеткізе алдық. Өзенмұнайгазда, Ембімұнайгазда, Қазгермұнайда, Қазақ газ өңдеу зауытында және Тұлпармұнайсервисте жақсы жұмыс жүргізілді, олар жоспарды біршама асыра орындады және бұл мақтауға тұрарлық. Бірақ кейбір еншілес ұйымдарымызда жоспарлы көрсеткіштердің орындалмауы байқалады – Қаражанбасмұнайда жоспардың көп бөлігі орындалған жоқ, KMG EP-Catering, Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы мен Су өндіру және тасымалдау басқармасында жоспарды орындау 70% төңірегінде болып тұр. Ең бастысы, біз формальді тәсілден аулақ болуымыз керек, бақылау жұмыстары лайықты түрде және бекітілген ережелерге сәйкес жүргізілуі тиіс. Қауіпсіз іс-әрекетті бақылауды жүргізу процесіне еншілес ұйымдардың бірінші басшыларынан бастап, барлық жауапты тұлғалар тартылуы қажет. Бірінші басшылар өздерінің қауіпсіз іс-әрекетімен қалғандарына үлгі көрсетуі тиіс. Қазір біз аталған бағдарламаның бастапқы кезеңінде тұрмыз, бірақ уақыт өте келе бұл қауіпсіздік құралы баршамыз үшін әдеттегі нормаға айналуы керек. 

Жазатайым оқиғалардың көбісі қауіпті іс-әрекеттің және қызметкерлердің қауіпсіздікті сақтамауы салдарынан болады. Орын алған әрбір оқиғаның алдын алуға болатынын бәріміз жақсы түсінеміз. Қауіпсіз іс-әрекет бағдарламасы қауіпсіздік процестерін бақылауға, басшылар мен қызметкерлердің іс-әрекеттеріне, олардың қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелеріне деген көзқарастарына жағымды ықпал етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты барлық деңгейдегі басшылар осы бағдарламаның іске асырылуын өз бақылауларына алсын. Бағдарламаны дұрыс пайдалану Компанияның барлық еншілес және тәуелді ұйымдарында қауіпсіз іс-әрекеттің мәдениетін арттыруда және еңбекті қорғау мен қауіпсіздіктің көрсеткіштерін жақсартуда үлкен қадам жасауға жәрдемдеседі», – деді М.Сәлімгереев.  

Жиында ӨМГ Өндірістік-құрылымдық бөлімшелер бойынша жазатайым оқиғалар туралы ақпарат айтылды. Құрылымдық бөлімшелердің барлығы дерлігінде жазатайым оқиғаларға жол берілген. Бес жыл ішінде 43 жазатайым оқиға болып, 52 қызметкер зардап шеккен. Жеті оқиға өліммен аяқталып, 8 адам қайтыс болған.  

Қоршаған ортаны қорғау – негізгі, маңызды бағыттардың бірі  
М.Сәлімгереевтің айтуынша, еншілес және тәуелді ұйымдардың нысандарында экологиялық хал-ахуалды жақсарту үшін соңғы жылдары жинақталатын және қайта болатын ластануларды жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген, нәтижесінде ластану көлемдері азайған. Ембімұнайгаз аумағында газды дайындау бойынша екі қондырғының іске қосылуына және газды кешенді дайындау қондырғысының жоспарлы іске қосылуына байланысты газды кәдеге жарату мәселесі оң шешімін табуда. Радиоактивті қалдықтарды активсіздендіру бойынша заманауи инновациялық технологиялар сәтті енгізілген, яғни Өзенмұнайгаз аумағында 2015 жылдан бері 11 мың тонна радиоактивті құбыр мен жабдық тазаланған. Дегенмен, еншілес және тәуелді ұйымдардың қызметі бақылаушы органдардың назарында, оларға тексеру жүргізіліп, нәтижелері бойынша айыппұл санкциялары салынып келе жатқандығы айтылды.      

«Айыппұл санкциялары белгілі бір бұзушылықтар үшін, атап айтқанда мұнайдың төгілуі және белгіленбеген жерлерде қалдықтарды орналастыру, сондай-ақ экологиялық рұқсатсыз ауаға ластанушы заттарды шығару үшін салынады. Мысалы, Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз және Қаражанбасмұнай аймақтарында мұнай сұйықтығының төгілуі жиі кездесетін бұзушылық болып табылады, ал Ембімұнайгаз аумағында «Жайықмұнайгаз» МГӨБ газын толық кәдеге жарату мақсатында іске қосылған газды дайындау қондырғысының барына қарамастан, газды алау етіп жағу нәтижесінде ауаға ластанған заттардың нормадан тыс шығарылуына жол беріледі. Бұның барлығы жауапты тұлғалар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан туындап отыр. 

Қаражанбасмұнайға қатысты тарихи ластануды, сондай-ақ батып кеткен теңіз амбарын жоюмен байланысты шешімін таппаған мәселелерге назар аударуларыңызды сұраймын. Жылдан жылға кәсіпорын оны қалпына келтіру бойынша жұмыстарды атқармай келеді. 

Ықтимал қауіп-қатерлерді болдырмас үшін, Қаражанбасмұнай басшылығы амбарды кезең-кезеңімен жою бойынша барынша күш салып, жұмыстануы керек», – деді М.Сәлімгереев. 

2014 жылдан бастап Өзенмұнайгаз аумағында құрамында гуматы бар композициялық материалдардың негізінде энергияны жинақтайтын қоспаны пайдалану арқылы мұнайлы қалдықтардың 214 мың тоннасы қайта өңделген. Бұл технология Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының ғылыми әзірлемесі болып отыр. Сондай-ақ, Өзенмұнайгаз аумағында BioBox қондырғысын орнату көмегімен қалдықтарды гидромеханикалық және биологиялық тазалау технологиялары бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар өткізіліп, оң нәтижелер алынған. Енді, екі технологияны біріктіру жолымен қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі жұмысты бастау қажеттілігі айтылды. ҚМГ БӨ экологиялық және еңбек қауіпсіздігінің үздік көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқаруда. Оң нәтижеге жету үшін қойылған талапты жауапкершілікпен атқару әрқайсымызға өзекті, сындарлы міндет! Амандық, денсаулық – адамның баға жетпес байлығы! Осыны есте сақтайық! 

Жиында ҚМГ БӨ еншілес компаниялары басшылары сала бойынша өз жұмыстарын баяндады. Алқалы жиынды ҚМГ БӨ бас директоры Қ.Есқазиев қорытындылап, нақты тапсырмалар жүктеді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх