«ӨзенМұнайСервис» – өсу жолында!

«ӨзенМұнайСервис» – өсу жолында!
11.10.2017
601
Өндіріс

«ӨзенМұнайСервис» – өсу жолында!

Осыдан 45 жыл бұрын Өзен және Қарамандыбас кен орындарындағы ұңғымаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталып, осы саладағы алғашқы мекеменің қабырғасы қаланған болатын. Кәсіпорын әртүрлі жылдарда бірқатар құрылымдық кезеңдерден өтті. Бүгінде «ӨзенМұнайСервис» ЖШС өндірістегі осынау маңызды жұмысты лайықты жалғастырып, ірі компанияға айналды. Уақыт ағымына қарай сала да дамиды, өсіп-өркендейді. 

Қыркүйектің 28-29 күндері «ӨзенМұнайСервис» ЖШС ұңғымаларға күрделі жөндеу жұмыстарына 45 жыл толу мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараның алғашқы күні өндірістік базада өтті. Сол күні соққан желдің суықтығы мен жылдамдығы да мерекелік көңіл-күйге әсер ете алмады. Ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, дастархан дәмге толды. Қазандар бұрқылдап, самаурын сарқылдап, ал, сахнада ән мен күй төгілді. Ұлттық спорт жарыстарын тамашалаған жұмысшылар әріптестеріне қызу қолдау көрсетіп, жарыс салмағын бірге көтерді. Мереке «ӨзенМұнайСервис» компаниясының ынтымағы ұйыған, бірлігі жарасқан, қызметі қажырлы, өндірісте орнын ойып алар мықты кәсіпорын, үлкен еңбек ұжымы екенін паш етіп тұрды. Қай жұмысшының сөзге тартсаң да бәрінің жүзінде қуаныш лебі, мерекелік көңіл күй болды! Алғашқы еңбек еткен азаматтар, ардагерлер, бүгінгі еңбеккерлер барлығы да осы қуаныштың ортасынан табылды.


Алдымен сөз сөйлеген «ӨзенМұнайСервис» ЖШС бас директоры Нұрсейіт Союнов мерейтоймен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ардагерлер мен еңбегімен еленген жұмыскерлерге лайықты марапат көрсетіліп, Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары табысталды. Шапан жабылып, гүл шоқтары ұсынылды. Өнер жұлдыздары Тамара Асар және Абай Бегей мұнайшыларға әннен шашу шашты. 


Өндірісте басталған мерейтойдың екінші күні Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет сарайында жалғасты. Мерекелік шара кәсіпорынның құрылуы мен даму жолынан хабар беретін деректі фильмді көрсетумен басталды. «ӨзенМұнайСервис» ЖШС бас директоры Нұрсейіт Союнов үлкен еңбек ұжымын, ардагерлерді мерейтоймен құттықтап, салтанатты шараны ашты. «Өздеріңізге белгілі, «ӨзенМұнайСервис» өткен жылы компания болып құрылды, десе де оның атқарып отырған жұмысының тарихы әріден басталады. Ұңғымаларға күрделі жөндеу ұқсас жұмыстарын атқарып отырған «Жөндеу» және «КРУЗ» екі кәсіпорын біріктіріліп, 2016 жылы «ӨзенМұнайСервис» жаңа компаниясы болып аталып, болашаққа қадам басты. Осылайша, 1972 жылы алғаш «Қабаттардың мұнай өнімділігін арттыру және скважиналарды күрделі жөндеу» басқармасы ретінде ашылған мекеме бірнеше құрылымдау кезеңдерінен өтті. Біз өндірістің кешегі тарихын және қажырлы еңбек еткен мұнайшы қауымның, ардагер аға буын еңбегін әрдайым құрметтейміз, кейінгіге үлгі етеміз. Қазіргі өтіп отырған шара – осының айғағы», – деді Н.Союнов.


Жиында «ӨзенМұнайСервис» ЖШС еңбек ұжымын және сала ардагерлерін Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары – «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов, сала ардагерлері, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Жаңаөзен қаласындағы «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС, «СӨТБ», «ҚазГӨЗ» ЖШС, «KMG EP-Catering» ЖШС еншілес кәсіпорындарының басшылары мұнайшы қауымды мерейтоймен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. 


«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнай сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директор Айнұр Шәненова екі күндік шарада мұнайшылар ортасында болып, қуаныштарын бөлісті. «ӨзенМұнайСервис» компаниясының болашақ бағдарына тоқталып, келешегіне деген ізгі тілегін білдірді. «Ұңғымаларды күрделі жөндеу саласында ұқсас қызметтер жүргізетін еншілес кәсіпорындардың біріктірілуі қосымша жұмыс көлемін алуға және компанияның нарықтағы ұстанымын нығайтуға септік етеді. Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы алдағы уақытта «ӨзенМұнайСервис» компаниясының еңбек тиімділігін арттыруға және шығынсыз деңгейге шығуына бағытталған. Компанияның қызметін бұдан әрі жетілдіру жөніндегі іс-шараларды анықтау мақсатында Даму концепциясы әзірленіп, оның аясында 2017 жылдың ішінде күрделі салымдардың көлемін ұлғайту қарастырылды. «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-нің болашағына болжау жасасақ, бірнеше жылдан кейін компания құрал-жабдықтары қайта жарақтандырылып, мамандары біліктіліктерін жетілдіру арқасында жаңа технологияларды меңгерген, өндіріс мәдениетін жақсарта отырып, қауіпсіз әрі тиімді еңбек етудің нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізетініне күмәніміз жоқ. «ӨзенМұнайСервис» компаниясы ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарының басында тұрып, аянбай тер төгіп қызмет еткен аға буынның қажырлы еңбегін кейінгі жастарға әрдайым үлгі етеді. Қазіргі өндіріс кешегі ардагер мұнайшылардың ерен еңбегімен қаланды. Бүгінгі өтіп отырған мерейтой осы азаматтарға деген лайықты құрметтің белгісі», – деді А.Шәненова. 

«ӨзенМұнайСервис» ЖШС қызметкерлері де оқыту, кәсіби шеберлікті нығайту шараларына өз ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да бұл жұмыстардың жалғасын табатынына сенім білдіріп отыр. 
Салтанатты жиында сала ардагерлері сахна төріне шығып, өз естеліктерімен бөлісіп, осындай мәнді мерейтойды ұйымдастырушыларға деген алғыстарын айтты. Бұл күні құшағы гүлге, кеудесі медаль мен алғыс-құрметке бөленген жан аз болған жоқ. Еңбек адамына ерекше құрмет қашанда мерейді өсіреді. 


Сала ардагерлері және еңбеккерлер «Еңбек ері» медалімен, ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, «Мұнай газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және Жаңаөзен қаласы әкімінің Алғыс хатымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісімен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, «Өзенмұнайгаз» АҚ Алғыс хатымен, «KAZENERGY» Қауымдастығының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Скважиналарды күрделі жөндеу – 45 жыл» естелік белгісімен марапатталды. Жиын соңында «ӨзенМұнайСервис» ЖШС жас мамандар кеңесінің мүшелері әннен шашу шашты. Аға буын ізін басқан жастардың салаға, өз компаниясына деген мақтанышы, еңбекке деген құрметі ерекше сезіліп тұрды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх