Өз кәсібінің шебері. «Үздік маман-2017»

Өз кәсібінің шебері. «Үздік маман-2017»
11.10.2017
550
Қызметкерлер

Өз кәсібінің шебері. «Үздік маман-2017»

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ұйымдастыруымен Қаражанбас кенорнында мұнай-газ өндіру компанияларының жұмысшы мамандықтарының арасында «Үздік маман-2017» кәсіби-шеберлік байқауы өткен болатын.

Осы байқауда «Өзенмұнайгаз» АҚ, Мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету басқармасының 5-дәрежелі зертханашысы Гүлжан Ізбасова әріптестерінен оқ бойы озып, І орынды иеленді. Мамандардың біліктілігі мен білімін шыңдау мақсатында жыл сайын өткізіліп тұратын байқауға алғаш рет қатысып, жүлдегер атанған Гүлжан Ізбасованың қуанышында шек жоқ. «Мен зертханашы болып 15 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Аталмыш байқаудан жүлделі орын алып жүрген әріптестеріме қызыға қарайтын едім. Осы жолы өзім қатысып, өзімнің кәсібімді қаншалықты жақсы меңгергенімді байқағым келді. Бір жағынан жолдасым Мейрамбек Ізбасовтың сөзі де түрткі болды. Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Байқауға қатысып, жүлдегер атанғаныма өте қуаныштымын. «Өзенмұнайгаз» АҚ абыройын асқақтатып, мәртебесін өсіргеніме бойымды мақтаныш сезімі биледі. Шарада көптеген әріптестермен танысып, пікір алмастық.  Байқауда қай жағынан да өстік. Сый-құрметке адам еңбегі арқылы ғана қол жеткізетінін түсіндім», – дейді ол.
Гүлжан өзінің жақсы маман болып қалыптасуына зор үлес қосқан тәлімгерлері, тәжірибелі мамандар Арыстанғали Індібаев пен Сәтбибі Қарабашеваға алғыс білдіруді де ұмытпады. «Әр адам өзінің қабілет-қарымына қарай өмірден өз орнын табуы тиіс», – деп есептейді үздік маман.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх