Атырау филиалына – 10 жыл! «KMG EP-Catering» ЖШС

Атырау филиалына – 10 жыл! «KMG EP-Catering» ЖШС
11.10.2017
618
Қызметкерлер

Атырау филиалына – 10 жыл! «KMG EP-Catering» ЖШС

Мұнайшыларды сапалы тағаммен тамақтандыру бағытында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты 4 мұнайгаз өндіру басқармаларының кен алаңдарында 31 асхана бар. «KMG EP-Catеring» ЖШС Атырау филиалының негізгі қызметі – «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарында орналасқан асханаларында мұнайшыларды тамақтандыру. 2007 жылы филиал «Жайықмұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларына қарасты асханаларда мұнайшыларды тамақтандыруды бастады. Қазіргі таңда тамақтандыруды ұйымдастыру 31 асханада жүзеге асырылады. Мекеменің негізгі жұмысшылары – кен орнындағы асханаларда қызмет көрсететін аспазшылар, наубайшылар, ас үй жұмысшылары.

Биыл серіктестіктің Атырау филиалының құрылғанына 10 толып отыр. Соған орай «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде мерейтойлық шара болып өтті. Ол шара көрмеден басталып, оған серіктестік аспазшылары дайындаған Қазақ, Италия, Француз, Үнді, Жапон, Грузин, Украин және Өзбек халқының ұлттық тағам түрлері қойылды. Аталған шет елдердің тағамдары арасында жетондар арқылы дауыс беріліп, өзара сайыс белгіленді. Қорытындысында көрмеге қатысушылардың дауысымен 1-ші орынды Грузия мен Франция өзара бөліссе, 2-ші орынды Өзбекстан, ал 3-ші орынды Үнді халқының тағамдары иеленді. Атап өтерлігі, көрме қатысушыларының айтуынша, қай елдің тағамы да аспаздар тарапынан өте дәмді әрі ұлттық ерекшелігі сақталып дайындалған. 
Шараның ресми бөлімінде «KMG EP-Catering» ЖШС бас директоры Б.Қиялбаев филиал қызметкерлерін мекеменің 10 жылдығымен құттықтап, мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтудағы еңбегі үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар бұрынғы бас директор Б.Ермеков пен филиал басшысы Қ.Калидуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Ғабдуллин, Н.Тәжмағамбетова да сөз алып, бірлесе басталған жұмыстың нәтижелі болғанын айтып өтті. Серіктестіктің Атырау филиалы директоры Эдуард Хисметуллиннің айтуынша, бүгінгі күні мекемеде 335 адам еңбек етеді. Олардың дені, әрине, 31 асханада ауысыммен жұмыс жасайтын аспазшылар, ас үй қызметкерлері, технологтар. Олар күніне 2500 мұнайшыны үш мезгіл ыстық тамақпен тамақтандырады және оған қоса мердігер 55 компанияның жұмысшылары мен қызметкерлері де кен орнында осы асханалардан тамақтанады. Бұл ауқымды да аса жауапты жұмысты филиал өкілдері абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар ЕМГ бас кеңсесіндегі тазалық, шаруашылық жұмыстарын да филиал жұмысшылары атқарады. Филиал басшылығы аспазшылардың біліктілігін арттыру үшін курстар, үнемі тәжірибе алмасу семинар-тренингтерді өткізіп тұрады. Асханалардағы күнделікті ас мәзірін технология бөлімі мамандары қадағалап, талапқа сай жасақтап отырады. Қазір кен орнындағы инфрақұрылым біраз жақсарған. Бір кездері боранды күндері тікұшақпен, ал су басқан кездері қайықпен қатынап, мұнайшыларға тамақ тасыған кездер де болыпты. Бүгінде асханалардағы жағдай жақсарып, тамақты жеткізу, сақтау және уақытылы пайдалану дұрыс жолға қойылған. «Шыны керек, біздің де тәжірибеміз жылдан жылға толығып, мұнайшыларды құнарлы аспен тамақтандыру деңгейі әлдеқайда жоғарылады», – дейді Эдуард Ғаббасұлы. 


Салтанатты жиын барысында филиал қызметкерлері концерт қойып, бірі ән айтып, күй шертсе, бірі би биледі, жеке аспапта және оркестрмен халық сазгерлері шығармаларын орындады. Олар тек аспазшылық не шаруашылық қызмет қана емес, әуелетіп ән салып, күмбірлете күй шертетін, мың бұрала билеп, жанынан өлең де шығаратын нағыз өнер иелері екенін де көрсетті. 10 жылдық мерейтойға орай көптеген аспазшылар (О.Бекенова, С.Мукишева, Г.Кебисова, А.Джанетов, Р.Идирисова, А.Сағиденова, т.б.), технологтар (М.Есмаганбетова, А.Бимаганбетова т.б.), басқа да көптеген мамандар Алғыс хатпен марапатталды. «Үздік ұлттық костюм» номинациясын Жапония халқының ұлттық костюмын киген А.Изтаева жеңіп алса, «Үздік асхана» – «Кайнар» кен орнындағы асхана деп танылды. «KMG EP-Catering» ЖШС Атырау филиалының 10 жылдығына арналған филиал қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Үздік өлең» сайысында «Жылыоймұнайгаз» асханасының қызметкері Жұмасұлу Ақболатованың шығарған өлеңі мәні мен мағынасының жоғарылығына сәйкес үздік деп танылды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх