Алдыңғы буын ағалар, ардагерлер әрдайым ізгі тілекші! «ӨзенМұнайСервис» ЖШС

Алдыңғы буын ағалар, ардагерлер әрдайым ізгі тілекші! «ӨзенМұнайСервис» ЖШС
11.10.2017
446
Әлеумет

Алдыңғы буын ағалар, ардагерлер әрдайым ізгі тілекші! «ӨзенМұнайСервис» ЖШС

Майлыбай Өтебаев, зейнеткер:

– Осы ұңғымаларды күрделі жөндеу басқармасында 17 жыл жұмыс жасадым. Күрделі жөндеу жұмыстары мұнай өндірудің бірден бір жақсы саласы. Өзен кен орнына үлкен үлес қосқан қара шаңырақ деп есептейміз. «ӨМС» ЖШС-не жақсы табыстар тілейміз. Осындай үлкен мерекені ұйымдастырған мекеме басшыларына, ҚМГ БӨ басшыларына көп рахметімізді айтамыз. Жұмыстары жемісті болсын.

Сапарбек Тоқтасынов, ардагер:

– Мен Өзен басында 31 жылдай жұмыс жасадым. Ол кезеңдерде жұмыс істеу қиын болды. Талай қиын жұмыстарды атқардым. Жоспарды орындағанымыздың арқасында «Тоқтасынов бригадасы жеткен меже» талай 1 мамыр, 9 мамыр мейрамдарында оқушылардың ұраны болдық. 1970 жылдары облыстық депутат болдым. Қазір жұмысшыларға бәрі бар. Бәрі жақсы. Еңбекке қолайлы жағдай жасалған. Біз сияқты қиналмайды. Жылдам жұмыс жасалады. Мекеме алдағы уақытта да өсіп-өркендей берсін. Бәріне аманшылық тілеймін. 

Жұбан Бердыманов, ардагер:

– Маңғыстауда 1961 жылы бұрғышы болып еңбек жолымды бастадым. 1970 жылы ҰКЖ мекемесіне бұрғышы болып ауыстым. Ол уақытта жер шаң, асфальт жоқ. Бір машина өтіп кетсе, ала шаң көз көрсетпейді, тұман боп тұрады. Сондай кезеңде жұмыс жасадық. Ауыр болды. Көтергіш трактордың үстінде болды. Оның скважина құбырларын көтеруге күші жетпейді. Кейін А50 деген техника келді. Соған машинист керек болды. Содан бізді 4-5 жігітті оқуға жіберді. 1996 жылға дейін ҰКЖ-да жұмыс жасап, зейнетке шықтым. Қазір бұрын бұрғышылар тұрған Қызылсай ауылында тұрамын. Жасым 79-да. Мерейтойымыз құтты болсын.

Қонақбай Балабаев, ардагер:

– «Жөндеу» мекемесінде слесарь болып жасадым. Зейнетке дейін жұмысшы санатында еңбек еттім. Өндірістен келетін қозғалтқыштарды жөндедім. Тазалау, қайта оңдау керек. Бұл қозғалтқыштардың көмегімен құбырды көтереді. Ол кезде цех тарлау болды. Бір жағында токарьдың станогы бар. Біз солар маңында қозғалтқыштарды жөндейміз. Қазір жұмысшылардың жөндеу жүргізетін орындарын үлкейткен, жағдайлары жақсы.

Рахат Есенжанов:

– Қазір «Өзенмұнайгаз» АҚ-да ҰКЖ-да жұмыс істеп жатырмын. 1997 жылы КРУЗ ашылды. Сонда алғашқылар қатарында жұмыс жасадық. 1999 жылға дейін сонда жұмыс жасадық. 1999-дан 2000 жылдың мамырына дейін «Жөндеу» ЖШС-де еңбек еттім. Мерейтой құтты болсын. Қуанышқа ортақтасып келіп отырмыз.

Сабит Қарабалаев:

– Бүгінгі күні «Бұрғылау» ЖШС-де қондырғы бастығы болып істеймін. Бұрын осы мерейтой өтіп отырған мекемеде бұрғышының көмекшісі болып істедім. Ол уақытта жұмыс ауыр болды. Жағдай болған жоқ. Ол кездерде техникалар аз болды. Барлығын қолмен жасадық. Қазіргі уақытта бәрі жақсы. «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-не жас мамандар келіп жатыр. Жаңа техникалармен жабдықталуда. Мамандар үйреніп жатыр. Жұмыс барысында қарым-қатынас жасап отырамыз.

Мақсат Мыңбаев:

– Қазіргі уақытта «Бұрғылау» ЖШС-де істеймін. Мерейтойы өтіп отырған мекеме тарихында біздің де еңбек жолымыз өтті. Басында жаңадан ашылғанда көп жұмыс қолмен атқарылды. Құбырларды қолмен жүктейтінбіз. Тасып салдық, түсіргенде де солай болды. Қазір бәрін техника көтереді. Вагон бәрі темірден болды. Ішінде буржуйка тұратын. Қазіргідей жағдай жоқ. Шамалы болды. Қазір шүкір жақсы ғой. Қуаныштымыз. Осындай мерекелер көбейе берсін. Бұрын еңбек еткен бізді ескеріп шақырғандарына рахмет.

«ӨзенМұнайСервис» ЖШС Өзен және Қарамандыбас кен орындарына ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарының 45 жылдығын кең көлемде осылайша, лайықты атап өтті. Аға буын ардагерлерге құрмет көрсетілді. Өндірісте абыройлы еңбек етіп, саланың дамуына өз үлестерін қосып жүрген қызметкерлер марапатталды. Салтанатты шаралар, ұлттық ойын-сайыстар ынтымағы жарасқан ұжымның бірлігін паш етті.

Мұнай саласының дамуына өздерінің еңбектері арқылы ауқымды үлес қосып жүрген ұңғымаларды күрделі жөндеу мамандарына еңбекте толағай табыстар мен бірлігі жарасқан, берекелі мекеме болып, тойларыңыз тойға ұлассын деген тілек білдіреміз.  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх