Өндіру жоспарын орындау негізгі міндет! Тоғыз айдың жоспары толық орындалды ма?

Өндіру жоспарын орындау негізгі міндет! Тоғыз айдың жоспары толық орындалды ма?
26.10.2017
605
Өндіріс

Өндіру жоспарын орындау негізгі міндет! Тоғыз айдың жоспары толық орындалды ма?

Қазанның 17-і күні Астанада «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-­да осы жылдың 9 айындағы қаржылық-шаруашылық қыз­меттің қорытындысына және күз-қыс кезең­деріне дайындық бойынша іс-шаралардың орындалуына арналған есептік жиналыс өтті. Жиынға ҚМГ БӨ өнді­руші және мұнайсервистік еншілес және қарасты компа­нияларының, сондай-ақ мұнайгаз өндіру басқармалары мен кәсіп­шіліктерінің басшылары қатысты. Тоқсан са­йын өтетін жиынға бұл жолы серіктес компаниялардың басшылары, атап айтқанда, «Қазгермұнай»БК» ЖШС бас дирек­торы Жэнь Лисинь және «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті Ли Тецян қатысты. Жиналысқа «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев төрағалық етті.

 

Жиналысты ашқан бас директор Қ. Есқазиев өткен есепті кезеңде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобы бойынша топтастырылған мұнай өндіру бойынша негізгі көрсеткіштерге қысқаша тоқталып өтті. Жоспар бойынша тоғыз айда 9 075 534 тонна өндірілуі тиіс болды, алайда, іс жүзінде өндіру 8 890 408 тоннаны құраған. Жоспар 185 126 тоннаға кем шығып отыр. Оның 183 мың тоннасы «Өзенмұнайгаз» АҚ, 2 мың тоннасы «Ембімұнайгаз» АҚ, 11 мың тонна «ПетроҚазақстан» компаниялар тобына тиесілі. 
Бас директор осы жылдың шілде айында И.М. Губкин атындағы Ресейдің мем­ле­кеттік университетінің, Eni, Shell ірі трансұлттық компанияларының, Уфа ғылыми техникалық орталығы мамандарының қатысуымен «Өзенмұнайгаз» АҚ бойынша Өзен, Қарамандыбас кен орындарын дамыту тұжырымдамасы дайындалғанын айтты. Бұл істе «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ, «Өзенмұнайгаз»АҚ және «ҚазМұнайГаз» Өндіру және Бұрғылау технологияларының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бірлесіп үлкен жұмыс атқарған. Дамыту тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының қатысуымен өткен жиында қабылданған. Тұжырымдамада қаралған көптеген іс-шаралар басымдылығына, тиімділігіне қарай бөлініп, өндірістік бағдарламаларға, бюджетке және бизнес жоспарға енгізілген.
Қ. Есқазиевтің айтуынша, Дамыту тұжы­рымдамасы ҚМГ БӨ-нің негізгі 14 кен орны бойынша іске асырылатын болады. «Біз 58 кен орнын игерудеміз, оның ішінде 14 кен орнында негізгі қорлар мен өндіруді қамтиды, сонымен бірге олардың өсу әлеуеті бар. Сондықтанда осы 14 кеніште Дамыту тұжырымдамасын негіздеу және енгізу бойынша жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді Қ. Есқазиев. 
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның Қотыртас, Молдабек, Жаңаталап, Оңтүстік Батыс Қамысты, Забурн кеніштерін қоса алғанда, Прорва кен орындары тобын, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның Қаражанбас кен орнын, «Қазгермұнай»БК»ЖШС-нің Ақсай, Ақшабұлақ, Нұралы кеніштерін дамыту тұжырымдамасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. 

 


«Бұл жұмыстар бізге болжамды мұнай өндіруді және күрделі шығындардың көлемін топтастыруға, көруге мүмкіндік береді. Жуырда Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен ауқымды республикалық кеңесте «Ембімұнайгаз» АҚ Уаз кен орнында интеллектуалды кен орын тұжырымдамасын енгізу бойынша жұмыстарымыз мемлекет басшысы, сондай-ақ премьер-министр тарапынан жоғары баға алғанын атап айтқым келеді. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының инвестициялық комитетінің шешіміне сәйкес цифрлық кен орын тұжырымдамасын енгізу бойынша жұмыстарды Өзен, Қарамандыбас, Ембімұнайгаз және Қазгермұнайдың бірқатар кен орындарында жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ, өткен кезеңде атқарылған ауқымды істің бірі Прорва кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы құрылысының салынуы болды», – деді ҚМГ БӨ бас директоры. 
Өзен кен орнында күз-қыс мезгілдерінде үнемі электр қуатының өшу үлкен проблемасы бары екені белгілі. Бұл мәселені шешу жолдары да қарастырылуда. Осы орайда «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ Инвестициялық комитетінде газтурбиналы электрстанциясының техникалық экономикалық негіздемесін дайындауға рұқсат алынғаны айтылды. Қазіргі уақытта рұқсат хаттама келісілуде. Техникалық экономикалық негіздеме дайындалған соң инвестициялық комитет қарауына ұсынылатын болады. Рұқсат алынған жағдайда Өзен кен орнында 50 мегаваттан екі газ турбиналы электр станциясы құрылысын салу көзделіп отыр. «Бірден екі 50 мегаваттан емес, алғашқыда 20 мегаваттан, сосын қосымша 20 мегаваттан және 10 мегаваттан саламыз. Бұдан басқа біз «Ембімұнайгаз» АҚ кен орнында газ-поршенді электр станциясы құрылысының қаржылық үлгісін анықтадық. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Инвестициялық комитетінен рұқсат алынды, біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Газ турбиналы және газ-поршенді электростанцияларын өз қаражатамыз есебінен салатын боламыз», – деді Қ. Есқазиев. 

 


ҚМГ БӨ басшысы компаниялар тобында іске асыру көзделген басқа да ірі жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ топтастырылған көрсеткіштерінің орындалуы туралы ҚМГ БӨ бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Дастан Абдулгафаров баяндады.
Өндіру бойынша бекітілген жоспардың орындалмауы негізінен «Өзенмұнайгаз» АҚ-да ұңғымалар ауыспалы қоры жоспарының орындалмауынан, оның ішінде ұңғымалардың тұрып қалуымен, өндіру сұйықтығы көлемінің азаюымен және суланудың өсуімен байланысты болған. «Ембімұнайгаз» АҚ-да өндіру бойынша ағымдағы жоспардың орындалмауы ұңғымаларды бұрғылау бойынша және бұрғылау ертінділерін дайындау, бақылау қызметтерін кеш сатып алумен байланысты болған. 
«Қазгермұнай»БК» ЖШС және «Қаражанбасмұнай»АҚ есепті кезеңде мұнай өндіру жоспарын асыра орындағаны байқалған. 
Еңбек, техникалық қауіпсіздікке келсек, биылғы жылдың 9 айында ҚМГ БӨ өндірістік нысандарында 19 жазатайым оқиға тіркелген. Оның ішінде 6 оқиға ӨМГ, 2 оқиғадан ЕМГ және ҚБМ, 8 оқиға сервистік еншілес ұйымдарда және 1 оқиға ҚГМ нысандарында болған. Бұл ретте 2 оқиға адам өлімімен аяқталған. Бұл қайғылы жағдайдың бірі ӨМГ және біреуі ЕМГ нысандарында болған. 
ҚМГ БӨ бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Д.Абдулгафаров күрделі салымдар бюджеті қаржысының игерілмей отырғанын да айрықша атады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша күрделі салымдар бойынша жоспар 34,2 млрд. теңгеге орындалмаған. Қаржының игерілмеуі негізінен шоғырландырылған топтар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары, негізгі құралдарды сатып алу, эксплуатациялық бұрғылау, іздеу-барлау бұрғылау баптары бойынша болып отыр. 
Мұнай өндіру жоспарының орындалмағанына қарамастан, жалпы алғанда өткен есептік кезеңде ҚМГ БӨ қызметінің қаржылық көрсеткіштерінің айтарлықтай орындалу деңгейі бар екені аталды. 
Жиында ҚМГ БӨ еншілес және серіктес компанияларының басшылары баяндама жасады. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры 
Бекзат Абайылданов өзі жектешілік етіп отырған компанияның есепті кезеңдегі қаржылық-шаруашылық қызметі және осы жылдың соңына дейін күтілетін нәтижелер туралы сөз етті. Осы жылдың тоғыз айында «Өзенмұнайгаз» АҚ жоспар бойынша 4 276 000 тонна өндіру тиіс болса, іс жүзінде бұл көрсеткіш 4 092 445 тоннаны құраған. Жоспар 183 555 тоннаға кем шыққан. Мұнайдың күтілген көлемін өндіруге қол жеткізу жолында компания көптеген іс-шараларды жоспарлап, жүргізген. 
Ауыспалы қор бойынша мұнай өндіру жоспарының орындалмауының негізгі себептері ұңғымаларға жөндеу жүргізумен байланысты болған. Өндіріске қажетті кейбір құралдарды сатып алу тендерлерінің жыл басында болмағаны кейін жеткізілімдердің кешігуіне әсерін тигізген. Сондай-ақ сулану деңгейінің өсуі де себептердің бірі болып отыр. Суланудың өсуінен жалпы жоғалту шамамен 92 мың тоннаны құраған. ҚМГ БӨ бас директоры Қ. Есқазиев коррозияны баяулату мәселелерін және басқа да іс-шараларды шешуге көмек көрсетілетінін айта келе, жыл қорытындысы бойынша ӨМГ 5 млн. 570 мың тоннаны орындауды қамтамасыз ету тиістілігін жүктеді. 
Технологиялық тәртіпті қалыптастыру бойынша жұмыстар атала келе, еңбек тәртібінің сақталу тиістілігі жіті назарға берілді. 
Жиында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков өзі жетекшілік етіп отырған компанияның есепті кезеңдегі қаржылық-шаруашылық қызметі және жыл соңына күтіліп отырған нәтижелер туралы баяндады. Компания есепті кезеңде 2 116 877 тонна мұнай өндірген. Көзделген жоспардан 2 374 тоннаға кем шыққан. Жоспардың орындалмауы негізінен ұңғыларды бұрғылауға қосуда, жөндеу бойынша қалыс қалудан болған. Суланудың ұлғаюы да себептің бірі ретінде аталды. 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы да өткен есептік кезеңде атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Жиында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Мұнай сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Шәненова ҚМГ БӨ мұнайсервистік активтері бойынша баяндады. 9 айдың қорытындысына келсек, «ҚазГӨЗ»ЖШС кіріс бойынша жоспарды 126 %-ға орындаған, бұл сұйытылған мұнайлы газды өткізуді осы жылдың 1 шілдесінен тоннасы үшін бағаны 28 000-нан 34 319 теңгеге арттыру, құрғақ газды сатуды 27 млн. м3-ға ұлғайту есебінен қол жеткен. 
«ӨзенМұнайСервис»ЖШС кіріс бойынша жоспарының орындалуы 102 % құраған, бұл 8 ұңғымаға ҰКЖ көлемінің асыра орындалуы есебінен жүзеге асқан. 
«KMG EP-Catering» ЖШС жоспарды 96,5 %-ға орындаған. Себеп, тапсырыс берушілер тағам мөлшерін көтеріңкі етіп жоспарлайды, іс жүзінде тамақтану аз. Қорытындысында «KMG EP-Catering» кірісті кем алған. 
«СӨТБ» ЖШС бойынша теңіз суын тасымалдаудан кіріс 93 %-ға орындалған, жоспардың өз деңгейінде орындалмауы «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан теңіз суын қабылдау көлемінің төмендеуімен байланысты болған. Жаңаөзен қаласында сұраныстың ұлғаюына байланысты ауыз су өндіру бойынша жоспар 106 %-ға орындалған. 
«ТТБжҰҚК» ЖШС кіріс бойынша жоспарды 92 %-ға орындаған, бұл Қаражанбас кенішінде ҰЖЖ көлемінің орындалмауынан, сондай-ақ ҚБМ бойынша алаңдар салу, транспортты жалға алу көлемінің төмендеуімен байланысты болған. «Бұл ретте қосымша жұмыс көлемін алумен байланысты кіріс, Дунга кен орнына қызмет көрсету бойынша 3 %-ға және Қаражанбас кен орнында ұңғымаларды бұрғылау 14 %-ға ұлғайғанын атап айтқым келеді», – дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Мұнай сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Шәненова. 
«КҚС» ЖШС 9 айдың жоспарын 76 %-ға орындаған. Жылдық жоспардан орындалуы 46 %, оның ішінде ӨМГ АҚ бойынша – 48 %, ЕМГ АҚ бойынша – 22 %.
Жоспардың орындалмауында негізгі фактор ретінде тапсырыс берушілермен келісімшарттардың кеш жасалуы, ағымдағы нарықтық бағалармен салыстырғанда, ЖСҚ-ға салынған негізгі құралдар ТМҚ-ға бағаның төмен болуы аталды. Бұл бюджетті бірнеше рет түзетуге және материалдарды сатып алу бойынша тендерлік рәсімдерді қайталап өткізуге алып келеді. Мұнай сервистік еншілес және қарасты мекемелер бойынша кіріс бөліктің жалпы орындалуы 99 %-ды құраған. А. Шәненова жалпы алғанда, мұнай сервистік еншілес және қарасты мекемелер бойынша оң үрдіс барын атады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда шығындар 2,7 млрд. теңгеге, ал жоспарлық көрсеткішпен салыстырғанда 4,5 млрд.теңгеге азайған. 
Мұнай сервистік еншілес және қарасты мекемелердегі қаржылық қиын жағдайға қарамастан еңбек өнімділігін, өндірістік мәдениетті арттыру және қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету және негізгі құралдардың сапасын нығайту мақсатында осы жылы көтергіш агрегаттар паркін және құралдарды жаңарту, күрделі жөндеу бригадасы үшін өндірістік қызмет көрсету базасын салу, КҚС үшін автоматты электр дәнекерлеу құралдары және құрылыс техникаларын сатып алу, СӨТБ бойынша магистральды су таратқышты күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда екені айтылды. Есепті кезеңде мұнай сервистік еншілес және қарасты мекемелердің дәнекерлеушілері халықаралық стандарттар бойынша оқу курсынан өтті. Ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадалары шеберлерінің біліктілігін арттыру үшін модульдық оқу өткізілген. Заманауи технологияларды игеру және біліктілік шеберліктерін көтеру мақсатында аспазшыларға арналған оқу курсы өтуде. 
Осы жылдың тоғыз айының есебіне арналған жиын қорытындысы бойынша ҚМГ БӨ еншілес және қарасты компанияларға жыл соңына дейін атқарылатын міндеттер пысықталып, орындалуы жүктелді. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх