Майталман мұнайшы Нәсіпқали Марабаевтың туғанына 80 жыл

Майталман мұнайшы Нәсіпқали Марабаевтың туғанына 80 жыл
26.10.2017
507
Әлеумет

Майталман мұнайшы Нәсіпқали Марабаевтың туғанына 80 жыл

 

 

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер-мұнайшы, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаев көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. Қазақ мұнайының қара шаңырағы Атырауда дүниеге келіп, Мәскеуде мұнайшы мамандығын алған ардақты азамат елі үшін ерен еңбек етіп, мұнай-газ саласының дамуы жолында маңдай тер төгіп, аянбай қызмет етті. Оның өнегелі өмір жолы, еліне, өз мамандығына деген айрықша сүйіспеншілігі жас мұнайшылар үшін үлкен өнеге. Бұл орайда майталман мұнайшының 80 жылдығына орай Жаңаөзен қаласында ауқымды іс-шаралар өтті. Жаңаөзен қаласы әкімдігінің басшылығы, мұнайшылар, қала тұрғындары қоғам және мемлекет қайраткері Н. Марабаевтың зайыбын, ұрпағы мен әріптестерін қошеметпен қарсы алды. Маңғыстаудың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан арысты еске алу шарасы Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғышылар» аллеясына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ардагер бұрғышының рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Ардагер мұнайшылар бір кездері бірге еңбек еткен Нәсіпқали Әбуғалиұлы туралы жылы естеліктерімен бөлісті. 

 


Н. Марабаев абыройлы еңбегімен мұнай саласындағы көптеген жауапты буындарда еңбек етті. Өмірінің соңына дейін халқына, өзі еңбек еткен салаға қызмет етті. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, барлық күш-жігерін, қажыр – қайраты мен білімін еліміздің мұнай өндірісін дамытуға жұмсаған ірі тұлға туралы айрықша айтылды. Өзен алып кенішін игеруде ардақты азаматтың өшпес қолтаңбасы қалды. Ол ұлттық кадрлардың қалыптасуына, олардың жоғары білім алып, саланың белді буындарында шыңдалуына мол еңбек сіңірді. Оның ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеттері мұнай-газ жүйесінің дамуына серпін берді. Ол өзінің биік адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен де адамдар жанында мәңгіге сақталды. 
Ардақты азаматтың есімі берілген Ақтау қаласындағы № 7 мектеп-лицей оқушылары үздік білімдерімен топ жарып, арнайы шәкіртақыны иеленіп жүр. Еңбек жолын қарапайым бұрғышы болып бастап, үлкен өндіріс мектебінен өткен азаматтың алып бейнесі жылдар өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз. 
Нәсіпқали Әбуғалиұлы елмен бірге тыныс­тап, еңбек етіп жүрген кезде тұрған Жаңаөзен қаласындағы «Самал» шағынауданындағы № 36-шы үйге мемориалды тақта орнатылып, салтанатты жағдайда ашылды. 

 


Салтанатты шара «Мұнайшы» мәдениет сарайында өткізілген ғылыми-конференциямен жалғасты. Мерекелік жиын Өзен кенорнының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Нәсіпқали Марабаевтың еңбек жолын баяндайтын бейнефильмнен басталды. Марқұмның үзеңгілес әріптесі, досы Орал Ақшолақов Нәсіпқали Марабаевтың ерлікпен пара-пар еңбек жолына шолу жасады. «Халық аман тұрғанда Нәкеңдей ұлтжанды азаматтың елі мен жері үшін сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес» – деді ол. Салтанатты шараға қатысқан «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаров өз сөзінде «Бүгінгі күніміз үшін біз Нәкең сияқты еңбек ардагерлеріне қарыздармыз. Компанияның өсіп-өркендеуі аға буын өкілдерінің төгілген маңдай терінің жемісі. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегін халықтың игілігіне арнаған Нәсіпқали Марабаевтың есімін атап, атқарған істерін жас ұрпаққа үлгі ету – біздің міндетіміз, азаматтық парызымыз» – деді. Жерлестерінің құрметіне риза болған Нәсіпқали Әбуғалиұлының зайыбы Ләйла Оқанқызы «Сіздердің қошеметтеріңіз бен риясыз құрметтеріңізге шексіз алғысымды білдіремін. Отағасым тіріліп келгендей толқып тұрмын»-деп көзіне жас алып, ел азаматтарына ризашылығын білдірді.Қадірлі қонақтарға «Атамекен» мейрамханасында майталман мұнайшы рухына арналған ас берілді. «Ер еңбегімен сыйлы» деген, ардақты азаматтың еліне сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Өзі болмаса да оның атқарған еңбегі, ізі мен игі істері халық жадында.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх