Ғасырлық дәстүрлерді сақтап, тұрақты даму!

Ғасырлық дәстүрлерді сақтап, тұрақты даму!
26.10.2017
430
Өндіріс

Ғасырлық дәстүрлерді сақтап, тұрақты даму!

Осы жылдың қыркүйек айында қазақ мұнайының «қара шаңырағы» – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтті. Компанияның бүгінгі тынысы мен алдағы уақытта алға қойған жоспары қандай? Біздің сұхбатымыз ұжымның жаңа басшысы, Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы ЖАҚСЫБЕКОВПЕН осы төңіректе өрбіді.

 
– Әнуар Еркінұлы, мұнай бағасы құлдыраған бүгінгі нарықта Компанияның жағдайы қалай? Өзгеріске бейімделу қалай жүруде? 
– Біз өнімнің өзіндік құны мен күрделі шығындарды азайту жолында жұмыстанудамыз. Бұл орайда өнім өндіруде жаңа технологияларды қолданып, өндіріс қызметін оңтайландыруды жіті назарда ұстап отырмыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Компания мұнай бағасы құлдыраған нарыққа төтеп бере алды. Жер қойнауын игерушілердің ұсынысына қолдау білдірген Үкімет кедендік экспорттық бажын төлеуде икемді жүйе енгізді. Бұл орайда Ұлттық банк өз тарапынан валюталық таргеттеу жүйесін қабылдады. Бұл жұмыстар Компанияның қаржылық жағдайын нығайтып, өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруға жол ашып отыр. 
Биыл «Ембімұнайгаз» АҚ құрылғанына 95 жыл. Компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ алға қойған міндеттерді сәтті жүзеге асыруда. Ең бастысы, дамудың жаңа бағыттарын айқындадық. Өндірісті дамытумен қатар әлеуметтік бағытқа да көңіл бөліп отырмыз. Мұнайлы өңірде әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына ембілік мұнайшылар да үлкен үлес қосып келеді. Бұл орайда, бүгінгі нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына қарамастан басшылық өз алдына үлкен міндеттерді қойып отыр. 
Біз бүгінде бейімделу кезеңінен сәтті өтіп, тұрақты даму жолына түскенімізді сеніммен айта аламыз. 2016 жылы Компания 2.832 мың тонна мұнай өндірді, бұл жоспардағы көрсеткіштен 10 мың тоннаға жоғары. Ілеспе газды өндіру жоспары межедегі 190 млн. текше метрдің орнына 192 млн. текше метрге орындалды. 2017 жыл­дың алғашқы жартыжылдығында 1.399 мың тонна өнім алынды. Соңғы жылдарда кешенді шараларды жүзеге асырумен қатар мұнай өндіру көрсеткішін тұрақтандыруға қол жеткізіп отырмыз. Атап айтсақ, жаңа ұңғымаларды бұрғылау, ұңғымаларға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, ұңғымалар қорымен жүйелі жұмыстар жүргізу, пайдалану коэффициентін көтеру, жөндеуаралық мерзімді ұзарту, жаңа технологияларды және кен алаңдарын игеруде оңтайландыру жүйесін енгізу сияқты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
– Өндірістің тиімділігін көтеруде Компания қандай шараларды жүзеге асыруда?
– Ембі кен алаңдарының дені өнім берудің соңғы сатысында екені баршаға белгілі. Кен алаңдарында алынуы қиын мұнай қоры ұдайы өсіп отыр. «Ембімұнайгаз» АҚ өнім беру көрсеткішін көтеру үшін дәстүрлі әдістермен қатар, қазақстандық жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу үшін жұмыстануда. Ұңғымалардың жөндеуаралық мерзімін (ҰЖМ) ұзарту үшін жаңа технологиялар батыл енгізілуде. Мысалға, Интеллектуалдық басқару стансасын алып қарайық. Бұл технология 406 ұңғымаға енгізілді. Олардан күрделі салымдардың азайғанын, қондырғылардың пайдалану мерзімінің ұзарғанын байқадық. Сонымен қатар, электр энергиясын пайдалану орташа есеппен 30 пайызға азайды. 
Өндіріске қуыс штанг және ортадан қырғышты және штангайналдырғышты енгізу арқылы ыстық мұнаймен өңдеу үшін тауарлық мұнайды пайдалану 35 пайызға азайды. Д-супер штангасын пайдалану штангалардың үзілу қатарын 38 пайызға дейін төмендетті. 2014-2017 жылдар аралығында мұндай штангалар 260 ұңғымаға енгізілген. Ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадаларына телебақылау жүйесін енгізу олардың жұмысына, тұрып қалуына, түсіру-көтеру жұмыстарына жедел бақылау орнатуға мүмкіндік беріп отыр. GPS жобасын енгізудің нәтижесінде автотранспорттардың жанар-жағар майды пайдалануы 20 пайызға дейін азайды. Аталмыш жобаның енгізілуі бірнеше мәселелерді шешуге жол ашты: өндірісті жедел басқарудың сапасы артты; өнім өндірудің үздіксіз жұмыс жасауы тұрақтады; жанар-жағар майды пайдалану үнемделді; арнаулы көлік паркін пайдалану коэффициенті көтерілді, шапшаңдық режиміне бақылау орнатуға, автокөлікті мақсатсыз пайдалануды тоқтатуға, олардың келісілген территориядан тыс жерлерге шығуына бақылау орнатуға мүмкіндік алынды.
Шығынды айтарлықтай азайтуға жол ашқан тағы бір бағыт – таңдау аналогтары мен балама қолданылатын деэмульгатордың қолданысқа енуі. Бәсекелестік ортаны құру және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2014-2017 жылдар аралығында Қоғамның мұнайды дайындау пункттерінде «қара алтын» өнеркәсібі үшін отандық үш үлгілі деэмульгаторды сатып алуға және мұнайды дайындауға кететін шығындарды 50 пайызға азайтуға жол ашылып отыр.
Қол жеткізген табыстарымызға қарамастан біз жаңа технологияларды өндіріске енгізуді жалғастырып отырмыз. Жыл басынан бері терең сораптарға сервистік қызмет көрсетіп келеміз. Сервистік қызмет көрсету концепциясы төмендегі мақсаттарға орай: штангалық сораптардың жұмыс ресурсын көтеру; ұңғымалардың жөндеу аралық мерзімін көбейту; ұңғымаларға қызмет көрсету шығынын азайту; пайдалану мерзім ішінде да­йындаушы-зауытпен бірлесе отырып, сораптарға қызмет көрсету; ШГН мен сораптардың орталық электрлік қондырғыларға прокат жүйесін құруға жол ашты.
Кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 4 жылда ұңғымаларды жөндеуаралық кезеңі 260 күннен 280 күнге дейін өсті. 2018 жылы жөндеу аралық мерзімді 290 күнге дейін жеткізу жоспарлануда. Компания материалдық-техникалық қамту процестерін оңтайландыру, қондырғыларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету, сонымен қатар, транспортпен қамтамасыз ету барысында үлкен жұмыстарды қолға алуда. Бұл жұмыстар толықтай «Ембімұнайгаз» АҚ мамандарының өз күшімен атқарылып отыр. Өткен жылы қоймадағы қор 442 млн. теңгеге төмендеп, 11 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың соңында тағы да қосымша 13 пайыз көлемінде – 466 млн. теңгеге азайту көзделуде. Барлық материалдық-техникалық қамту шаралары стандартталған, автоматты түрде есеп жүргізіледі. Қор айналымы жақсарды: 2015 жылы ол 239 күн болса, өткен жылы 225 күн, биылғы жылдың соңында 180 күнге дейін төмендемек. 
Техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды жөндеу жұмыстарын оңтайландыру жөнінде айтар болсақ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де пилоттық жоба іске қосылды. Жоба жөндеу аралық кезеңді көбейтуге, жұмыс сапасын арттыруға және бизнес-процестерді автоматтандыруға бағытталған. «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де аталмыш жоба іске қосылған соң, өзге басқармаларда таратылады. Өзінің тиімділігін көрсеткен транспорттық қамту жобасы бүгінде Компанияға қарасты басқа басқармаларда кеңінен қолданысқа енген. Жобаның іске қосылуының нәтижесінде отын шығыны 20 пайызға төмендеп, автопаркті барынша тиімді қолдануға жол ашылды. 
Компанияның қаржыгерлері үлкен жұмысты қолға алып, 2012-2015 жылдарда 31,4 млрд. теңге көлемінде қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтаруды қамтамасыз етті. Бюджеттен соманы қайтару мақсатында Қоғаммен жасалған шартта өзара есеп айырысу көрсетілмеген немесе расталмаған жағдайда ҚҚС сомасын өтеу және салық есептері көшірмесін ұсыну туралы пункттері енгізілді. Салықтық есеп көшірмесін ұсынуда, мәліметтерді салыстыра жүргізуде жұмыс берушілермен тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Өздеріңіз көріп отырғандай, Компания өзінің қаржылық жағдайын жақсартуда шығындарды оңтайландыру және ресурстарды іздестіру бағытында тың бастамаларды қолға алып отыр. Бұл орайда, барлық резерв қолданылды деп есептемейміз.
– Әнуар Еркінұлы, өндірістің тиімділі­гін көтеру мақсатында Компания үлкен жұмыстарды жүргізіп отыр. Алайда, Компанияның балансында ескі кен алаңдар бар. Жоспарланып жатқан геологиялық іздестіру жұмыстары жөнінде білсек? Тұзасты қабаттарына барлау жұмыстары қалай жүзеге аспақ? Келісім шарттық аумақтарда жаңа кен алаңдарын күтуге болма ма? Жаңа кен орындарының есебінен несиелік активтерді сатып алуды өсіруге бола ма?
– Иә, бүгінгі таңда Компанияның ресурсттық базасы қиын жағдайда. «Ембімұнайгаз» АҚ балансында 41 кен алаңы бар. Тоғыз кеніш – консервацияда, оның жетеуінде сулану деңгейі жоғары және қордың таусылуына байланысты мемлекетке қайтару жұмыстары басталып жатыр. Ембілік геологтардың еңбегінің нәтижесінде Компания соңғы жылдарда мұнай өсімін жылдық өнім өндіру көрсеткіші деңгейіне жеткізіп отыр. Алайда, қорлардың негізгі бөлігі жаңа ашылуларға емес, қазірдің өзінде игеріліп жатқан кен орындарына тиесілі. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде С. Нұржанов, Шығыс Мақат, Батыс Прорва, Оңт.Шығыс Новобогат, Жаңаталап, Уаз, Аққұдық кен алаңдарында мұнайлы алқаптарды кеңейту және алғашқы қорды ұлғайтуға қол жеткізілді. Шығыс Уаз (Тайсойған), Орталық Новобогат (Лиман) кеніштері ашылды. Барлығы өнеркәсіптік санатына енген, қазіргі уақытта игеруге тартылған кеніштерде 5 млн. тоннадан астам мұнай бар. 
«Ембімұнайгаз» АҚ бойынша өнім деңгейінің келешекте өсуі жаңа кен алаңдарының ашылуымен байланысты. Қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы технологияның дамуы терең горизонттарды барлауға мүмкіндік береді. «Ембімұнайгаз» АҚ мамандарының күшімен орта тұзүсті және үлкен тұзасты қабаттарының ашылуы бойынша талдамалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстардың қорытындысында тұзүсті және тұзасты нысандар анықталды. Қаратон, Уаз, Досмұхамбетов, Ақтөбе және т.б. кен алаңдарында тұзүсті қабатындағы жаңа құрылымдар бұрғылауға дайындалды. Сонымен қатар, терең бұрғылау мен геологиялық барлауға тұзасты нысандар қатары анықталды. Терең бұрғылауға дайындалған құрылымның бірі Қаратон-Сарқамыс келісім шартының аумағында орналасқан. 2018 жылы бұрғылау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 
Жер қойнауын пайдаланудан бос басқа құрылымдар бойынша, ҚР Энергетика министрлігіне жаңа тұзасты түзілімдеріне барлау келісімшарттарды жүргізу үшін ұсыныс берілді. Жаңа кен орындарын өнеркәсіптік игеруге енгізу үшін көмірсутек шикізаты шоғырын ашудан бастап пайдалануға беру 6 жылдан астам уақытты қажет етеді. Ал, жете барлау жұмыстары тек ағымдағы өнім өндіру деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Осындай көп еңбекті қажет ететін және ұзақ процесс екенін ескере отырып, «Ембімұнайгаз» АҚ өнім беріп тұрған кен орындарын сатып алуды жоспарлауда. 
– Биыл ілеспе газды кешенді дайындау және күкірт өндірісі Қондырғысын іске қостыңыздар. Жаңа қондырғы туралы кеңірек тоқталсақ: қуаты, жобаның мақсаты, қандай кеніштерді қамтиды, дайын өнімді нарыққа шығару туралы айтуға бола ма? Мердігер мекеме туралы да білсек, қондырғылар қай жақтан? 
– Отандық жер қойнауын игерушілер үшін экологияны сақтау – маңызды шара. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылған қондырғы өзінің толық қуатына көшкенде Прорва кен алаңында ауаға газ жағуды мүлдем тоқтатамыз. Бұл – Жылыой ауданы маңындағы елді мекендерінің тұрғындары үшін өзекті жәйт. Аталмыш жоба Компанияның ілеспе газды кешенді тазалау Бағдарламасы аясында жүзеге асты. Мұндай қондырғылар бұдан бұрын Исатай ауданындағы С. Балғымбаев кен алаңы мен Мақат ауданындағы Шығыс Мақат кенішінде іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда Атырау облысындағы үш ауданның тұрғындарын тиімді бағамен көгілдір отынмен қамтып отырмыз. 
Прорва кен алаңында іске қосылған қондырғының қуаты – жылына 150 млн. текше метр. Зауыт жыл сайын тауарлық газ, 4100 тонна тұрақты газ конденсаты және 2700 тонна түйіршік­ті күкірт шығарады. Тауарлы газ УКПГ-ГСП «Толқын» кеніштік газ құбырымен тасымалданса, тұрақты газ конденсаты жеке қажеттіліктерге пайдаланылады. Ал, түйіршікті күкірт ішкі және сыртқы нарыққа, КХР еліне сату үшін шығарылады. Газды өңдеу технологиясы экологиялық қауіпсіз және көмірсутекті жоюдың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді. Газды дайындау толықтай автоматтандырылған, апатты жағдайдың алдын алудың бірнеше кезеңдері қарастырылған. 
Қазақстанда тұңғыш рет қышқыл газдарды күкірттен тазартуға арналған MERICHEM фирмасының патенттелген LO-CAT технологиясы қолданылуда. Жобаның бас мердігері – қазақстандық фирма «Kerneu limited» ЖШС. Жобаның құны 35 млрд. теңгені құрайды. Қондырғының құрылысы кезінде 500-ден астам уақытша жұмыс орны ашылды, қондырғы іске қосылған соң 100 адамға дейін жұмысқа қабылданды. Жобаны іске қосарда Қытай мен Еуропа елдерінде жасалған әлемдік соңғы технологиялар – жаңа қондырғылар пайдаланылды. Қондырғыда жұмыс істейтін мамандарды іріктегенде ТШО, КПО және «Казақойл Ақтөбе» ЖШС-де осындай жобаларда жұмыс жасаған тәжірибесі бар жас мамандарға басымдық берілді. 
– Бұл жоба Компанияның өнім өндіру көрсеткішін өсіруге жол аша ма? 
– Прорва кен алаңында Қондырғыны іске қосу өнім өндіру көрсеткішін тұрақтандыруға жол ашады. Сонымен қатар, еліміздің экологиялық заңдылықтарына сәйкес өндірістің экологиялық жағдайын жақсартуға қол жеткіземіз. Аталған жобаның жүзеге асуы бүгінгі таңда консервацияда тұрған Батыс Прорва кен алаңындағы газ қабаттарын игеруге және зауыт өнімін сату арқылы қосымша қаржылай түсімдерге жол ашады. Қосымша жұмыс орындары ашылады. Жақын уақыттарда триас горизонттарында жаңа ұңғымаларды қазу арқылы ілеспе газдың көлемін көбейту көзделуде. 
– Газ бойынша Компанияның алдағы уақыттағы жоспарын айта кетсеңіз.
– Компания инвесторларды тарту арқылы бірнеше газ жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Соның бірі – газпоршен электр стансасының құрылысы. Бүгінгі таңда, өзінің газы бола тұра, монополистерден жоғары тарифпен электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Газпоршен стансасы құрылысының жобасын іске қосу арқылы Компания өндіріс шығынын айтарлықтай азайтып, электр ­энергиямен жабдықтауды күшейтеді. Алғашқы кезеңде газпоршен стансасы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ «Оңтүстік Шығыс Қамысты» мен «Забурын» кен алаңдарын 9,6 МВт қуаттылықпен электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Компания бұл жобаны «Шығыс Мақат» кен алаңы мен Прорва кен алаңында да іске қоспақшы. Компания қолға алып жатқан тағы бір жоба – GTL (ағылш. тілінде сұйықтықтағы газ ) технологиясымен байланысты, көгілдір газды өңдеу арқылы – дизельдік отын, керосин және синтетикалық моторлық май алуды көздейді. Ембінің табиғи газ бойынша қоры мол, жаңа технологияның көмегімен Компания болашақта аз шығынмен дәстүрлі мұнай өндіруді төмендетуді еңсереді. Мұндай жобалар тартымды, себебі, жанар-жағармай бағасы дәстүрлі түрде жоғары және тренд талдау жанар-жағар материалдардың жыл сайын өсімін көрсетіп отыр. GTL технологиясы бойынша өнім алу және оларды іске асыру өнім ассортиментін кеңейтуді және жаңа нарыққа шығаруды көздейді. Бірлескен тауар өндірісі мен технологияны пайдалану үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мұның бәрі бізге ұзақ мерзімді басымдылық алуға мүмкіндік береді. 
– Сіздің Компания өз активтерінің бірінде алғашқылардың бірі болып Цифрлық кен орнын енгізді. Бұл жөнінде кеңірек тоқталсаңыз. 
– Интеллектуалды кен алаңы технологиясы мұнай өндіру қондырғыларында барлық кезеңдермен енгізіледі. Операторлар параметрлерді түсіріп, жедел шешім қабылдау үшін онлайн-режимінде диспетчерге жібереді. Барлық ақпарат параллельді түрде «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік процестерді жедел басқару Орталығына және ӨБТ ҒЗИ орталығына («Қазмұнайгаз» Өндіру және Бұрғылау технологияларының ғылыми-зерттеу институты) келіп түседі. Мұнда ақпарат талданады, соның негізінде ұзақ мерзімді жоспарлау жүзеге асады.
Жаңа технология электр энергиясын үнемдеуге жол ашады, өйткені терең сорап сұйықтықтың толуына орай ғана флюид айдайды. Қондырғыға түсетін салмақ айтарлықтай азаяды, сирек жөнделіп, ұзақ пайдаланылады. Бұдан өзге, «ақылды» кен алаңдары ұңғыманың жағдайы және кеніштің жұмысы туралы толық және шынайы ақпаратпен қамтамасыз етеді. Бұл орын алған проблемаларды дереу шешуге және алдағы жұмыстарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Негізгі фактордың бірі – интеллектуалды кен алаңдарының нәтижесінде операторлардың жұмысы айтарлықтай жеңілдеді, ауа райының ыстығы мен суығында ұңғымаларды жаяу аралап, олардың тұрып қалу себебін анықтауда қол жұмыстарымен айналысуларының қажеті жоқ. Бұл жұмыстар енді автоматты түрде атқарылып, алыстан бақыланады. Еңбек қауіпсіздігі де артты.
«Интеллектуалды кен алаңы» жобасының аясында ұңғыма қондырғыларының жұмыс режимін оңтайландыру есебінен және ұңғымалардың пайдалану коэффициентін көтеру арқылы өткен жылы Уаз кен алаңында қосымша өнім алынып, 1,24 пайызға артық мұнай өндірілді. Электр энергиясын үнемдеу 33 пайызды құрап, ұңғымаларды жөндеу шығыны 25 пайызға төмендеді. 2017 жылы интеллектуалды кен алаңы жүйесін Прорва тобының төрт кен алаңына: Ақтөбе, Досмұхамбетов, Батыс Прорва мен С. Нұржанов кеніштеріне тарату және кеңейту жоспарланған. 
– Өндірілген өнімді экспорттау қандай бағыттарда жүзеге асады?
– Компания өз өнімін негізгі екі бағытта: Каспий Құбыр Консорциумы (КТК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) арқылы экспорттайды. 2016 жылы КҚК арқылы 860 мың тонна шамасында өнім жөнелтілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 12 пайызға жоғары. ӨАС бағыты арқылы өткен жылы 1,225 мың тонна мұнай жөнелтілген, экспортталған өнімнің жылдық көрсеткішінің 44 пайызын құрап отыр. 
Газды қайда сатасыздар?
– Тауарлы газды екі ілеспе газды дайындау қондырғысында: С.Балғымбаев кеніші (Исатай ауданындағы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ) мен Шығыс Мақат (Мақат ауданындағы «Доссормұнайгаз» МГӨБ) дайындаймыз. Тауарлы газды тарату ұлттық оператор – «КазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2015 жылы 5,1 млн. текше метр тауарлық газды сатсақ, 2016 жылы 5,4 млн. текше метр газ саудаға шықты. 
– Табысты еңбектің кілті мамандардың қандай жағдайда еңбек етулеріне байланысты. Соңғы жылдарда қандай әлеуметтік нысандар салынды?
– «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы кен алаңдарын абаттандыруға үлкен мән береді, өндіріс нысандарымен бірге әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы нысандардың құрылысы мен қайта жабдықтауын қатар жүргізіп келеді. 2013 жылы ұңғымалар мен қазандарды, құбыр жүйесін, арнаулы көліктерді жөндеу гаражын жайғастыруды іске қосу тұрақты жүрді. Компанияның кен алаңдарында 800 млн. теңге қаражатқа әлеуметтік нысандар салынды: Оңт.Батыс Қамысты кен алаңында 30 орынды жатақхана, Шығыс Мақат кенішінде жатақхана мен Жаңаталап кен алаңында асхана және Прорва кен алаңында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. 
2017 жылы 1,206 млрд. теңге қаражатқа әлеуметтік нысандардың: Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхана, С. Балғымбаев кенішінде асхана, Қисымбай кен алаңында 50 орындық асхананың құрылысы басталды. 
Бүгінгі таңда жұмысшылардың, соның ішінде, тікелей өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын осыдан он жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстыруға келмейді. Заманауи жаңа жатақханалар, асханалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен өндірісішілік автожолдар салынды. Жұмысшылардың жолсызбен жұмыс орындарына қатынауы жойылды. «Ембімұнайгаз» АҚ жұмысшыларының жағдайын жақсарта түсу мақсатындағы мұндай шараларды үнемі назарда ұстайды. 
– «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да көктемде өткен жиналыста сіздің Компания еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі бойынша жетістіктері үшін арнаулы сертификатқа лайық деп бағаланды... 
– Иә, Компанияда әлемдегі ең үздік мұнай Компанияларының тәжірибесін енгізу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Өндіріс нысандарында қауіпті оқиғалардың алдын алу үшін қарапайым түсінікті тілмен түсіндіретін «Алтын Ереже» енгізілді. Бұл орайда қауіпсіздік шаралары үнемі жетілдіріліп отырылады. «Ембімұнайгаз» АҚ жасақтаған Стратегия қамтамасыз ететін қауіпсіздік және еңбекті қорғау – Компанияның негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта кен алаңдарында өндірістік бақылауды күшейту мақсатында техникалық қауіпсіздік бойынша штаттық кестені көбейтіп отырмыз. Өндіріс барысында басшылар мен барша Компания қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыра түсері даусыз. 
– Атырау облысында қызмет етіп жатқан ірі мұнай Компаниялары тұщы судың балама көзін іздестіруде жобалар жасақтауда. Сіздің Компанияда бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынуда? 
– Жауапкершілікті түсінетін жер қойнауын игеруші ретінде аймақтың проблемасы бізді де алаңдатады. Соның ішінде Жайық өзенінің тайыздануын өз көзімізбен көріп отырмыз. Ірі мұнай компанияларының қолданыстағы ауыз су мен техникалық судың жалғыз көзі – «ҚазТрансОйл» АҚ құбыр жүйесі. Соның ішінде біздің де С. Балғымбаев, Ровное, Оңт. Батыс Қамысты, Оңт. Шығыс Қамысты, Жаңаталап, Гран, Забурын, Оңт. Шығыс Новобогат, Батыс Новобогат, Ақінген, Қисымбай, С. Нұржанов, Батыс Прорва, Досмұхамбетов, Ақтөбе кеніштері сынды үлкен кен алаңдарымыз – осы құбыр жүйесі арқылы су алады. Сондықтан да, өткен жылдан бастап Компания жерасты суын пайдаланудың мүмкіншіліктерін зерттеуді бастады. Бүгінгі таңда «Атыраугидрогеология» ЖШС-мен «Ембімұнайгаз» АҚ нысандарының өндірістік қажеттілігі үшін жерасты суларын іздестіру-зерттеу, жеткізу мақсатында Оңт. Ембі бассейнінің альб-сеноман қабатындағы пайдалануға жарайтын аз минералданған жерасты суының қорына 2017-2020 жылдарға арналған ұзақ мерзімді келісімшарт жасақталды. 
– Әнуар Еркінұлы, Қазақстандағы көптеген мұнай компаниялары, соның ішінде шетелдіктердің үлестері бар бірлескен компанияларда жұмысты оңтайландыру мақсатында қызметкерлер қатарын және әлеуметтік жобаларды қысқартуда. Сіздің Компанияда жағдай қалай?
– Жаңа айтып кеткенімдей, КСРО, кейіннен тәуелсіз Қазақстанның мұнай саласының бастауында тұрған Ембіде әлеуметтік жауапкершілік дәстүрі қалыптасқан. Экономикалық қиын жағдайда да әлеуметттік тұрақтылық басты қағида болып қала берді. Бүгінгі таңда шығындарды оңтайландыру қажеттілігіне байланысты штатта болған жұмыс орындары аутсорсингке шығарылды, олар – тазалықшы, вахтер, күзетші, т. б. 
Кадрлық құрамды жаңарту үшін ауыр еңбектегі (ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы, көлік жүргізушісі, т. б.) денсаулығында кінәрат бар мамандарға 58 жастан бастап ерте зейнеткерлік демалысқа шығуға мүмкіндік беретін Бағдарлама іске қосылды. Компания бұл мамандарға ресми зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін төлемдер төлеп тұрады. Нәтижесінде ерте зейнеткерлік демалысқа шыққан маман ай сайынғы жалақысының 50 пайызын алып отырады. Осы арқылы біз бірнеше проблемаларды шешеміз: өндірісте ұзақ жылдар еңбек еткен мамандардың өмірін жақсартамыз және кадрлық құрамды жаңартамыз. 2014 жылы күшіне енген Бағдарлама бойынша 143 маман ерте зейнеткерлік демалысқа шықты. 
Өткен жылдың қараша айында бекітілген 2017-2021 жылдарға арналған Ұжымдық шарт Компанияның әлеуметтік жауапкершілігін айқындай түседі. Бұл құжат жобасын талқылауға барлық ұжым мүшелері - кәсіподақ комитетінің жетекшілері мен басқарма мамандарының өкілдері толық қатысты. 2012-2016 жылдарда Компания мемлекет пен жергілікті тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілікке орай республикалық және жергілікті бюджетке 625 млрд. астам теңге аударды, оның 81 млрд. теңгеге жуығы 2016 жылдың есебінен. 
Атырау облысының инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1,7 млрд. теңге және қайырымдылық пен демеушілік шарасына 1,7 млрд. теңге қаражат аударылды. Компания жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек ретінде ауқымды қаражат аударып келеді. Жыл сайын жаңа жылдық жасыл шырша шарасын ұйымдастыру дәстүрге енген. С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің демалыстары мұнайшылардың көмегімен емдеу-сауықтыру мекемелерінде ұйым­дастырылады. Биылғы жылдың маусым айында екі үлкен қайырымдылық шарасы өтті: мүмкіндігі шектеулі 300-ге жуық балаға арналып Атырау қаласында қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарлама және С. Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында үлкен өнер шарасы өтті. Ембілік мұнайшылар 2015-2016 жылдарда болған қатты нөсер жауыннан баспаналары жарамсыз болған отбасыларына көмек көрсетіп, бір күндік жалақылары есебінен бірнеше үйге күрделі жөндеу жүргізіп, екі баспананы жаңадан салып берді. Компания 95 жылдық мерейтойына ұжым үлкен табыспен келді. Өндіріс көрсеткіштерін орындаумен қатар, әлеуметтік жауапкершілік бағытында да үлкен жұмыстар атқарылды. Біздің Компания үшін басты құндылық – жұмысшылар. Осындай ұжыммен бірге біз алда тұрған ауқымды міндеттерді сәтті орындайтынымызға сенімдімін.  

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх