Бекет Ата сапары

Бекет Ата сапары
26.10.2017
468
Әлеумет

Бекет Ата сапары

Бүгінде «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлері компания қамқорлығын үнемі сезінуде. Компанияда мұнай-газ саласындағы ардагерлерге, мүгедектерге, еңбегі сіңген жұмыскерлерге әлеуметтік көмек көрсету бойынша тұтас жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Зейнеткерлерді әлеуметтік қолдаудың бекітілген бағдарламасына сәйкес жыл сайын санаториялық-курорттық емдеуге тегін жолдамалар беріліп, материалдық көмек көрсету қаралған. «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер Кеңесінің жоспарына сәйкес өткен 2016 жылы ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша жұмыс жасамайтын зейнеткерлер арасында алғашқы рет 1-ші спорттық ойындар сайысы мен «Әнім саған, туған елім Тәуелсіз» атты ардагер көркемөнерпаздарының фестиваль-байқауы өтті. Ал енді, биылғы жылы Алаш Орда қозғалысының 100 жылдығына және ҚР ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылып, Ақмешіт, Бекет ата қорымдарының басына барып, ұйымдасқан түрде қарттар болып зиярат ету, зейнеткерлердің өлкетану саяхатын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Жуырда осы сапардың сәті түсіп, ембілік еңбек ардагерлері аталған қорымдарда болып қайтты. 


«Пірдің соңы – Бекет»
Бекет ата Мырзағұлұлы - әулие, халық батыры, абыз көреген, ағартушы, сәулетші адам болған екен. Бекет атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, абыз көріпкелдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше танылған. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан, «Пірдің соңы - Бекет» деп қастерлеген. Қосай Атадан кейін Адайлар руының ұранына айналған. Халық Бекет атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан ұрпаққа ұластырған. Емшілік қабілеті болғандықтан, ол адамдар емдеген, білімін беріп, рухани күш берген. Бекет ата дау мәселелерін шешу кезінде би ретінде шығып, әрқашан нағыз софының сабыры мен даналығын көрсетті. Өзінің діни өсиеттерінде Бекет ата дінге сенетін адамдарды адал, әділетті болуға және жақсылық етуге шақырды. Бұл дана және әулие адам қалмақтарға қарсы күресте ерлік жасаған батыр ретінде де халық жадында қалды. Оның туған жері – Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақмешіт ауылы. Ембілік қарттар зиярат етуді әуелі атаға дүние жарығын сыйлаған ата-анасының жерленген жерінен бастауды ұйғарып, Ақмешітке бағыт алды...


Зиярат Ақмешіттен басталды
Ардагерлер Бекет атаның басына бармастан бұрын, алдымен оның кіндік қаны тамған, ата-анасы жерленген жерге барып тәу етуді мақсат тұтып, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан 28 шақырымда, солтүстік-шығыс бағытында орналасқан Ақмешіт қорымына ат басын бұрдық. Ақмешіт – бұл ағартушы, сəулетші, діни қызметкер Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813 жж.) дүниеге келіп, өскен жер. 1771-1774 жылдары Бекет жер асты мешітін салып, діни, рухани, емшілік қызмет көрсеткен, балаларды оқытқан. Мұнда əулиенің əкесі Мырзағұл, анасы Жания жəне бауыры жерленген. Оларға бір қауым зейнеткерлер зиярат етіп, құран бағыштадық. Жылыойлық әріптестеріміз марқұмдардың рухына, мал сойып, құрбандық шалған екен. Қабыл болсын айтып, бата берілді. Ақмешіттен көңіліміз кеңіп, арқамыз жеңілдеп қайттық. «Сыйласаңыз кәріңді, жарылқаймын бәріңді» дегендей, басшылықтың зейнеткерлерге жасаған қамқорлығы алдарынан шыққай!
Қ.Қазиев, «Доссормұнайгаз» ардагері

 

Бекет ата рухына тағзым
Бала кезден құлаққа сіңісті болған «Пірдің соңы – Бекет» деген қасиетті ұғыммен талай ұрпақ тәрбиеленді. Пір Бекеттің кіндік қаны тамған киелі мекен - Ақмешіттен бастау алған сапарымыз қасиетті Маңғыстау түбегіне ұласты. Біз, «Ембімұнайгаз» АҚ қарасты мекемелердің зейнеткерлері, өзіміздің тарихымызды біліп қана қоймай, Ұлысқа ұран болған, бойына қасиет дарыған Бекет Атамызға дұға бағыштауға жолға шықтық. Таң қараңғысында Шетпе стансасынан дайын көліктерге отырып, жол бойы Бекет Ата туралы әңгіме айтып, Маңғыстаудың ұлы даласының көріністерін тамашалай отырып, Шопан Атаға арнап салынған қонақ үйіне тоқтадық, сосын Шопан Ата жатқан жерге барып, Атаға, сол маңайдағы дүниеден озғандарға дұғамызды бағыштап, қасиетті құдығынан су ішіп, енді тура Бекет Ата мешітіне бағыт алдық. Алла тағаланың құдіретімен күздің ауыспалы ауа райы сапар бойына жайдары шуағын төгіп тұрды. Бекет Атаның өзі салдырған мешітіне қанша барсақ та, табиғатының сұлулығы мен тау-тасының орналасуына көз тоймай қарайтынбыз. Бұрын барғанымызда Атаның арқарларын алыстан көріп,тамашалағанбыз, ал мына барысымызда арқар, киіктер лақтарымен бізден үрікпей, келіп су ішті, бұны да жақсылыққа жорып жатырмыз ғой. Қасетті, киелі Пір Бекеттің рухына тағзым жасап, ауылға да аман-сау оралдық. Әр адамның тілеген тілектері, ой түкпіріндегі мақсат-мұраттары да сол жерде іштей болса да айтылып, Жаратушы Иемізден қабыл ете гөр деп тіледік. Осындай игі істерге бастау болған «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесі төрағасына, мұнайшы зейнеткерлердің ұсыныстарын қолдаған «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасына алғысымызды білдіреміз.
М.Исаинова,  «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ ардагерлер Кеңесінің төрайымы


Зиярат ету – парыз
Ел есінде қалған әңгімелерде Бекет ата Жем бойындағы Ақмешітте бала кезінде, Бейнеуде жігіт шағында, Баялыда елдің көші-қон уақыттарында болған. Өмірінің соңғы жылдарының көбін Оғыландыда өткізген. Осы қасиетті орындарға барып, зиярат етуді өзімізге парыз санап, жолға шыққан едік. Сапар оң болып, алды алпыстан асқан, соңы сексеннің сеңгіріне шыққан отыз қарт Бекет ата қорымына жақсы барып-келдік. Құран оқылып, дұға бағышталды. Таудан төмен түсіп, Атаның жерленген жеріне дейін бардық, жоғары көтерілу қиындау тисе де еңсердік. Қарттар сәтті сапарға дән риза, күш алып қайтқандай әсерде. Жан-жақтан атаға келіп жатқандар саны аз емес екен. Зиярат қабыл болсын баршаға!
С.Қайыров, «Жайықмұнайгаз» зейнеткері 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх