Мұнайшы. Қайраткер. Азамат. Нұрлан Балғымбаевтың туғанына 70 жыл

Мұнайшы. Қайраткер. Азамат. Нұрлан Балғымбаевтың туғанына 70 жыл
03.11.2017
793
Әлеумет

Мұнайшы. Қайраткер. Азамат. Нұрлан Балғымбаевтың туғанына 70 жыл

Біздің жоғары оқу орнын бітіріп, мұнайшы инженер дипломымен елге оралған сәтіміз – Еділ-Жайық қос өзені аралығында «қара алтын» кені табылып, бұрындары марғау кейіпте, тып-тыныш жатқан, негізінен төрт түлік мал өсірумен шұғылданатын Нарын өңірінде жаңа өндірістің енді-енді аяқтан тік тұра бастаған сәтіне дөп келді. Отыздың ар жақ бер жағындағы өңкей жас мамандар бүгінде Салтанат Балғымбаев есімімен аталатын Мартыши кенішінде бас қостық. Көпшілігіміз бірімізді біріміз сонау Алматыдағы атақты политехникалық институттың қабырғасынан, студенттік шақтан танитындармыз. Солардың бірі – Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев болғандығын бүгінгі оның тұстастары, жұмыстастары мақтанышпен еске алады.

Бір сәт өткенге ой жіберіп, сол бір жастық жігеріміз жасымаған күндерді еске алсақ, бүгінгі толқынға ұялмай  өнеге етер тұстарымыз бар екендігіне риза боламын. Шындығында да, «Жайықмұнайгаз» басқармасы мұнайшы кадрларын шыңдау мектебі, бір сөзбен айтқанда жас мамандар ұстаханасы болған екен-ау. Әріге бармай-ақ, жаңадан шаңырақ көтерген басқармада сол жылдары бастарымыз қосылған тұстастарымның кейбіреуін атап өтер болсам, жоғарыдағы сөзімнің куәсі болары ақиқат. Олар: Нұрғалиев Майданбек, Дүзбаев Сатыбай, Құлбаев Балтабек, Қилыбаев Мақсот, Балдуев Ю.В., Сутягин В.А., Ахметов Баймұрат, Жакиев Орынбай, Райымбергенов Оңайжан, Табынбаев Бисенбай, Қонысқалиев Ардақ, Нұрғалиев Бағытжан және т.б, айта берсем, бұл тізім жалғаса берер еді. Солардың қақ ортасында Нұрлан Балғымбаев ойып тұрып орын алатын. Нұрлан бұдан 39 жыл бұрын, 1978 жылы «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына өндірістік жабдықтау базасы бастығының орынбасары болып жұмысқа келді. База бастығы Шоманов Серік деген азамат болды. Мен де сол жылдары жолдамамен Жайыққа келгенмін. Нұрланды бұған дейін институтта курстас ретінде білетінмін.
Әлі есімде, 1978 жылы Ровный кен алаңы өндіріске қосылды. Оның мұнайы жеке құбыр арқылы Мартыши алаңындағы орталық мұнайды жинау және дайындау пунктіне құйылатын болды. Сол жылдары Қамысты, Ровный, Жаңаталап кен алаңдарында қосымша жүргізілген бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде жаңадан өнім беретін қырыққа тарта ұңғыма өндіріске қосылды. Жайғастыру жұмыстарының жобаға сай жүруін бақылауға алып, ұйымдастыру, ұңғымалардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету басқарманың өндірістік қамтамасыз ету базасы бастығының орынбасары ретінде Нұрлан Өтепұлына жүктелген болатын. Алайда ұңғымаларды талапқа сай, мерзімінде іске қосу оңай іс емес еді. Теңіз табаны астының топырағы өте ащы, сортақты болып келгендіктен сәл су тисе, мұнайшылар толарсақтан саз балшықты кешіп, техника біткен жер-жерде тұралап тоқтап қалатын кездер көп болады. Әсіресе, ұңғымалардың жер асты жабдықтарын жөндеу жұмыстарының жағдайы өте ауыр болды. Міне, біздер Нұрлан Өтепұлының сол жылдары жаңа ұңғымаларды жайғастыру жұмыстарының жобаға сай және сапалы жүруін бақылау, ұйымдастыру мен уақытында іске қосу жұмыстарында өз ісін жетік білетін жоғары дәрежелі маман және шебер ұйымдастырушы екеніне куә болдық. Нұрлан жеті-сегіз айдан соң, 1979-1981 жылдар аралығында аталған басқарманың бас инженерлігіне тағайындалды. Бұл жылдарды қос өзен аралығындағы мұнай өндірісінің өзінің кемеліне келген шағы деп айтуға болады. 1980 жылы «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы бойынша өнім өндірудің ең жоғарғы шегіне қол жеткізілді. Бұл жылда мемлекетке өткізілген «қара алтын» мөлшері бір миллион тоғыз жүз тоғыз мыңға жеткізілді. 1981 жылы Қамысты кен алаңы бойынша отыз төрт, Жаңаталап кен алаңы бойынша жиырмы ұңғы жаңадан бұрғыланып, өндіріске қосылды. Міне, жұмыс та жүріп жататын, жоспар да орындалып жататын, адамдардың да уақытпен санаспай еңбек еткен жылдары осы кезеңдер болатын. Ал, бұл жетістіктерге жетуде бас инженер Н. Балғымбаевтың біліктілігі, алғырлығы үлкен роль атқарды. Ол өндірістің проблемалары тұстарын дөп басып, уақталып жатпай, тез шешім қабылдай білетіндігімен ерекшеленетін. Сол жылдары басқарманың табыс биігінен көрінуінде оның еңбегі зор болғандығына куә болдық. 
Нұрлан Өтепұлы қос өзен аралығында еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтағаннан кейін біртіндеп мұнай өндірісі саласындағы басшылық қызметтерде жоғарылай берді. Кейіннен Нұрланның КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінде жауапты жұмыс атқарып жүрген кезінде кездесіп қалдым. Ол мені бірден танып, құшақтасып, амандасып жатыр. Бұны жазып отырғаным, сондай үлкен мансапта жұмыс жасаса да, өзінің кішіпейілділігі ғой деп ойладым. Қазақтың «Ұлық болсаң, кішік бол» дегені осындайдан қалған екен деген ой келді.

Жақсының артында елге істеген үлгі ісі, үлгі етер өнегесі қалады. Соның куәсіндей жергілікті халық – исатайлықтар Нұрланды жиі-жиі еске алады. Себебі, «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясының президенті, Республика мұнай-газ өнеркәсібі Министрі, кейін Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы лауазымына дейін көтерілген азамат кезінде өзінің тікелей тапсырмасымен Исатай ауданы орталығынан мектеп құрылысына 394 миллион 668 мың теңге қаржы бөлген болатын. Еліміз тәуелсіздігінің 10  жылдығы құрметіне тарту етілген Аққыстау селосында бой көтерген  784 оқушыға арналған Абай есімімен аталатын осынау үш қатарлы ғимарат бүгінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде игі мақсатқа пайдаланылуда. Бұл – Нұрланның кезінде өзінің еңбек жолы басталған елге деген құрметі, ілтипаты деп сезінеміз.
Тағдыр ұзақ ғұмыр сүруді Нұрекеңнің пешенесіне жазбаған екен. Жетпіске жетпей жатып, бақиға аттанды. Белгілі өндіріс жетекшісі, еліміздің мұнай өндірісі саласының, Республика үкіметінің басшысы болған ардақты азаматтың өмірінің қысқа болғанына пенде ретінде өкінесің де. Алайда абзал азаматтың кәсіби қам-қарекетін, қоғамдық қызметін ой елегінен өткізіп, сараласақ, бұл пікіріміздің  жаңсақтығына көз жеткізесіз. Нұрекең, менің пайымдауымша саналы ғұмырының әр жылында нағыз тұлғаға сай еселі еңбек етті. Оның жарқын істері ел есінде, жұртшылық жадында. Белгілі жылойлық ақын Аманқос Ершуов ертеректе жазған бір өлеңінде: «Біреуде қарт та болса шалалық бар, біреуде жас та болса даналық бар», – деген еді. Сөз зергерінің көрегендігін Нұрекеңнің өмір жолының өзі-ақ дәлелдеп тұр емес пе. 
Әлбетте, ел мен жер – егіз ұғым, бірінсіз бірі жоқ. Әркім өзінің туған жерінде қадірлі. «Ерден аспақ бар, ал елден аспақ жоқ» дейді халық даналығы. Сол айтқан, әрбір жұмыр басты пенде өзінің пешенесіне жазылған қамшының сабындай қысқа өмірінің ішінде елім деп еңіреп, жерім деп тау қопарып, тас қашаса, Толағай атанары хақ. Ел құрметіне бөленері сөзсіз. Сондықтан елі мен отаны үшін аянбай тер төгіп еңбек еткен азаматтардың есімін біз әрқашан да ризалық сезіммен еске алып отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, Нұрлан Өтепұлы біздің арамызда біліктілігімен, алғырлығымен, қарапайымдылығымен, адамгершілігімен, достыққа беріктігімен есте қалды.


Бағыт Сматуллин 
«Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер
Кеңесінің төрағасы

 

Өмірдерек

Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев 1947 жылғы 20 қарашада Гурьев (қазіргі Атырау қаласы)қаласында дүниеге келді. 1973 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1964 жылы моторист көмекшісі болып бастады. 1973-1977 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің ұңғымаларды жерасты жөндеу, мұнай өндіру операторы, шебері, ауысым басшысы, аға инженері болып жұмыс істеді. 1977-1994 жылдары «Ембімұнай», «Ақтөбемұнай», «Басмұнайгазөңдеу» бірлестіктерінде, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің мұнай өңдеу жөніндегі бас басқармасында басшы лауазымдық қызметтер атқарды. 1992-1993 жылдары Массачусетс университетінің тыңдаушысы болды. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайындалды, 1997 жылы «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ басшысы болды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Н.Ө. Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды және екі жыл бойы Қазақстан Республикасының Үкіметіне басшылық жасады. 1999-2007 жылдар аралығында «ҚазақОйл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ, «Қазақстанның мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ басқарды. 2007 жылғы желтоқсан мен 2011 жылғы қараша аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі лауазымын атқарды. Н. Балғымбаев соңғы жылдары «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындары дирекциясының» бас директоры болып жұмыс істеді. Нұрлан Өтепұлының ел алдындағы еңбегі 2-ші дәрежелі «Барыс» орденімен, көптеген медальдармен және құрметті атақтармен атап өтілген. Қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев елеулі үлес қосты. Тірі болса биыл 70 жасқа толар еді. 2015 жылы 68 жасында Қазақстан Республикасының көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаев дүниеден озды. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх