Бағымызға ашылған балабақша

Бағымызға ашылған балабақша
03.11.2017
740
Әлеумет

Бағымызға ашылған балабақша

«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өз қызметін жүргізіп отырған |Атырау өңірінің әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына қолдау көрсетіп келеді. Компания тарапынан балабақша, мектеп, спорт нысандары және әлеуметтік көмек, демеушілік көрсетілуі тұрғындардың ризашылығын туғызып отыр. Атырау облысы, Исатай ауданы, Х. Ерғалиев ауылында жуырда 100 орындық типтік үлгідегі жаңа «Айжұлдыз» балабақшасы ашылған болатын. Бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы еді. Жаңа нысанның бой көтеруіне «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қаражат бөліп, демеушілік жасады. Балабақша бүгінде толыққанды жұмыс жасап жатыр. Ауыл тұрғындары мен ата-аналардың қуанышы ерекше. Жас аналар енді үйде отырып қалмай, еңбекке араласуына мүмкіндік алса, ал сәбилер жаңа ғимаратта білікті мамандардан білім мен тәрбие алуда. 

 

– Мұнда ауыл ішімен өтетін Бақсай өзенінің екі бетіндегі тұрғындардың балалары келеді. Қазір балабақшада 1,5-5 жас аралығындағы 25 баладан 4 топ жұмыс жасауда. Жоғары және орта білімді мамандар, тәрбиешілер, әдіскерлер, психолог, дене шынықтырушы, музыкант, медбике, аспаздар, техникалық қызметкерлер, жалпы барлығы 45 адам осы балабақшаның ашылуы арқасында жаңа жұмыс орнымен қамтылып отыр. Халық өте риза, – дейді балабақша меңгерушісі Алма Уалиева. 

Сәуле Төлепбергенова, ата-ана:
– Балабақша қазіргі заман талабына сай салынғандығы көрініп тұр, балдырғандардың жан-жақты өсуіне, тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған. Бұрын ауылда 50 орындық қана балабақша болатын, енді 100 орындық бақшаның салынуына қаражат бөліп, осы елдің тұрғындарына үлкен қамқорлық жасаған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-на тұрғындар, ата-аналар атынан алғысымыз шексіз. Еліміз өркендеп, мұнайымыз көп болсын!

Ақбота Құлмәжитова, жас маман:
– Мен Х. Досмұхамбетов атындағы университетті биыл ғана бітірген едім, «іздегенге сұраған» дегендей, менің бағыма балабақша ашылып, өз мамандығым (мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу) бойынша жұмысқа қабылдандым. Өте қуаныштымын, Рахмет, мұнайшыларға!


Атырауда қос спорт кешені пайдалануға берілді

Атырау қаласына қарасты Ақсай және Атырау ауылдық округтерінде жаңадан спорт кешендері бой көтерді. Бұл қос нысан да «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қаражатына салынып отыр. Бүгінде мұнда балалар бірнеше спорт секциялары бойынша жаттығуларын бастап кетті. Кешендер қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 
Ақсайдағы спорт кешенінің меңгерушісі Бегалиева Алтынның айтуынша, мұнда кикбоксинг, қазақ күресі, дзюдо, еркін күрес, самбо, таэквондо, үстел теннисі, алдағы уақытта жеңіл атлетика, грек-рим күресі, велоспорт түрлері бойынша 400 жас жаттықпақ. Спорт кешенінде Ақжар, Ақсай, Бесікті, Талғайраң елді мекендерінің балалары келіп жаттығуда. Екі баланың анасы Алтынның өзі кикбоксинг жаттықтырушысы, бала күнінен осы спорт түрін ұнатып, ақыры өз жолын тауып, мамандығы бойынша еңбек етуде. «Балалардың спортқа деген құштарлығы күшті, тек ер бала емес, қыздар да көптеп келуде. Болашақта олардан жақсы, атақты спортшылар шығып жатса, мерейміздің өскені», – дейді ол. 

Саясат Рахметов, Ақсай ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Жер ырыздығы – мұнайымыздың арқасында еліміз өркендеп, дамып келеді. Сол мұнайдың иігілігін енді жас өркендеріміздің көруі де түсінген жанға асқан қуаныш. Ауылға қарасу, ауылдың көсегесін көгертуге жұмыстану қай басшының да, қай отандық-шетелдік мекеменің де ойынан кетпеуі тиіс іс деп білемін. Ауыл өссе, еліміз өркендейді. Спорт кешені – бұл үлкен сый, ауылға жасалған зор қамқорлық. «Дені саудың – жаны сау» дейді дана халқымыз. Спортқа құмартқан балаларымыздың қуанғанын көріп, біздің жүрегіміз елжіреді, бірге қуандық. Ғимараттың бой көтеруіне мұрындық болған отандық Компаниямызға ел алғысын жаудырып жатыр. Игілік жалғаса берсін!

Атырау ауылдық округінде де спорт кешені іші толған бала, бірі жүгіріп, бірі секіріп, бәрі қимыл-қарекет жасауда. Ғимараттың екінші қабатындағы бокс және күрес залдарында да балалар жаттығуда. Кешен меңгерушісі Ахмед Шекеновтің айтып өткеніндей, Жайық бойын жайлаған бұрынғы 4 колхоз – Жамбыл, Қызылбалық, Құрманғазы, Амангелді ауылдарының 300-ден аса балалары кешенге келіп, бокс пен еркін күрес, қазақ күресі спорт секциялары бойынша жаттығуда. Олардың ішінде қалалық, облыстық, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері де бар. Кешенде алда спорт секциялары санын арттыру да көзделіп отыр екен. Еркін күрестен аға жаттықтырушы Қанат Жексемалының айтуынша, мұнда 8-ден 18 жасқа дейінгі балалар келіп жаттығады. 7 жаттықтырушы еңбек етеді. Бұрын мектептің спорт залымен ғана шектелген жаттығулар енді барлық жағынан жарақтандырылған кең спорт кешенінде жалғасуда. 

Санжар Құрмет, еркін күрестен облыс чемпионы:
– Мен күреспен 8 жасымнан бері айналысып келемін, көптеген жарыстарға қатысып, жүлделер де алдым. Енді міне, өзімнің туған ауылымда зәулім спорт кешені бой көтерді, қаладан қашықта тұратындықтан, бұл біз үшін ауылға өте қажет нысан. Енді осында жаттығып, спорт додаларына тыңғылықты дайындала аламыз. 

Майра Есқайырова және Құрманай Тілешова: 
– Біз әрі ата-ана, әрі осында қызметкерміз. Кешеннің салынуы бізге екі жақты қуаныш сыйлады. Балаларымыз спортпен айналысса, біз жұмыс таптық. Бүкіл ауыл осы нысанға, балалардың бірнеше спорт түрлерімен айналусыға мүмкіндік алғанына ерекше қуануда. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Компаниясына рахмет, қашан да елдің алғысын ала берсін!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх