Мұнайшылар Миланда оқып, білім алды! «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнайшы жастарға үлкен мүмкіндік жасады

Мұнайшылар Миланда оқып, білім алды! «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнайшы жастарға үлкен мүмкіндік жасады
23.11.2017
534
Қызметкерлер

Мұнайшылар Миланда оқып, білім алды! «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнайшы жастарға үлкен мүмкіндік жасады

Мұнай өндірісінің өзегінде жүрген мұнайшы жастың көкейінде талай арман жатуы мүмкін. Мамандығын шын сүйген жан мүмкіндік болса оны әрдайым жетілдіре түскенді қалайды. Озық техника және технология жетістіктерін меңгерсем деп армандайды. Себебі ол өзінің болашағын еңбек етіп жатқан компания келешегімен байланыстырады. Өндірістің дамуына жаңа леп әкеліп, үлес қоссам деген ой жетегінде жүреді. Осындай жастардың арманы орындала бастады. Жастардың алғашқы легі биылғы жылы Италияда Eni S.p.A. компаниясында жарты жыл бойы оқу-тәжірибелік курстан өтіп, елге оралды. Мұндай мүмкіндікті әрдайым жастарға қолдау көрсетіп, болашағына бағыт-бағдар беріп, бастамаларына көмек көрсетіп келе жатқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жасады. Компания басшылығы қабылдаған шешімді мұнайшы жастар қуанышпен қабылдады. Компания жастарға үлкен үміт артып отыр. Өйткені, келешегіміз – осы жас­тар! Атап айтар жайт, биылға жылы маусым айында EXPO-2017 халықаралық көрмесі аумағында Италия Республикасының павильонында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ және  Eni S.p.A. компаниясымен аффилирленген «Аджип Қарашығанақ Б.В.» компаниясы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар барлау және көмірсутегін өндіру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті. 

Eni S.p.A. – бұл әлемнің 70 елінде бизнес жүргізіп отырған халықаралық ірі компания. Компания акциялары Милан және Нью-Йорк (NYSE) қор биржаларында айналымда. Eni компаниясы қызметінің үш негізгі бағыты: көмірсутегін барлау және өндіру, газ және электроэнергетика, мұнай өңдеу және сату. 
Мұнайшы жастар Eni S.p.A. халықаралық компаниясынан қандай тәжірибе жинап, білім багажымен оралды? Назарларыңызға осы мұнайшы жастардың пікірлерін ұсынамыз. 

 

Берік Берденгаров, 
«Өзенмұнайгаз»АҚ-ның геология және геофизика 
департаменті геофизика бөлімінің аға геофизигі: 

– Алдымен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ басшыларының бізге әлемдік компанияларда тәжірибе алмасуға және білімімізді тереңдетуге мүмкіндік бергеніне алғысымды білдіргім келеді.
Қысқаша, еңбек жолыма тоқталсам, өндірістік тәжірибемді № 4-ші Мұнай газ өндіру басқармасына қарасты № 4-ші Мұнай газ өндіру кәсіпшілігінде 3-ші дәрежелі оператор, техник-геолог, инженер-геолог, жетекші-геолог қызметкері лауазымдарында бастадым. Әрі қарай № 4-ші МГӨБ-тің геология және игеру бөлімінде еңбек еттім. Қазіргі уақытта «Өзенмұнайгаз» АҚ геология және геофизика департаментінің геофизика бөлімінде аға геофизик болып еңбек етемін. 
Италия мемлекетінің Милан қаласына ұзақ мерзімге тәжірибе алмасуға, білімді шыңдауға жолданатын қызметкерлердің тізіміне енгенімді басшылардан естігенімде қатты қуандым. Содан, көп ұзамай 2017 жылдың қаңтар айында Милан қаласына жол жүрдік. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мен Eni S.p.A. компаниялары арасында келісіліп, жасақталған бағдарлама бойынша оқу модульдік түрде мұнай-газ өндіру процестері мен әрекеттерін толық қамтитын орта дәрежелі жетекшілерге арналды. Оқыту түрлері төрт ай теориядан, оның ішінде сыныпта өткізілген лекциялар мен теориялар және объектілерге барып, көру қамтылды. Ұстаздар мен оқу тренерлері мұнай саласындағы техникалық сарапшылардан және Eni компаниясының қызметкерлерінен құралған. Оқу бағдарламасы геология және геофизика, кен орынды игеру, бұрғылау және күрделі жөндеу, мұнай өндіру кезіндегі техникалық қызмет көрсету, экология мен техникалық қауіпсіздік салалары бойынша өткізілді. Әр өткізілген модульдің соңында жазбаша түрде тест тапсырылды және тесттің қорытындысы бойынша инструкторлармен өткен тақырыптар қосымша талқыланды. Геология және геофизика модулінде седиментология, петрография, стратиграфия, геохимия, барлау кезіндегі геофизика зерттеу түрлері және т. б. тақырыптарын қамтыған модульдер өткізілді. Eni компаниясының геология және геофизика мамандарының кәсіби дәрежелері өте жоғары деңгейде және білікті мамандар екеніне көз жеткіздік. Модульдік оқу аяқталғаннан кейін, екі ай шамасында Eni S.p.A. компаниясының Бас кеңселерінде тәжірибеден өттік. Тәжірибе кезінде Eni мамандарының тәсілімен Өзен кен орнының 4, 4а және 5 қатарға жоспарланған бұрғылау скважиналарына жан-жақты талдау жасақталып, қосымша тәжірибе алдық. 
Әсерлі және тәжірибеге мол ұзақ мерзімді іс-сапарым ойымнан шықты. Компания басшыларына тағы да рахметімді айтамын.

 

Сәкен Нұржанов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ Игеру департаментінің аға инженері:

– «Өзенмұнайгаз» АҚ жүйесінде 2011 жылдан бері еңбек етемін. Ал, Игеру департаментінде бір жарым жылдан бері істеймін. «Өзенмұнайгаз» АҚ МГӨБ-4-те қабат қысымын сақтау цехының инженер геологы және геология бөлімінде бұрғылау және КЖЖ инженері болып еңбек еттім. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегімін. Компанияның мұнайшы мамандарды Италияға Eni S.p.A сияқты ірі халықаралық компанияға оқуға жіберу тәжірибесі өте ұнады. Төрт ай теория оқып, екі ай тәжірибе алмасудан өттік. Теория оқыту кезінде «Bolgiano» және «Cortomaggiorre» зертханаларына және Италияның Равенна, Джела қалаларында орналасқан газ кен орындарына барып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Зертханалары өте керемет, үлкен екен. Мысалыға айтсақ, бұрғылау кезінде алынған кернді зерттейтін медицинадағы томография секілді оның әрбір миллиметріне дейін үлкейтіп қарай алатын құрылғылар бар. Бұл алынған керндер кен орынның моделін жасаған кезде, жер астындағы жыныстардың қалай орналасқандығын дәлірек айтуға өте қатты көмектеседі. Техникалық қызмет көрсету кезінде парафиндер, асфальтендер, гидраттар, т.с.с. зиянды заттар мұнай өндіруде кері әсерін тигізетіні анық. Зертханаларда аталған зиянды заттармен күресу әдістерімен қоса, алдын алу мақсатында жасалатын көптеген профилактикалық жұмыстардың әдістерімен таныстық. Зауытқа барғанда да барлық технологиялық процестердің автоматтандырылғанын көрдік. Мысалыға айтатын болсақ, газ ұңғысына барған кезде шетелдік әріптестеріміз «Мына ұңғыға бір апта бұрын келгенбіз» дейді. Бізде мысалы, ол ұңғының басына күнде барып, оның қысымын өлшеп, газын қолмен шығарып жүретін болсақ, оларда қандай да бір ақау шыққанда немесе қызмет көрсету кезінде ғана барады. Ұңғыда болып жатқан барлық процесті, ақпаратты зауыттағы орталықтандырылған компьютерден көріп отырады. Экология және техникалық қауіпсіздік жағынан да барлығы жақсы дамыған. Газ өндіру платформасына барар кезде қатаң ережелермен танысып, нұсқаулықтар жүргізілгеннен кейін ғана баруға мүмкіндік беріледі. 
Тәжірибе алмасу кезінде Petrel, Petroleum Experts, Eclipse секілді компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істедік. Әрине, бұрын көрмеген шетелдік компьютерлік бағдарламалармен ағылшын тілінде жұмыс істеу оңайға түспеді. Алайда, Eni мамандарының біліктілігінің арқасында оқуымызды ойдағыдай аяқтап шықтық деп ойлаймын. Басшылардың бізді осындай алып компанияға оқу-тәжірибе курсына жібергені өте қатты ұнады. Арамызда техникалық қауіпсіздік және экология саласының мамандары да болды. Олар да бізбен бірге геология, кен орындарды игеру және бұрғылау жұмыстары секілді тақырыптарда өткізілген дәрістерді оқыды. Жалпы өз ойым, бір бағыт бойынша оқуға жіберген жақсы деп ойлаймын. Жалпы оқу орны ретінде Италия елі болғаны өте ұнады. Адамдары да, табиғаты да бөлек, көп нәрсеге көзқарасымыз өзгереді. Ел көру, оқу, тәжірибе жинау жақсы дүние. Осындай мүмкіндік жасаған Компания басшыларына алғысым шексіз. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх