Еңбегі елеулі мамандар

Еңбегі елеулі мамандар
23.11.2017
378
Әлеумет

Еңбегі елеулі мамандар

«Ембімұнайгаз» АҚ-да зей­неткерлік жасқа жеткен мамандарды демалысқа құрметпен шығарып салу дәстүрі жыл сайын жалғасып келеді. Жуырда зейнет жасына жеткен үш бірдей қызметкерді әріптестері ұлығылап, құрмет көрсетті. 

Мұрат Нысанбаев – кәсіподақ саласының ардагері, ширек ғасыр бойына мұнайшылар кәсіподағында үзбей еңбек етті. Біліміне сай еңбек жолын автослесарлықтан бастаған ол өз ісінің шебері екенін дәлелдеп, сатылай жоғарылады. Механик, қауіпсіздік инженері, орталық диспетчерлік қызмет басшысы міндеттерін жоғары деңгейде атқарды. 1989 жылы «Эмбанефть» ӨФ технологиялық транспорт басқармасының, ал 1994 жылдан бастап «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы лауазымында 2014 жылға дейін еңбек етті. Соңғы жылдары ЕМГ ӨТҚжЖК басқармасы бастығының орынбасары болып жасады. Мұрат Әжібайұлы еңбек еткен жылдарында кәсіподақ тарапынан мұнайшыларды құқықтық қамтамасыз ету, мүддесін қорғау, бірлігін сақтау, қамқорлау бағытында өзінің сауаттылығын көрсетіп, асқан жауапкершілікпен жұмыс жасады. 25 жыл бойына ұжымның сеніміне ие болу оңай емес. Ол ұжымдық шарттың жұмысшы мүддесіне қарай құрылуына және соның мүлтіксіз орындалуына айтарлықтай еңбек сіңірді.  

 


«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік бөлім басшысы Сәдірғали  Әділов – 1972 жылдан Прорва кенішінде қарапайым жұмысшылықтан бастап, жоғары білім алған соң, бухгалтерия, сауда бөлімдерінде, ал соңғы 10 жылында әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі басшысы болып, мұнайшылардың барлық әлеуметтік мәселелерін шешуде абыройлы еңбек етті. Ол ұжымда беделі биік, мерейі үстем маман, сыйлы әріптес, шебер ұйымдастырушы, жас буынмен өз тәжірибесімен бөлісуден шаршамайтын ұлағатты ұстаз, ардақты аға бола білді. Мұнай саласына 45 жылын арнаған Сәдірғали ағаны жылыойлық әріптестері еңбек демалысына құрметпен шығарып салды.

 


«Жайықмұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарған Ботагөз Құлғалиеваның өмір жолы да өнегеге толы. Ол еңбек жолын жастардың ең белсенді саласы – комсомол жұмысынан бастаған. Алматының атақты нархозын бітірген қаршадай қыздың өз ісін сүйсіне атқарғаны сондай, сол кезде ауыл жастары өмірін мәнге толтырып, өзі бірге қанаттанды. Ұзақ жылдар совет-партия органдарында, тәуелсіздік таңы атқан жылдарда мемлекеттік қызмет істерінде абыройлы еңбек еткен. Қандай істің де тетігін таба білген жан. Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында әр саладағы көптеген әріптестерінің лебізінен Ботагөз апаның адами келбеті молынан ашылып, еліне сіңірген еңбегі айшықтала түсті. Ол зейнеткерлікке дейінгі соңғы жеті жылын «Жайықмұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік бөлімінде абыроймен атқарды. Мұнда да сала жұмысын жандандырып, мұ­най­шылардың әлеу­меттік жағдайының жақсаруына зор үлес қосты. Үш зейнеткердің де еңбек жолдарында алған атақ-дәрежелері, марапаттары көп. Ұжым басшылығы, әріптестері оларды көп жылғы еңбектің зейнетін көру шағымен құттықтап, зор денсаулық, отбасы қуанышын тіледі. 

 

Өткен өмір өнегесі – адамның жастайынан бойына сіңірген білімі мен алған тәлім-тәрбиесі, көрген тәжірибесі мен атқарған тынымсыз еңбегінің нәтижесімен өлшенеді. Әрбір азаматтың ел ағасы атанған шағында отбасында қадірлі, ортасында сыйлы, қызметте құрметті болмаса ер атына сын келері сөзсіз. 
Қазан айының 20-жұлдызында «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі саналы ғұмырын қызметке арнап, адал еңбекті жанына міндет еткен азамат Агилаев Кенжебек Қабылұлын зейнеткерлік демалысына шығарып салды. Шараға серіктестік басшылығы мен ұжым қызметкерлері қатысты. Жиын барысында зейнеткерді «ӨзенМұнайСервис» серіктестігінің бас директоры Н.Д.Союнов құттықтап, ұжым атынан сый-сияпат табыстады. 
Аяулы алпысты еңсерген ардагер қызметкер 1998 жылы бұрынғы «КРУЗ» мекемесіне бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа қабылданған. Содан 19 жыл бойы тапжылмастан еңбек етіп, абыройлы зейнет демалысына шығып отыр. 
– Ерінбей еңбек еткен жан нанын алаңсыз жейді. Қай кезде де адал еңбектің бағасы биік. Бүгінгі күніме жеткенім үшін шүкір айтамын. Сонымен қатар, өз әріптестеріме, «ӨзенМұнайСервис» серіктестігіне ерекше алғысымды білдіремін. Сүйікті ұжымыма толағай табыстар мен үлкен жеңістер тілеймін»-дейді Кенжебек Қабылұлы өз сөзінде.  
Қазіргі таңда бір ұлдың әкесі, үш немеренің ақылшысына айналған қарттың өткен күндерде тұрақты қызмет етіп, ісіне жауапкершілік танытқандығының арқасында қызметкер 2014 жылы «КРУЗ» мекемесі «Кәсіподақ» ұйымының» және «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на 50 жыл толуына орай алғыс хатпен марапатталған. Ал, 2017 жылы «ҚазМұнайгаз» БӨ АҚ-ның алғыс хаты мен  сонымен қатар жақында ғана атап өтілген «Скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл» толған мерейтой аясында шараның мерекелік медалін иемденген.  
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх