Құлсары өндірістік аймағы

Құлсары өндірістік аймағы
11.12.2017
462
Өндіріс

Құлсары өндірістік аймағы

1932 жылғы 28 қарашада Қосшағыл кен орнындағы №6 ұңғымадан 450 метр тереңдіктен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыма тәулігіне 250 тонна мұнай берді. Кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталған. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігі құрылуымен Жылыой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамдары жасалып, еңбек қазандай қайнап жатады, мұнай құрал-жабдықтары Гурьев пен Доссордан тасылады. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылады. Өндіріс біртіндеп дами береді. Қосшағыл мұнайгаз өндіру цехына қарасты Құлсары бөлімшесі 1939 жылы ашылған кен орны. Содан бері 253 ұңғыма қазылған. Бүгінгі күні де әлі мұнай беріп тұр. Мұнда негізінен мұнай өндіру операторлары, қабат қысымын сақтау операторы, слесарь-жөндеушілер жұмыс істейді. Шағын ұжым мұнай алу өнімін жоспарға сай орындап келеді.   
Жылыой ауданы орталығы Құлсары қаласында орналасқан өндіріс құрал-жабдықтарын жөндеу және пайдалану цехы қажетті бүкіл құрал-саймандарды жөндейтін орын. Бірнеше станоктар орнатылған цехтың қуаттылығы мен мұнда жасалатын жұмыс көлемі аса ауқымды. Аталған цехта өндіріске қажетті алып техникалармен қатар, ұсақ-түйек, бірақ онсыз өндіріс алға жүре алмайтын құрал-саймандардың барлығы осында жөнделеді.

Мамандар істен шыққан тетіктерді жөндеп, ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа етіп шығарады. Мәселен, станок-ырғалғыштың редукторы жер астынан шыққан суды, майды айдау не сору үшін қажетті сайман. Ол бұзылса, сорап та, станок та жұмыс істемейді. Міне, осы редуктор цехта жөнделеді. Немесе, өндірістік сораптар, агрегаттар, ырғалғыштың подшипниктері де солай. Өндіріс бір мезетте тоқтамауы үшін шеберханадағы жұмыс та қазандай қайнап, мігірсіз жүріп жатады. 


Шеберханада теміржону станогы, құбыр кесу, сүргілеу-қайрау, қашағыш, гидравликалық-фрезерлік, тігінен және көлденеңнен бұрғылау, темір қысу станоктары, темір кесу арасы, тескіш балға станоктары, 3,2 тоннаға дейінгі салмақта жүк көтеру таль-краны, дәнекерлеу аппараттары да бар. Май қыздыру пештері, май, су айдау сораптары, тербелме редукторлары, МБ-125, ТН сұңғыма тұтқалары осында жөнделеді. Ұжым Қисымбайда су қазанын, Ақінгенде май қыздыру пешін, Тереңөзекте газ құбырын жөндеген, сол секілді басқармаға қарасты барлық кен орындарына барып, қажетті жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп отырады. Жерігілікті халықтың сұранысына орай Жем өзенінен су тартатын су желісін бұрынғы темір құбырлардан пластик құбырға ауыстырып, жөндеп, халық игілігіне пайдалануға беріпті. «КАСК-30» тарихи ластанған жерлердің топырағын өңдейтін қондырғыны жөндеу де осы цехтың міндетінде. Цехта еңбек ететін мамандардың барлығы өз ісінің білгірлері. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх