Алғыс айтамын!

Алғыс айтамын!
11.12.2017
345
Әлеумет

Алғыс айтамын!

Мен «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының дамуына барынша үлес қосып, 45 жыл жүргізуші болып жұмыс жасадым. Өткен 2016 жылы Технологиялық транспорт басқармасынан зейнеткерлікке шықтым. Зейнеткерліктің де өзіндік ләззаты бар екен. 
Бейнет аяқ астында екен. Қатты ауырып қалдым. Құдайға шүкір, азамат балам облыстық ауруханаға апарып орналастырды.
Ауруханада ес-түссіз 4 күн жатып, бесінші күн дегенде есімді жидым. «Ноқталы басқа бір өлім» екенін түсінгенмін, жан шіркін тәтті екен. Бірінші Алланың қалауымен, одан қала берді, аурухананың білікті дәрігер-хирургі Битимов Сағат Аманқосұлының қайратымен өмірге қайта оралдым. Ота сәтті өтті. 
Адам дені сау болып, шапқылап жүрген кезде, бір күндік жарық сәуленің қаншалықты қымбат екендігін сезбейді екен. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты екендігін түсіндім. 
Технологиялық транспорт басқармасы директоры Жамбыл Ноғаев пен кәсіподақ төрағасы Жанболат Қыдырғалиев бастаған бір топ азамат үйге келіп, көңілімді сұрап шықты. Азаматтардың адамгершілігіне көңілім өсіп, кәдімгідей марқайып қалдым. «Жақсы сөзге жан семіреді» – деген емес пе?! Олардың сөздері маған қолдау болып, құлан-таза сауығып кетемін деген үміт отымды үрлеп, сенімімді арттырды. Қазір жағдайым Аллаға шүкір! 
Басыма сынақ түскенде көмек қолын созған дәрігер-хирург Сағат Битимовке, сондай-ақ, жылы сөздерімен жанымды жылытқан әріптестеріме Алланың нұры жаусын деймін.
«Тіршіліктің қызығы адамзатқа жақсылық қылумен көрінеді» – деп жазыпты Міржақып Дулатұлы. Бес күн тіршілікте, бір-бірімізді сөзбен де, іспен де қолдап, мейірімділік танытып жүрейік, бауырлар. Жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын! Отбасыңыз аман, дендеріңіз сау, жұмыстарыңыз табысты болғай!

  Рахман Исмағамбетов,
   «Өзенмұнайгаз» АҚ зейнеткері 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх